Тәжікстан мен Қырғызстан шекарасының маңында қырғыздар мен тәжіктер арасында болған қақтығыстан екі адам қаза тауып, бірнеше адам жарақаттанған. Бұл туралы Азаттықтың Қырғыз және Тәжік қызметі хабарлады.

Тәжікстан ішкі істер министрлігі Азаттықтың Тәжік қызметіне 14 наурызда Ворух анклавының 37 жастағы тұрғыны оқ тиіп, мерт болғанын, тағы екі тәжік азаматы ауруханаға түскенін мәлімдеген.

13 наурызда тәжік шекарашылары Ворух анклавының 43 жастағы тұрғыны қаза тапқанын, 11 адам жарақаттанғанын хабарлаған. Ал Қырғызстан денсаулық сақтау министрлігі 13 наурызда Ақ-сай ауылының бір тұрғыны ауруханаға түскенін айтқан.

Қырғызстан шекара қызметінің хабарлауынша, 13 наурызда түстен кейін Қырғызстанның Баткен облысы Ақ-сай ауылының тұрғындары мен Вотух тәжік анклавына қарасты Мехнатабад ауылының тұрғындары шекара маңында қақтығысып қалған. Ворух тәжік анклавы тұрғындары Ақ-Сай — Тамдык жолының салынуына қарсылық танытқан. 

14 наурызда Қырғызстан президенті Сооронбой Жээнбеков пен Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон телефон арқылы сөйлесіп, қақтығыстың шығу себебін анықтау үшін арнайы комиссия құруға келіскен.

Өткен аптада Қырғызстан Ворух анклавының маңынан өтетін Ақ-Сай — Тамдык жолының құрылысы қайта бастаған. Тәжікстан бұл жол шекараның даулы тұсынан өтеді деп, құрылысына қарсы болып келген. Душанбе бұл жолдың нақты өтетін тұсын анықтау үшін Бішкекті келіссөз жүргізуге шақырған. 

Шекара маңындағы қақтығыстан кейін Қырғызстан тарабы жол құрылысын қайта тоқтатты. 

 

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.