Сот шешімімен 11 наурыздан бері үйқамақта отырған «Атажұрт еріктілері» ұйымының жетекшісі Серікжан Біләштің (Бияш) адвокаты Айман Омарова Біләшқа «қысым жасалды» деп мәлімдеді. Омарова бұл туралы өзінің Facebook парақшасында жазды. 

Адвокаттың сөзінше, «Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен полиция қызметкерлері Серікжан Біләшті қорқытып, Омаровадан бас тартуға мәжбүрлеген». 

«Бұған қоса олар Біләшті еркінен тыс бірнеше видеоға түсірген. Бір видеода оны «бұдан былай Қытай лагерьлеріндегі қазақтар мәселесімен айналыспаймын» деп айтуға мәжбүрлеген» деп жазады адвокат.   

Омарова мұны «өзінің адвокаттық қызметіне кедергі келтіру» деп бағалайды. 

13 наурызда түнде желіде белсенді Серікжан Біләштің аудиосы тарады.

Әлгі аудиода белсенді өзін 10 наурызда Алматыда ұстаған, «өздерін таныстырмаған, құжаттарын көрсетпеген екі адамның» Біләш үйқамақта отырған «Астанадағы пәтерге келіп, арбап, мәжбүрлегенін» айтады.

Аудиода Біләш «Екі-үш видео түсірді. Біріншісінде Әблязовке қарсы сөйле деді… Екінші видеода «Айман Омаровадан бас тарт, мемлекет тағайындаған адвокатты аламын» деп айт» деді. Мен мәжбүрлі түрде «Айман Омаровадан бас тартамын» дедім. Мен сол екі видеоға да түсуге мәжбүр болдым» дейді.

Белсенді «мұнан соң әлгі адамдар сотты қысқартуды [сұраймын], қылмысымды мойындаймын, процессуалдық келісімге келемін» деп өтініш жаздырған».  

— Олар мені «[айтқанды] істесeң сотқа жеткізбейміз, іс сотқа жетсе 10 жылға сотталып кетесің» деп сендірді. «Осыны істесең 31 наурызға дейін босатамыз, тек бұдан кейін Қытайдағы қазақ мәселесіне араласпа» деді. Мәжбүрлі түрде осы қағаздарға қол қойдым. Қол қойғызған қағаздарының кейбірін бос қалдырды. Оны не мақсатта пайдаланатынын білмеймін, — дейді белсенді. 

12 наурызда Астана прокуратурасы Біләштің «азаматтарды «жиһадқа» — этникалық қытайларға қарсы соғысқа шақырғаны» себепті ұсталғанын хабарлаған. Біләш әлгі аудиода бұл айыпты мойындамайтынын айтады. 

— Қылмысты мойындамаймын, «жиһадқа» шақырған жоқпын, тек түрмеде отырған қазақтар туралы «ақпараттық жиһад» деп айттым. Ұлтаралық араздық тудыруға ниетім болған емес. «Жиһад» — күрес деген сөз, — дейді белсенді. 

10 наурызда полиция тіркелмеген «Атажұрт еріктілері» ұйымының жетекшісі Серікжан Біләшті (құжат бойынша Бияш) Алматыдағы қонақ үйлердің бірінде ұстап, Астанаға алып кеткен. Ол «ұлтаралық араздықты қоздырды» деген күдікке ілінген. 11 наурызда Астана тергеу соты белсендіні уақытша ұстау орнынан босатып, екі ай үйқамаққа алған. 

Ақпан айының басында Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық соты Серікжан Біләшті «тіркелмеген бірлестік жұмысына жетекшілік етті» деп айыптап, 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (252 мың теңге, шамамен 670 доллар) айыппұл салған.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.