Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан Әубәкіровтің сөзінше, қаладағы орталық мәдениет және демалыс саябағында теннис кортын салуға әлі ресми түрде рұқсат берілмеген. Бұл туралы әкім 12 наурызда журналистер және белсенділермен кездесуінде айтты.      

Әкіммен кездесуге саябақтағы көлік қоятын орынға теннис алаңдары бар спорт нысаны салынуы мүмкін деген тұрғындар алаңдаушылығы себеп болған. Қарағандылықтар орталық саябақ аумағында темір қоршау пайда болған соң әлеуметтік желіде мұны қызу талқылай бастаған. Олар «құрылыс үшін саябақта көп ағаш кесілуі мүмкін» деп қауіптенеді.

Белсенділер әкімдіктің қоғамдық тыңдау өткізбегеніне наразы.

Әубәкіров кездесу кезінде «құрылысқа рұқсат экологияға қатысты жұмыстар атқарылған соң беріледі» деді. Әкімнің айтуынша, наурыздың аяғында қоғамдық тыңдау өткізіледі және «аумақтағы ағаштар кесілмейді, көшіріледі».

— Мұнда өсіп тұрған ағаштарды кеспейміз. Ағаштың бәрін толықтай басқа жаққа көшіруге мүмкіндік беретін заманауи техника бар. Оларды осы саябақтың ішіндегі басқа орындарға қайта егеміз. Ағаш шырыны қозғалмай тұрған кез келген талды, үлкен ағаштарды да басқа жаққа көшіруге болады. Мұнда 180-ге жуық тал бар. Арасында ауру ағаштар да бар, — деді әкім.    

Әубәкіровтің сөзінше, қалада тенниске «сұраныс жоғары» және [салынғалы жатқан] нысанда балалар тенниске «тегін қатысады».

«Құрылысқа әлі рұқсат берілмесе де, көлікжай аумағы неге темірмен қоршалған?» деген сұраққа әкім: «Құрылыс жоспарланған территорияны қоршауға мүмкіндік беретін нормативтік құжат бар» деп жауап берді.    

Кейбір белсенділер алаңдаушылығы кездесуден соң да басылмады. «Ағаштар түптің-түбінде кесілуі мүмкін» деп қауіптенетін олар «кәрі ағаштарды көшіруге болады» деген әкім сөзіне күмәнмен қарайды.

— Мұндай жағдайда болуы тиіс құжаттарды – экологиялық сараптама қорытындысын, экологиялық рұқсатты, ағаштар саны мен оларды кесуге берілген рұқсатты көрген жоқпыз, — дейді әкіммен кездесуде болған «Облыстық ЭкоМузей» қоғамдық бірлестігінің директоры Дмитрий Калмыков.

Тұрғындар уайымынан соң экологтер саябақтар басқармасы мен құрылыс мақұлданса, ағаштарды кесуге рұқсат беретін аудандық әкімдікке сауал жолдаған. Бірақ оған әзірге жауап келмеген.  

Биліктің хабарлауынша, саябақта үш алаңы бар теннис орталығын салу жоспарланған. Мұндай бастаманы Қазақстан теннис федерациясы көтерген. Алдын ала айтылған дерек бойынша, бұл спорт нысанына 2,2 миллиард теңге инвестиция құйылуы мүмкін.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.