Кейде билет таппай қалып, әнші Өнербаевтың концертіне кіре алмай қалатын ел енді әншінің туған інісі әкім Өнербаевқа да кіре алмай жүр.

Әрине, тұрғындар текелінің әкімі Бақтияр ӨНЕРБАЕВТЫҢ есігін ән тыңдау үшін емес, аяқ асты туындаған мәселемізді шешіп бере ме деп торуылдайды.

Текелі тұрғындары Өнербаевқа кіре алмай жүр

Алматы облысындағы Текелі қаласының ешқандай бизнеспен айналыспайтын саяжай тұрғындары күтпеген жерден «кәсіпкерлер» қатарына қосылуы мүмкін. Өйткені, саяжай тұрғындары бұдан былай жеке тұлға емес, заңды тұлға ретінде салық төлемек.

Өңірдегі Жас Алаш тілшісіне шағымын жеткізген кооператив мүшелері «әкімдік пен салық басқармасындағылар заңды тұлға ретінде тіркеліп, салық төлеуді міндеттеп отыр», дейді. Сондай-ақ, сәуір айына дейін онлайн кассалық аппарат орнатуды бұйырған. Саяжайды 6 ай ғана пайдаланатын тұрғындар жеке тұтынушыларға мұндай қысым көрсетілмеуі тиіс деп санайды.

Қысқасын айтқанда, бұл қарапайым халықты тонау. Біз өндіруші емес, тұтынушылар кооперативіміз. Оның үстіне мұнда зейнеткерлер көп. Кез келген салықты зейнеткерлер кешіктірмей төлейтінін жоғарыдағылар жақсы біледі. Сондықтан қаражаты көп зейнеткерлерді тонағысы келеді. Мұны естігенде Текелі әкімі Бақтияр Өнербаевқа бардық.  Алайда, міне 2 апта болды қабылдауына еш кіре алмадық. Біз де, біздің проблема да ешкімге керек емес сияқты” — дейді, “Геолог” саяжай кооперативінің төрайымы Лидия ФАЛИНА.

Текелі тұрғындары Өнербаевқа кіре алмай жүр

Текелі қаласындағы саяжай кооперативіне 1 ай бұрын салық басқармасынан кассалық аппарат орнатыңдар деген ескерту келген. Тұрғындар сөзінше басқармадағылар талап орындалмаса 60 мың теңге айппұл төлеуді міндеттеген. Саяжайдағылар мұнымен келісетін болсақ кәсіпкерге айналып, қосымша табыс салығын төлеуге міндетті боламыз деп алаңдап отыр.

«Налоговыйдағылардың бұлай істеп отырғандары дұрыс емес. Кассовый аппарат бізге керек емес. Біз өзіміздің аз ғана пенсиямызға енді кассовый аппарат аламыз ба сонда?» — дейді, саяжай тұрғыны Лиза ҚОҺАНОВА.

Кооператив мүшелігінде 500 ден астам адам бар екен. Көбісі зейнеткер болған соң, жер салығынан босатылған. Саяжайды «бау-бақша егу үшін ғана 6 ай уақыт пайдаланамыз», дейді. Кезінде жеке тұтынушы ретінде су мен жарыққа ақша төлеп келгендер биылдан бастап заңды тұлға боп тіркелгендерін айтады. Наразы топ «Салық туралы» заңнамадағы өзгерістермен танысу үшін басқармаға барғанда “кассалық аппаратты орнатуды міндеттейтін заңды көрсетуге құқығымыз жоқ” деген  жауап алған екен.

Текелі тұрғындары Өнербаевқа кіре алмай жүр

Саяжайда жөні түзу жол жоқ. Тұрғындардың басым бөлігі электр жарығынсыз отыр. Егіндерін суару үшін тіршілік нәрін көрші Ескелді ауданынан сатып алады екен. Зейнеткерлер саяжайға ешқандай жағдай жасамай жатып осындай салық салғысы келген әкімдіктегілердің әрекетін түсіне алмадық деп отыр.

«Дачаны балалар үшін ұстаймын, балаларыма тамақ үшін ғана. Жеу үшін жеміс-жидек қана егеміз. Не үшін мен балаларымнан жырып, салық төлеуім керек?» — дейді көпбалалы ана Анар МЫРЗАХМЕТОВА.

Саяжайға мүшелікке енгені үшін тұрғындар маусымына 500 теңге көлемінде салық төлейді. Ал егін суару үшін пайдаланып жатқан суға 3 мың теңге береді екен. Төлемдердің түбіртегін тиісті органдарға кооператив басшылары жеткізеді. Салықтағы өзгерістер туралы саяжай тұрғындарына түсіндіру жұмысын жүргізген жауаптылар бұл қолма-қол төлемнен құтылу үшін жасалып жатқанын жеткізді. Бірақ, Мемлекеттік кірістер басқармасының өкілі аталған өзгерістердің салыққа еш қатысы жоқ деп отыр.

Текелі тұрғындары Өнербаевқа кіре алмай жүр

Біреу, мысалы, тиісті төлемдерді жүзеге асырғанын жасырады.  Яғни, өтірік қағазбен бере салады. Төлеген, төлемегенін ол ертең дәлелдей алмайды ғой. Сол үшін аппарат орнату керек. Бірақ, оларға салық төлеу міндеттелмейді”, — дейді Текелі қалалық Мемлекеттік Кірістер басқармасы басшысының орынбасары Мәулен ТҰРАБАЕВ.

Егер саяжайдағылар кассалық бақылау аппаратын орнатудан бас тартса екінші деңгейдегі банктердің бірінен есепшот ашып, төлемдерді жүзеге асыруға болады екен. Дегенмен, олар бұған күмәнмен қарайды. Егер басқарма өкілдерінің айтқаны расталмай, қосымша табыс салығын төлеу міндеттелсе, тұрғындар саяжай кооперативін таратуға бекініп отыр.

Фотоларды автор ұсынды.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.