Назарбаевтанушы ғалым, ғылым кандидаты, Шымкент университетінің профессоры Нұрали ӨТКЕЛБАЕВ президенттің «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына орай «Жас алаштың» өңірдегі тілшісіне пікір білдірді. Оның айтуынша және оның редакцияға тапсырған мақаласына қарағанда,  қазақтың географиясында, тарихында «Ұлы дала» деген атау кездеспейді. 

— Кешегі тың және тыңайған жерлерді қуатты трактормен жыртқанда да «Ұлы даланы» жыртып жатырмыз» деген сөз болған жоқ.  Қазақстанның Орталық және Солтүстік пен Шығыс жазық далалы аймақтары неше ғасырдан бері «Сарыарқа» деп аталып келген. Терең тарихқа бойлап сөйлегенде де оның бай мазмұны осы «Сарыарқа» атауына сиып кетпей ме? 

Сарыарқа сайран жерім-ай,

Салқында самал белім-ай,

Сандықтай тауың жиылған,

Өлкелі өзен, өлкелі өзен, көлім-ай! 

Бұл «Алаш» партиясы мен «Алашорданың» әнұраны-гимнінің қайырмасы. Олар да «Ұлы дала» деп зарламаған. Бір автор «Ұлы даланың жеті қыры» дегеннің орнына «Қазақстан өркениетінің жеті қыры» деп атау керек деп жазды. Осы сөздің көңілге қонымдылығы байқалады», — деді Нұрали Өткелбаев.

Профессордың ойынша, президент мақаласы дегенмен қазақтың тарихына, адамзат өркениетіне қосқан үлесіне қатысты пікірлерді түбегейлі өзгерткен.

Өз тарапымыздан айтарымыз, «Ұлы дала» атауы белгілі шығыстанушы тарихшылардың еңбектерінде кездеседі. Мәселен Лев Гумилевтің шығармаларында (автордың «Ежелгі Русь және Ұлы дала» деген кітабы да бар). Онда «Ұлы дала» мен « Еуразия даласы» бір ұғым ретінде қарастырылған. «Ұлы дала» Еуразияның Қара теңізден Сары теңізге дейінгі аралықтағы ұлан-ғайыр далалық белдеуін білдірген. Қазақ даласы осы «Ұлы даланың» құрамына кірген.

Айта кетері, Нұрали Өткелбаев 2016 жылы Назарбаевтануды пән ретінде мектептерге енгізуді ұсынып, оның бұл ұсынысы қоғамда қызу талқыланған еді. Ол сонымен бірге “Қазақстан Республикасының президентi Н.Ә.Назарбаевтың мақал-мәтелдерi мен қанатты сөздерi” тақырыбында ізденіп жүрген ғалым. Оның “Назарбаевтану” пәнiн енгiзудi ұсын­ған мақаласы мемлекеттік басылымдарға дәл президенттің туған күнінде жарық көрген болатын.  

Фотоны автор ұсынды.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.