Украина президенттігіне үміткер, «Батькивщина» партиясының жетекшісі Юлия Тимошенко елде «қорғаныс саласына қатысты жүріп жатқан жемқорлық дауына» байланысты «президент Петр Порошенко сайлауға қатыспасын» деп талап етті. Бұл туралы Тимошенко 11 наурызда Жоғарғы радада мәлімдеді. 

Тимошенко парламентте уақытша тергеу комиссиясын құруды талап еткенін, бірақ бұл талабы орындалмағанын айтты. Қазір қорғаныс саласына қатысты істі тергеу комиссиясын парламенттегі «Петр Порошенко блогы» басқарады. 

Бұған дейін президент Петр Порошенко қорғаныс саласындағы жемқорлық ісіне қатысты құқық қорғаушы органдар 10 қылмыстық іс қозғағанын мәлімдеген. 11 наурызда ол Жоғарғы рада комиссиясы кінәлілердің аты-жөндерін ашық айтар деп үміттенетінін жеткізген. 

Украинаның қорғаныс саласындағы жемқорлық дауы ақпан айының соңында bihus.info жобасы «Укроборонпром» концерніне қатысты зерттеуін жариялаған соң пайда болған. Журналистердің дерегінше, «іске Петр Порошенконың айналасындағы тұлғалардың да қатысы бар». 

10 наурызда Киев пен Черкасста бұл дауға қатысты наразылық митингілері өткен және демонстранттар полициямен қақтығысып қалған. Шеруден соң 22 тәртіп сақшысының жараланғаны айтылды. Украина ұлтшылдары қорғаныс саласындағы жемқорлық ісіне қатысы барлардың бәрін жауапқа тартуды талап еткен.

Жемқорлық дауы президент сайлауының алдында шығып отыр. Әзірге кейбір әлеуметтік сауалнама бойынша, сайлаушылардың көбі шоумен Владимир Зеленскийді жақтайды. Екінші орында — Юлия Тимошенко, ал қазіргі президент Петр Порошенко үшінші орында тұр.

Украинада президент сайлауы 31 наурызда өтеді. 

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.