Алматы облысы Талғар ауданына қарайтын Туғанбай ауылында болған қайғылы жағдайға мұғалімдер кінәлі. Бұл туралы сол ауылға арнайы барған Жас АЛАШ тілшісіне қайтыс болған баланың анасы Бақыт Сейсенбинова айтып берді.

Алматы облысы: Асылған бала, ашынған ана
Оқиға Алматы облысы Талғар ауданы Туғанбай ауылында болған

Біраз күн бұрын кенже ұлдары Аслан ҒАЗИТОВТЫ жер қойнына тапсырған қаралы отбасы қазір марқұмның анасының денсаулығына көп алаңдайды. Туыстары көп мазалауымызды сұрады. Десе де, «оның намысына тиген адамдардың заң алдында жазасыз қалмауына күш салам. Бұл ұлымның алдындағы соңғы парызым», деп отырған Бақыт СӘРСЕНБИНОВА болған жайтты бастан-аяқ айтып берді.

Алматы облысы: Асылған бала, ашынған ана
Аслан өскенде әнші болуды армандаған.

— Мен сол мектепте еден жуушы болып жұмыс істеймін. Сол күні 7-сыныптың бір оқушысы келіп, «апай, сізді шақырып жатыр», деді. Бардым. Замира АЙДОСОВА мен Алмагүл АҚТАЕВА  деген екі мұғалім менің ұлым мен Әли деген жолдасын тақтаға тұрғызып қойып ұрысып жатыр екен. Және 7-сыныптың екі баласы жылап тұр. Алмагүл апай келді де, менің балам мен жаңағы жолдасын басынан екі-үш рет ұрды. «Не деген оңбағансыңдар, неге ақша сұрайсыңдар?!» деп айғайлады. Балам «сұраған жоқпын, алған жоқпын», деп мойындамай тұрды. …Сөйтіп тұрғанда жаңағы жылап тұрған балалардың бірінің ата-анасы келді де, «участковыйға берем», деді. Сосын, балама ашуландым да «шақырсаңдар шақырыңдар», дедім де, шығып кеттім… Менің бар кінәм – сол жерден баламды алып кетуім керек еді. Мен бұлай болады деп ойлаған жоқпын. Сынып жетекшісі қатал болатын, бәріміз де қорқамыз ол кісіден.

Алматы облысы: Асылған бала, ашынған ана

— «Участковый» келді ме, келген жоқ па?

— Келмеген. Мұғалімдер баламды мен кеткеннен кейін де ұрған. Жаңағы 7-сыныпта қызым оқиды. Қызымның көзінше сақинасымен ұрғанда қасы жырылып кетіпті. Сол кезде қызым жылап жіберіпті. Сол кезде ұлым да «Ақбота, жылама», деп жылап жіберген. Мұғалімдер «сендер жігіт емессіңдер, сым кигенше, юбка кимейсіңдер ме!» деп әбден намысына тиген. Итеріп жіберіп, балам тақтаға шынтағын жырып алған. Менің баламды ұра берген. Балам ұрғанға, ұрысқанға бола өйтетін бала емес, өзіміз де ұрысамыз… Оның намысына тиген ғой. Ата-ана да «сенің шешең осы жердің қақырық-түкіріктерін жуады, сен неменеге өзіңше боласың», дегендей әңгіме айтқан. Ары қарай спорт залға апарған да, менің баламды тізерлетіп кешірім сұратыпты… «Ертең мыналар мені мазақ қылады», деп, намыстан кетіп отыр… Сол жерде әлгі ата-ана да мұғалімге «оныңыз не, апай, тізерлетіп кешірім сұратпаңыз», деп, баламды қолтығынан көтеріп, тұрғызып алыпты.

Алматы облысы: Асылған бала, ашынған ана
Аслан осы үйде тұрған.

— Бұл әңгімені ата-ана айтып берді ме сізге?

— Қасындағы жолдас баласы бар ғой… Мен ол күні оның тізерлеп кешірім сұрағанын білген жоқпын. Кейін, жерлеген соң бір-ақ білдім.

— Арыз жаздыңыздар ма?

— Жаздық. Қазір тергеп жатыр. Бәрінен сұрап жатыр. Енді балалардың біреуі шындығын айтса, біреуі айтпайды. Әркім өзінің артын ойлайды ғой. Талғардағы «РУВД»-ға бардым кеше, «жүргізіп жатырмыз, тергеу жүріп жатыр, ешқандай ақпарат бере алмаймыз» дегеннен басқа ештеңе айтпайды.

Ал, Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметіне хабарласқанымызда департаменттің ресми өкілі Серік УПИЕВ:

Алматы облысы: Асылған бала, ашынған ана

Полицияға қайтыс болған баланың ата-анасынан арыз түсті. Қазіргі уақытта осы дерек бойынша Қазақстан Респбуликасы Қылмыстық кодексінің 105-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Бұл іс Талғар аудандық полициясының өндірісінде. Дегенмен, тергеу ісін Алматы облысы полициясының Тергеу басқармасы өзінің қатаң бақылауына алды, — деді.

Ал, Асланның 7-сыныпта оқитын қарындасы Ақботамен сөйлеспек едік, отбасы «баладан қайта-қайта сұрай беріп, онсыз да ауырып қалды, психикасын бұзып аламыз ғой», деп, бас тартты.

Туғанбай ауылдық №30-мектепке барғанымызда, мектептің жауапты адамдары үдере көшіп, Талғарға кетіпті. Тек директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Ақнұр БЕСТЕРЕКОВА бар екен. «Оқушыларымыз тәртіпті, бұрын әлімжеттік жасау, күш көрсету тіркелмеген» деген директордың орынбасары Асланның белсенді болғанын айтады.

— Асланның оқу үлгерімі орташа деңгейде болатын. Бірақ, қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысатын бала болды. Аудандық, облыстық, республикалық байқауларға қатысып, жүлделі орындар алып жүрген оқушыларымыздың бірі. Өзі әнді өте жақсы айтатын, даусы таза, керемет.

— Алмагүл Ақтаева туралы не айтасыз?

— Ол кісі бұрын мектепте директор болған. 35 жыл бойы жұмыс істеген, өте беделді ұстаз. Ол кісі география пәнінен берген. Қазір ауруханада жатыр. Мен ол күні мектепте болмағандықтан, көрмегендіктен ештеңе айта алмаймын.

— Ал, көрген, болған мұғалімдер бар шығар осында?

— Қазір енді көп мұғалімдерді Талғарға шақыртып алып жатыр, көп мұғалім сол жақта жүр. Директор, психологтар, тәрбие завучы бар, бәрі кетті…

Алматы облысы: Асылған бала, ашынған ана
Аслан оқыған мектеп

Жалпы, бұл мектепте 450 оқушы білім алады. Мектеп алды даярлық тобын қосқанда 512 бала бар. Екі психолог жұмыс істейді. Инспекторы да бар. Бірақ, бұл жауапты адамдардың бірін де табу мүмкін болмады. Бәріне бір жауап: «Талғарда жүр». Оқушылармен, оның ішінде Асланның қасында болған Әли атты 9-сынып оқушысымен сөйлесу үшін Аслан оқыған сыныпқа кіргенімізде, Әлидің анасы (мектепте бастауыш сыныпта сабақ береді) ұлының кәмелеттік жасқа толмағандықтан журналистерге сұхбат бере алмайтынын айтты. Және баласы үшін алаңдайтынын айтып, өзі де қандай да бір түсінік беруден бас тартты.

Мектеп директорының өзіне хабарласқанымызда, Талғарда мектептің басқа шаруалары бойынша жүргенін айтты. Директор Данияр ТАЙЖАНОВ бүгін ғана емес, оқиға болған күні де аудан орталығында, мектептің шаруасымен жүргенін айтады.

Алматы облысы: Асылған бала, ашынған ана

— Алмагүл Ақтаеваға қатысты, мен ол кісіге түк те істей алмаймын. Өйткені, қазір тергеу амалдары жүріп жатыр. Денсаулығына байланысты жұмыста жоқ. Ал, анау спорт залға апарып, тізерлетіп кешірім сұратты деген де әлі анықталмаған нәрсе. Ол туралы да өзім көрмегесін еш нәрсе айта алмаймын, ата-аналар бар, мұғалімдер бар, соларға зияны тиюі мүмкін. Мектепте бұрын мұндай оқиға тіркелмеген, — дейді директор.

Фотолар автордікі.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.