АҚШ өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелоси президент Дональд Трампқа импичмент жарияламайтынын айтты. Пелосидің сөзінше, президентке қарсы «жаңа айғақтар» пайда болғанда ғана осылай етуге болады.        

«Импичмент қоғамды жікке бөледі. Азаматтардың бәрі [Трампқа қарсы шығатындай] бұлтартпас деректер шыққанда ғана [импичмент жариялауға] болады. Әзірге бұл қадамға бармағанымыз дұрыс деп санаймын» деді журналистер сауалына жауап берген Пелоси.

Президент импичментіне қатысты мәселені бірнеше демократ көтерген. Олардың пікірінше, Трамптың «Ресеймен байланысы» туралы тергеуге араласуы оны биліктен кетіруге себеп бола алады.       

Трампқа импечмент жариялау мәселесін алғаш болып 2017 жылы демократ Брэд Шерман көтерген.

Былтырғы аралық сайлаудан кейін өкілдер палатасының басым көпшілігіне айналған демократтар импечмент енді жариялай алады. Бірақ, конститутция бойынша, соңғы шешімді қабылдайтын сенат мұны қабылдамауы мүмкін: оның құрамында республикашылдар көп.  

Сауалнамалар қорытындысына қарағанда, америкалықтардың көбі президентке импичмент жариялау идеясы қолдамайды. Демократтар Трампты биліктен кетіру қоғамда президентке аяушылық тудырып, 2020 жылы өтетін президент сайлауында демократтарға зиянын тигізуі мүмкін деп санайды.  

Оқи отырыңыз: Демократ өкілдер жеңісінің Трампқа әсері не?

Былтыр конгрестің екі мүшесі — демократтар Брэд Шерман (Калифорния) мен Эл Грин (Техас) «Трампты биліктен кетіру керек» деп мәлімдеген.

Сонда АҚШ президенті Дональд Трамп: «Осы уақытқа дейінгі сайлаулардың ішіндегі, бәлкім ең маңыздысында жеңіске жеткен, ешқандай жамандық қылмаған (Ресеймен астыртын мәміле жасамаған, Ресеймен ондай мәмілені демократтар жасаған), қызмет мерзімінің екі жылын басқа кез-келген президенттен сәтті өткізген және республикалық партия тарихындағы ең танымал – 93 пайызға ие президентке қалайша импичмент жариялауға болады?» деп жауап берген.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.