МИНИСТР БЕКЕТАЕВ СТАТИГЕ БІР ТИЫН ДА ҰСТАТПАЙМЫН ДЕЙДІ 

Бүгін Әділет министрі Марат Бекетаев Ұлттық қордың 22 млрд долларын бұғаттатқызып тастаған молдавалық кәсіпкер Анатолий Стати ісіне қатысты жаңа деректер мен жеке пікірін айтты.

Осы уақытқа дейін бұл жөнінде жанама сөйлесем, бүгін алғаш рет турасын айтып тұрмын. Бұл істе алаяқтық бар, ал алаяқтық жасаған адам қылмыскер. Сондықтан, ондай адаммен заң тілінде сөйлесу керек, – деді Марат Бекетаев тілшілерге.  

Тоғыз жыл бұрын басталған «тайталас»

Анатолий және Габриэль Стати атты молдавалық ағайынды бизнесмендер 2010 жылы Қазақстанға қарсы сотқа арыз түсірген. Швецияның арбитражды соты арқылы олар «инвестордың құқығын» бұзғаны үшін Қазақстаннан 4 млрд доллар талап еткен-ді. Содан бері Стати мен қазақ үкіметі арасы дау-дамайға толы.

Швеция сотының «Қазақстан Статиге 500 млн доллар өтемақы беруі тиіс» деген шешімінен кейін қазақ үкіметі орнынан қозғалып, әрекетке көшкен. Сөйтіп, Қазақстанға газды қайта өңдеу зауытын салуға келген Анатолий Статидің Латвия банкі арқылы Қазақстанның 167 млн долларын жымқырып кеткенін кеш түсінген.

Анатолий Стати Қазақстанға келіп жұмысын бастағанда құнды қағаздарын сатуға шығарған. Құнды қағаздардан түскен ақшасын газды қайта өңдеу зауытының құрылысына саламын деген. Құнды қағаздардың сатылымын жасау үшін неміс және ағылшын компанияларын жалдаған. Ағылшын компаниясының атын есте сақтаңыздар – Perkwood. Біз осы компания туралы ресми сұрау салғанда, анықтағанымыз – бұл компания Статидің компаниясынан миллиондаған доллар пайда көріп отырса да Англияда «нөл» деген көрсеткіштермен есеп берген және бірнеше жыл ғана жұмыс істеген. Содан Латвияға сұрау салдық. Осы компанияның атына латвиялық банк газды қайта өңдеу зауытының құрылысына деп ақша аударған. Ал, шын мәнінде зауыт жоқ, мүлде салынған да емес, – дейді Әділет министріміз Марат Бекетаев.

Он жылға жуық уақыт жалғасып келе жатқан істе Қазақстан бұл дәлелдерді халықаралық соттарға кешігіп ұсынған. Сондықтан, 2013 жылы Стокгольмде өткен сот кешігіп түскен дәлелдерді ескермей, Қазақстан Статиге 500 млн доллар төлеуі тиіс деген шешім шығарады.

Бірақ, Қазақстан Стокгольм сотының шешіміне наразылық танытып, Статиге қарсы арыз жазады. Швеция астанасының арбитражды соты шығарған шешім күшіне ену үшін ол нақты қандай да бір елдің аумағында орындалуы тиіс болады. Сол сәтте Стати Ұлыбританияның сотына арыз жазып, Қазақстанның ұлттық қорынан қажетті қаражаты бұғаттауды сұрайды. Лондон соты оның арызын қанағаттандырмайды.

Келесі кезекте Стати АҚШ сотына барып, осы арызын қайта жазған. Бірақ, Қазақстан АҚШ сотына Статидің өзіне қарсы арыз жазып, оның алаяқтығы туралы дәлілдерді ұсынады.

2017 жылы Қазақстанның Англия сотына жазған арызы бойынша ағылшын соты Стати әуел бастағы Стокгольм арбитражды сотының шешімін алаяқтық жолмен жеңіп алған деген шешім шықты. Осыдан кейін ғана сот тергеуі қайта басталып, Қазақстан ұсынған 75 мыңнан аса материал қарала бастайды. Стати бұл тергеуден бас тартып, басқа елдердің соттарына шағым түсірген. Қазақстанның Ұлттық қорына, дәлірек айтсақ, ұлттық қордағы 22 млрд долларға бұғат қойған сондай соттардың бірі – Амстердамның округтік соты.  Бұғаттау туралы ең алғашқы шешім 2017 жылдың 8 қыркүйегінде жария етілді. 

Ұлттық қордан қауіп сейілді ме?

Осы шешімнен кейін Қазақстан Ұлттық банкі қайта арыз түсіріп, Амстердам соты төрт айдан кейін бұғатауды босатады.  2018 жылдың 23 қаңтарында шыққан Амстердам сотының шешіміне сай, Bank of New York Mellon Нью-Йорк банкінде бұғатта тұрған 22 млрд доллардың 21,5 млрд долларынан бұғат шешілді.

Бүгін парламент мәжілісі отырысынан соң журналистердің сұрағына дәлізде  жауап берген Әділет министрі Марат Бекетаев Ұлттық қордың басындағы қара бұлт сейілгеніне сендіріп бақты.

21,5 млрд доллар қазір Ұлттық қордың өзінікі, оған ешқанай қауіп төніп тұрған жоқ. Ақша басқа банкке ауыстырылды. Бірақ, қай елдің банкі екенін Ұлттық банк біледі. Қалған 500 млн доллар әлі Нью-Йорк банкінде бұғатталып тұр. Ол да аз ақша емес, – дейді Марат Бекетаев.

Ал, жуырда, наурыздың басында Италия соты Қазақстан Үкіметін Статиге 500 млн доллардан астам өтемақы төлеу туралы шешім шығарған-ды. Бұғатталып тұрған 500 млн доллар осыған кетуі мүмкін бе деген сұраққа Бекетаев былай деп жауап берді:

Қазір бұғатты шешу туралы іс Лондонда қаралып жатыр. Біздің ойымызша, 1-1,5 жыл уақыт алады. Статиге ол ақшаны оңайлықпен бере салуға болмайды және дау-дамайдан қашып, төлей салу дұрыс емес. Өйткені, бұл біздің ақша емес, бұл – болашақ балаларымыздың ақшасы. Сондықтан, қолдан келгеннің бәрін жасап, бұғаттан шығарып алу керек», – дейді Марат Бекетаев.

Қазақстан Статимен немесе Стати Қазақстанмен неге жағаласып жүр?

Марат Бекетаевтың айтуынша, Қазақстан бұл істе принципті түрде неше жыл болса да күресуге дайын. «Себебі, «Қазақстанға келіп, ұлттық қорынан ақша ала беруге болады екен» деген  ой қалдырмау үшін. Бұл процеске әлемнің әртүрлі елдері, соның ішінде өздерінің біз сияқты қоры бар елдер көз тігіп, бақылап отыр. Сондықтан, «төлей салайық та, қоя салайық» деген болмайды»,- дейді Бекетаев.

–Әзірге (2019 жылдың 1 науырызында жарияланған шешім — авт)Италия сотынан ғана қолдау көрген Стати сол елден өз пайдасы үшін ақша өндіріп ала алмайды,– деп түсіндірді Бекетаев. «Өйткені, Италияда Қазақстанның активтері жоқ, тек елшілік ғимараты ғана бар. Сондықтан, Италия сотының шешіміне қарсы да күресеміз», – дейді ол.

Кенже Жомарт 

Астана

Фото: tv8.md

 

 

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.