Павлодарда әйелімен ажырасып, алимент төлеуден қашып жүрген әкелерге іздеу жарияланды. Бұл туралы өңірдегі Жас АЛАШ тілшісі хабарлайды.

Жергілікті полицейлер арнайы рейд жұмыстарын қолға алып, қазір белсенді түрле алимент төлеуден қашқан ер азаматтардың соңына түсті. Полицияға бұндай тапсырманы осыдан бір ай бұрын облыс әкімі – Болат БАҚАУОВ полиция департаментінің басшысына берген болатын. Генерал Амантай ӘУБӘКІРОВ туған баласынан безіп, алиментті төлеймей жүргендердің соңына жол полициясын салып қойған.  

-Сот орындаушыларымен бірлесе отырып алимент төлемей жүрген азаматтардың тізімі бойынша көлігі бар тұрғындар анықталды. Бүгінде осындай 40-қа жуық борышкерге іздеу жарияланған. Іздеу салынған бұл көліктер үшін арнайы учаскелік инспекторлар, патруль қызметі бекітілген, — дейді Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, бірнеше күн ішінде алимент төлеуден қашып жүрген үш көлік иесі анықталып, олардың автокөліктері арнайы тұраққа қойылған. Енді олар жеке мүлкін баласының алдындағы қарызын өтеген кезде ғана алып кетеді. Ал статистика департаменті мамандарының айтуынша, өңірде көбінде 30 жастан асқан азаматтар ажырасып жатады екен. Мәселен, былтырғы жылы аймақта 5369 жұп неке қиса, 3161 жұп ажырасуға арыз жазған. Осы ретте мамандар айырылысуға ниет білдерген ер-азаматтардың 30-34 жаста, ал қыз-келіншектердің 25-29 жаста екендігін анықтапты. Осылайша Павлодар облысы ажырасу саны бойынша еліміздің өзге өңірлерімен салыстырғанда екінші жыл қатарынан көш бастап тұр.

Фото: zhasalash.kz

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.