Қарағанды облысы аппаратының жиынында тек Ерлан ҚОШАНОВ қана мемлекеттік тілде сөйлейді екен. Қалғандары Ресей Федерациясының мемлекеттік тілінде өз есептерін беріп отырды.

Бүгін Қарағанды облысы әкімі Ерлан ҚОШАНОВТЫҢ актив жиынында көтерілген басты мәселенің бірі – көктемгі су тасқынына дайындық жұмысы. Әдеттегідей орыс тілде құшақтап келген баяндаманы оқыған облыстық ТЖД басшысы Ибрагим КҮЛШІМБАЕВ қарды шығару жұмыстарына тоқтала кетті.

«Су тасқынына қарсы тұру жұмыстары сіздің берген нұсқауларыңызға байланысты жоспарлы түрде өтіп жатыр. Облыс бойынша 838 мың м/куб қар күреліп шығарылды. Қардың негізгі көлемі Қарағанды қаласында. Сондықтан, қар тазарту жұмысын күшейтуді талап етілді», —  деп бастаған басқарма басшысын облыс әкімі кенет тоқтатып, қала әкімі Нұрлан ӘУБӘКІРОВҚА ескерту жасады:

«Кешіріңіз, мен сізді тоқтатайын. Қарағанды қаласы бойынша мен түстен кейін өзім шығамын. Әкім қайда? Жұмыстар қанағаттанарлық емес. Мен арнайы топ жіберіп жедел хабар алдым. Октябрь ауданындағы Байжанова, Пятигорский, Распределительная,  Молдавская, Пионерская және Сортировкадағы Рабочи елді мекенінде қар шығарылмаған. Қазыбек би ауданында да бірнеше нақты белгіленген көшелер бар», — деді Қошанов мырза.  

Ал, «Қанша елді мекенге су астында қалу қауіпі бар?» деген нақты сұраққа облысытық ТЖД басшысы былай деді:

«Ең аса қауіпті елді мекендер Садовое мен Шкалова. Одан әрі қарай  он елді мекендей Нұра ауданына дейін. Басқа да елдімекендердің барлығын біз реттедік. Енді жоспар бойынша 2019-2020 жылдарға дейін…» деп жағымды жағына көшпек болған Ирбаргим Дәукесұлының соңғы сөйлемі Ерлан Қошановтың көңілінен шықпады ма:

«Жоқ биылғы жылды өтіп алайық әуелі. 20-ны, 21-ді кейін қараймыз. Оны білеміз ғой не болып жатқанын», — деді.

Қазіргі ауа райының жылынуынан қалалардың, ауылдар мен кенттердегі қардың еруі қызыл судың қаптауына ықпал етті. Сондықтан, облыс басшысы әкімдерге қатаң бақылауды тапсырды.

«Біз судың келуін сырттан күтіп жатқанда, тазаланбаған қарлар проблема туындатып жүрмесін. Әкімдер, сіздер елдімекендердегі қарларды шығырыңыздар. Біз анада Саловое, Чкаловаға барған кезде қарды шығарып жатыр. Мен келген соң шығарып жатыр ма, әлде оның алдында шығарған ба, мен білмеймін. Бірақ сол күні ғана айттық, менің баратынымды…»  деген басшы сол елді мекендерді тексеретінін ескерткендей сөйледі.

Ал, су тасқыны алатын аса қауіпті жолдар жоқ деп баяндама жасаған ҚазАвтожолдың Қарағандыдағы филиал басшысына Қошанов керісінше санмен өрнектеп, санап берді.

«Мен сізге айтып берейін. Қызылорда-Павлодар жолында 61 су өтетін құбыр бар. Біреуі де тазартылмаған. Алматы-Екатеринбург арасында 62 құбыр бар, соның 49-ы тазаланбаған. Қарағанды-Жезқазған 31 құбыр, оның 19-ы тазартылмаған.  Сіз жаңадан ғана тағайындалдыңыз ғой, айналысңыз».

Бұл жиында Нұра ауданындағы  апатты жағдайда тұрған 7 көпір мәселесі айтылды. Және Шахтерская-Байтуған тас жолы су астында қалуы мүмкін екен. Онымен қоса, Заречный ауылында 4 үйді су басуы ықтимал. Бұл туралы Нұра ауданының әкімі айтып берді.

«Нығман, Ақтөбек, Жанбөбек ауылдары қиын жағдайда қалмақшы. Олар су тасқыны кездерінде көлік қатынасынсыз қалатын болды. Ондағы науқас жандар мен жүкті әйелдерді ауылдан шығарып  жатырмыз. Тұрғындар азық-түліктерін алдын ала сырттан алып  жатыр. Және сол ауылдарға дәрігерлерді іс-сапармен жіберіп жатырмыз», — деді Нұра ауданы әкімі Байкен ЕСЕТ.

Осакаровка ауданы әкімі Нүркен ҚОБЖАНОВ та су басу қаупі бар жерлерді жасырмады.

«Тельманское ауылдық округінде 5 үйді су басу қауіпі бар. Біз тұрғындарды эвакуациялау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз».

Бұл аппараттық жиынның басты мәселесінен кейін, екінші кезекте «Наурыз» мейрамына дайындық жұмысы сөз болды. «Наурыз» мерекесіне деген дайындық та облыс басшысына ұнамады. 

«Қашан біз қалада бұл мерекенің жақындағанын сеземіз? Қала, аудан, барлық жерде сезілуі керек қой наурыздың келе жатқаны. Жаңа жыл болған кезде бір ай бұрын бәрін дүркіретіп едік… Мерекелік шаралар бір күн ғана емес, наурыз күндерінің барлығында өту керек. Және барлық тұрғындарға қол жетімді болуы керек», деген басшы «Наурыз» мейрамында қайырымдылыққа аса көңіл бөлуді тапсырды. Оның ішінде әл-ауқаты төмен жандарға, көп балалы аналарға, толық емес отбасыларына,  балалар үйіне де мейрамды сезіну керек екенін тілге тиек етті.

Облыс басшысының аппарат жиыны тек басқарма мен аудан, қала әкімдерінің есебінен бөлек Приозерск қаласының әкімі Қайрат КАМЗИННІҢ күлкісімен де есте қалды. Әлде Ерлан Қошановтың, әлде басқа бір әріптесінің сөзі қызық көрінді ме екен, әйтеуір, әкімді күлкі қысты.

«Қаражат барлығына жеткілікті. Соны қолдану керек… (осы тұста Хамзиннің күлкісі шығады. — Автор) Не, Қайрат Приозерский, күлкің келіп отыр ма? Қазір көреміз сенімен, күлдіремін…

Алайда, аппарат жиынындағы елдің көзінше Қошанов мырза Камзинді «күлдіре» қойған жоқ. Бәлкім оңашада күлкі қысатын шенеунікті «қытықтап» алар…

Фото автордікі.

 

 

 

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.