АҚШ мемлекеттік департаменті 13 наурызда жариялаған 2018 жылғы әлемдегі адам құқығы жағдайы туралы есебінде Қытай билігін адам құқығын өрескел бұзып отыр деп сынады.

«Қытайда авторитарлы билік. Елді Коммунистік партия басқарады. Компартия мүшелері үкіметте және қауіпсіздік органдарын басқарып отыр. 2018 жылы Қытай билігі Шыңжаң өлкесінде мұсылмандарға, соның ішінде – ұйғырлар мен қазақтарға қысымды күшейтіп, оларды лагерьлерге қамады. Халықаралық басылымдар, құқық қорғау ұйымдары лагерьлердегі қысым туралы айтса да, Қытай билігі лагерьлер терроризммен күрес амалы деп сендіруге тырысты. 2018 жылы Шыңжаңдағы адам құқығы жайы қатты нашарлады» деп жазылған есепте.

АҚШ мемлекеттік департаментінің есебінде Қытай билігі тарапынан адамдарды заңсыз ұстау, заңсыз өлтіру оқиғалары болғанын, журналистерге, блогерлерге, адвокаттарға, жазушыларға, диссиденттерге қысым жасалғаны жазылған.

«Қытайда сайттар бұғатталады. Бейбіт митинг өткізуге кедергі көп. Жұмысшылардың еңбек құқығы бұзылады. Билік тарапынан шетелдік үкіметтік емес ұйымдарға қысым жасалады. Елде бала тууды шектеу саясаты, күштеп түсік жасату амалдары, адам саудасы бар» деп мәлімдеді мемлекеттік департамент өз есебінде.

АҚШ мемлекеттік департаменті адам құқығы туралы есебін 1977 жылдан бері жариялап келеді. 1998 жылдан бастап Қытай билігі департамент есебіне жауап ретінде АҚШ-тағы адам құқығы жайлы есеп жариялап жүр. 

Шыңжаң аймағындағы лагерьлер жайлы алғаш рет 2017 жылдың көктемінде айтыла бастаған. БҰҰ Шыңжаңдағы «саяси тәрбиелеу орталықтарында» миллионға жуық адам «еркінен тыс» қамауда отырғанын мәлімдеген.

Қытай үкіметі басында бұл орталықтардың барын жоққа шығарып келді. Кейін Пекин қысымды «экстремизмге қарсы шара» деп мәлімдеді және «қамалғандар тіл үйреніп, кәсіп меңгеріп шығатынын» айтты. Ал құқық қорғаушылар және лагерьде болған азаматтар бұл орталықтардың білім беру мекемесінен гөрі түрмеге ұқсайтынын, онда азап пен қысым барын айтқан.

Қытайда туыстары қамалған азаматтар Алматыда бірнеше рет жиын өткізіп, Қытайдағы жақындарының жаппай қамалып жатқанын айтқан. Олар Қазақстан билігінен, халықаралық ұйымдардан көмек сұраған.

2018 жылы желтоқсан айының соңында Пекин бірнеше елдің елшілерін Шыңжаңға апарып, “саяси тәрбиелеу орталықтарын” көрсеткен. Лагерьге барғандардың арасында Қазақстан елшілігінің қызметкері де болған. Ол Шыңжаңдағы саяси тәрбиелеу орталығында «жағдайдың жақсы» екенін айтқан.

Ақпанның 10-ы күні Түркия Қытайдан Шыңжаңдағы лагерьлерді жабуды талап етіп, онда «миллиондаған адам қысым көріп жатыр» деген. Қытай Түркияның бұл мәлімдемесін «жалған айыптау» деп атады.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.