Алжир президенті Әбделазиз Бутефлика бесінші рет президент сайлауына түспейтінін мәлімдеді. Ол 18 сәуірге жоспарланған президент сайлауын кейінге шегерді. 82 жастағы Бутефликаның хатын 11 наурызда алжирлік APS ақпарат агенттігі жариялады. 

Бутефлика жыл соңына дейін елде референдум арқылы жаңа конституция қабылданатынын, сайлау одан кейін өтетінін мәлімдеді. 

APS ақпарат агенттігінің хабарлауынша, ел премьер-министрі Ахмед Уяхия бастаған үкімет отставкаға кеткен. Оның орнына осыған дейін ішкі істер министрі болған Нуреддин Бедуи тағайындалды. 

10 ақпанда Алжир президенті Әбделазиз Бутефлика сәуірде өтетін сайлауға қатысатынын жариялаған. Оның жазбаша мәлімдемесін мемлекеттік телеарналардың бірі таратты. Осыдан кейін елде жастар жаппай наразылыққа шығып, Бутефликаның биліктен кетуін талап етіп жатыр. 2 наурызда мыңдаған адамның наразылығын полиция күшпен басуға тырысқан. Полициямен қақтығыста 180-ге жуық адам зардап шеккен.

Оқи отырыңыз: «Режимнің ұзақ ауыспағаны ұқсайды»

Бутефлика бұған дейін төрт рет сайлауға түсіп, жеңіске жеткен. 2013 жылы инсульт алып, содан бері жұрт алдына шықпады. Мәлімдемелерін елдегі телеарнадағы тележүргізушілер немесе маңайындағы көмекшілері оқып жүр. Халықаралық ақпарат агенттіктері Бутефликаның қазір Швейцарияда емделіп жатқанын хабарлаған. Ол 11 наурызда Швейцариядан елге оралған. Әлемдік ақпарат құралдарының жазуынша, алты жыл бұрын инсульт алған Бутефликаның жүріп-тұруы қиын.

1991 жылы Алжирде исламистік топтар мен билік арасында азаматтық соғыс басталды. Бутефлика билікке елдегі азаматтық соғыс кезінде, 1999 жылы, келді. Ол Алжирдегі азаматтық соғысты тоқтатып, елде бейбітшілік орнатты. Қазір наразылыққа шыққандардың арасында «президентке қарсы емеспіз, ол Алжир үшін көп іс тындырды. Бірақ қазір президент болуға денсаулығы келмейді» дейтіндер де бар.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.