12 наурыз күні Ақтөбе қалалық соты облыстық ішкі істер департаменті (ІІД) басшысының бұрынғы орынбасары Алтай Аңшыбаевты 5 жылға бас бостандығынан айыруды үкім етті. Сот үкіміне сай, Алтай Аңшыбаев полковник шенінен де айрылып, жазасын өтеп шыққан соң ешқашан мемлекеттік қызметке алынбайды.

54 жастағы полиция полковнигін тергеу «ішкі істер бөлімдерінің ғимаратын жөндеуге бюджеттен бөлінген 12 млн теңгені қолды қылды»  деп айыптаған. Осыған дейінгі сот мәжілістерінде де, үкім оқылып біткен соң да Алтай Аңшыбаев өзіне тағылған айыппен келіспейтінін айтты.

Сотталушының қорғаушысы Чапай Аңшыбаев сот мәжілісі кезінде адвокаттар істі тергеу барысында жасалған сараптамаларды жоққа шығарғанын айтады.

— Тергеу материалдарында «Әйтеке би көшесі, 21-ші ғимаратта орналасқан полиция бөлімшесінің гаражындағы 16 терезенің жаңартылмағаны, шатыры да ауыстырылмағаны» айтылады. Адвокатарымыз мұны жоққа шығарды. Яғни, тергеу бар нәрсені жоқ етіп көрсетпек болған. Мен мұндай істердің қалай жасалатынын өте жақсы білемін. Өйткені, мен — мектеп мұғалімі емеспін, ішкі істер саласының ардагерімін. Ініме жала жабылды. Оның креслосы қажет болып, басшылары босатып беруін бірнеше мәрте сұраған. Інім қарсы шыққан. Бар айыбы сол ғана, — дейді Чапай Аңшыбаев.

Алтай Аңшыбаев Ақтөбе облыстық ІІД басшысының орынбасары болып 2015 жылы тағайындалған. Отбасылы, кәмілетке толмаған төрт баланың әкесі.

Батыс Қазақстан облысының тумасы Алтай Аңшыбаев туған жері Орал қаласында емделіп жатқан жерінен 2018 жылғы 16 мамыр күні ұсталған.

Ақтөбе облыстық ІІД мәліметінше, лауазымды қызметкердің мемлекеттік сатып алу заңдылығын бұзғанын алдымен полицияның ішкі қауіпсіздік қызметі анықтаған. Кейін бұл іс сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке тапсырылған.

Бұрынғы әріптестеріне шығарылған үкімді тыңдау үшін бүгін сот залына бір топ полиция қызметкері келді. Ақтөбе облыстық ІІД мұның профилактика үшін жасалғанын айтады.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.