Семей — ұлтымыздың ұлы тұлғаларының ізі қалған тарихи қала. АБАЙ, МҰХТАР, ШӘКӘРІМНІҢ есімдері қатар аталатынын айтпағанда, осыдан тура бір ғасыр бұрын Алаш қайраткерлерінің Семейде бас қосып, ел тәуелсіздігінің негізін қалағаны баға жетпес құндылық. Алайда, арадағы бір ғасырдың белесіндегі түрлі тарихи кезеңдер ұлттық құндылықтарымыздан айырғандықтан шығар, тәуелсіздік алғанымызға 27 жылдың жүзі болса да санамыз сірескен советтік империалистік стеротиптен әлі арылған жоқ. Әсіресе, мұның кереғар көріністеріне Семей көшелерін аралағанда куә боласың. Жергілікті әкімдік атқамінерлерінің немқұрайдылығын байқаған сайын, Президенттің «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларын ұғынып оқығанына күмәнің қоюлана түседі.

Қала әкімі Ермак СӘЛІМОВ пен оның идеология жөніндегі орынбасары Надежда ШАРОВА Назарбаевтың екі мақаласын түсініп оқығаны рас болса, тарихи қаланың брендіне айналған Абай, Мұхтар, Шәкәрімнің аты берілген көше, даңғыл атауларын түзетіп, сорақы қателіктерден арылтуға әлдеқашан кірісер еді. Амал жоқ, қала басшылығы қаперге алмаған қателіктерді «Жас алаш» тілшісі бірінен кейін бірін тізіп көрсетуіне тура келді.

Өткен айда алдымен әлеуметтік желіде «Абая көшесі, 115» деп көрсетілген мекенжайды көрсеткенім сол еді, тақтайшадағы жазу бірден алынып тасталды. Бірақ, әкімдіктің осы әрекеттен сабақ алып, қаланың басқа аудандарындағы көше атауларындағы қателерді тексеруге назар аудармағаны қынжылтты. Айталық, Әсет НАЙМАНБАЕВ көшесінің қазақша нұсқасы «А.Найманбаев көшесі» болып жазылатын ба еді?! Қаланың орталық бөлігін тұтастай алып жатқан Шәкәрім даңғылының Уәлиханов көшесімен қиылысатын тұсындағы бағдаршамдағы мына көріністің «Шәкәрим даңг» болып тұрғандығын қалалық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Назерке Аққожинаға бірнеше рет айтып ауыз ауырып, жазып тақырыпты жауыр еткелі қашан?! 

Семейдің көше атаулары қатеден көз ашар емес

Әкімдіктің ономастика саласындағы өткен жылы тындырған жұмысы туралы айтқанда, Ленин көшесін «Мәңгілік ел көшесі» деп өзгерткеннен өзге ештеңе байқалмайды. Рас, Тұрсынғазы РАХИМОВ, Әзілхан НҰРШАЙЫҚОВ сияқты өнер мен әдебиет тұлғаларына да көше атаулары берілетінін естіп, қала тұрғындары қуанып та жүр. Алайда, көше атауын жігерің құм болатын сауатсыз жазулардан арылта алмай жүріп, жаңартуға ұмтылғаны қай сасқаны?! Тіпті, кейбіреулері ескі атаумен әлі тұр. Мәселен, қалалық әкімдіктің қарсы алдындағы «Шығыс» әскери қолбасшылығы орналасқан ғимараттың әлі күнге дейін «Интернационал көшесі, 9» болып тұрғаны қалай?! Ғимарат орналасқан көшеге Қайым Мұхамедхановтың есімі берілгелі екі жылдың жүзі болып еді ғой. Осы тұрғыда қалалық әкімдіктің қарсы алдында орналасқан «Шығыс» өңірлік әскери қолбасшылығының баспасөз хатшысына хабарласқан болатынбыз. Хатшының айтуынша, бұған «Шығыстағылардың» ешқайсы мән бермегенге (оған әскери жаттығулардан босамайтын қызмет себепкер көрінеді-авт) ұқсайды. Дегенмен, штаб басшылығындағылардың бірінен пікір алып беруге уәде бергенімен, бірнеше рет қоңырау шалсақ та қайта тілдесудің еш орайы келген жоқ. Әрине, көшенің ескіше «Интернационал» атауын ауыстыру олардың құзырына кірмейді.

Семейдің көше атаулары қатеден көз ашар емес

Бұл — осы іске жауапты қалалық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің және қалалық ТҮКШ бөлімінің өз міндетіне жүрдім-бардым қарауының салдары. Ал, қалалық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Н. Аққожина бұл көріністен мүлдем бейхабар болып шықты. 

— Расын айтайын, көргем жоқ. Қазіргі күнде қаладағы көшелердің барлық атауларының жазуын «Мәңгілік ел» көшесінің аншлагындай өрнектелген тақтайшаларға сәйкес орнату жөнінде 2018 жылдың соңында Президент әкімшілігінен құжат келіп түсті. Сол бойынша ТҮКШ жұмыс істейтін болады. Ал Мұхамедханов көшесі, 9-дағы ғимарат қабырғасынан «Интернационалдың» қалып кетуі ол – біздің кінәміз, — деп жауап берді бөлім басшысы.

 Қызық болғанда, қалалық әкімдіктің қарсы алдындағы «Интернационалды» байқамаған Н.Аққожина Алаш Қозыбағаров көшесіндегі «Козбагарова көшесі, 20» деген мекенжайдан да бейхабар екен.

Семейдің көше атаулары қатеден көз ашар емес

Енді, Ертіс өзенінің сол жағалауындағы қала бөлігіне барайық. 1926 жылға дейін Алаш қаласы атанған аудандағы даңғылға Мұхтар Әуезовтің есімі берілген. Әуезов даңғылымен жоғары өрлеп, «Офицерлер үйінің» жанындағы мына мекенжайдағы жазудың кеңестік дәуірден осылай тұрғанына сенесіз бе?! «Мұхтар Әуезов проспектісі, 89» үйдің мекенжайын «Мұхтар Әуезов даңғылы, 89» деп ауыстыруға кім, неден сескеніп жүр?! «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген Әуезов нақылы осы даңғылдың басындағы «Топографиялық колледж» аялдамасынан түсе қалғанда жарқырап көрініп тұр. Алайда, «Мәңгілік елдің» өрнегіне көшпейінше, «Әуезов проспектісі» өміршең қалпын сақтап тұра беретін жайы бар.

Семейдің көше атаулары қатеден көз ашар емес

Ермак Сәлімовтің өткізген есеп беру жиынында қала тұрғыны Роллан МАШПИЕВ қала әкіміне қазақ тілінің қолданысы сын көтермейтіндігін, қазақ тілін үйреніп жүрген шенеунік қарасының аздығын айтып мәселе көтерген болатын. Қала әкімі есеп беру жиыны өткеннен кейін кездесуге уәде берген еді. Алайда, Р. Машпиев әкімдіктегі арнайы жиынға кейіннен шақыртылғанымен, кіре алған жоқ. Әкімдік қарауылдары оның ұялы телефонмен кіруіне келісім бермеуі салдарынан қайтып кетуге мәжбүр болды. Есесіне, Машпиевтің келгенінен бейхабар қала басшысының алдында Назерке Аққожина көшедегі жарнама қателерін түзету жұмыстары үнемі жүргізілетіндігін, «бізде тіл қолданысы, оқытылуы жағынан мәселе жоқтығын» айтып ақталды. Жағдай шын мәнінде қалай еді?! Осыған орай Роллан Мұхтарұлының өзімен хабарластық.

— Мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне жағдайды түзеу жөнінде тапсырма берілген екен. Алайда, мемлекеттік тілдің қолданысын бұл бөлімнің өзі сақтай бермейді. Оны қазақ тілін үйренуге ынталанып жүрген адамдарға көмектесіп жүріп, осы бөлімге барғанда көрдім. Әкімдіктің кіре берісіндегі ескертудің өзі орыс тілінде жазылған. Жарнама мәтіндерінің қазақша сапасы сын көтермейді. Бәрінен де Шәкәрім атындағы даңғылдың «Шәкәрим даңг» күйінде әлі тұрғанын ұлт намысына тию деп түсінемін. Ономастика мамандары қайда қарап отыр? Қаламыздағы көше атаулары дұрыс жазылмаса, жарнама мәтіндерінің қазақша нұсқалары түзетілмесе, біздің, қазақтың рухани тұрғыдан өлгені емей, немене?! Әсіресе, Семейдей тарихи мәні зор қалада отырып, осы сорақылыққа жол беріп отырғанымыз ешкім де кешіре алмайтын қателік деп білемін, — дейді Р.Машпиев.

Фотолар автордікі. 

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.