Президент сайлауына кімдер түседі?

Конституция бойынша, Қазақстан президентінің сайлауы желтоқсан айының алғашқы жексенбісінде өтуі тиіс. Бірақ соңғы президенттік сайлау кезектен тыс, 2015 жылдың сәуірінде өткендіктен, Н.Назарбаевтың орнын басқан Қасым-Жомарт Тоқаевтың өкілеттігі 2020 жылдың сәуірінде аяқталады. Сонда келесі президент сайлауы қашан өтеді? Президенттікке кімдер үміткер болмақ?

    Қызығы, президент сайлауы қашан өтетінін оған үміткер ұсына алатын саяси партиялар да, осы саланың жілігін шағып, майын ішкен сарапшылар да «Жас Алашқа» дөп басып айта алмады. Расында да, Қазақстанда соңғы президенттік сайлау мерзімінен бұрын, 2015 жылдың 26 сәуірінде өткендіктен, Н.Назарбаевтан президенттік қызметті қабылдап алған Қ.Тоқаевтың өкілеттігі 2020 жылдың сәуірінде аяқталады. Дегенмен Конституцияның 41-бабы 3-тармағында кезекті президент сайлауы желтоқсан айының алғашқы жексенбісінде өтуі тиіс екені тайға таңба басқандай жазылған.

 

Cәуір болмай, президенттік сайлау да басталмас

Құқық қорғаушы Евгений Жовтис 2011 жылы өзгертулер енгізілген «Сайлау туралы» заңда «кезектен тыс президент сайлауынан кейінгі кезекті президент сайлауы бес жылдан кейін өтеді» деген бапқа назар аударады. Демек, «Сайлау туралы» заңға сүйенсек, кезекті президент сайлауы 2020 жылдың сәуірінде өтуі тиіс. Десек те, Е.Жовтистің ойынша, президент сайлауын келесі жылдың сәуірінде өткізу Конституцияға қайшы болмақ. «Бұл қарама-қайшылықты былай қойғанда, «Сайлау туралы» заңның 53-бабы 1-тармағында кезекті президент сайлауын мәжіліс қыркүйек айының екінші жексенбісінен кешіктірмей хабарлауға міндетті делінген. Демек, желтоқсанда өтуі тиіс сайлау қыркүйектің басында хабарланады. Сайлау 2020 жылдың желтоқсанында өтеді деп топшыласақ, келесі жылдың сәуірінде өкілеттігі бітетін Тоқаевтың президенттік қызметті 2020 жылдың желтоқсан айына дейін атқаруы заңсыз болып шықпақ. Ал сайлау Тоқаевтың өкілеттігі бітпей тұрып, биылғы жылдың желтоқсанында өтсе, онда бұл кезекті емес, кезектен тыс президенттік сайлау болмақ», – дейді Е.Жовтис. Е.Жовтис билік бұл екіұшты мәселені қалай шешетіні белгісіз дейді. «Қисынға салсақ, сайлау 2020 жылдың сәуірінде өтетін шығар. Бірақ сайлауды Конституцияға сәйкестендіру үшін биылғы желтоқсанда кезектен тыс өткізуі мүмкін», – дейді ол.

Саяси партиялар не дейді?

      Былтырғы «Сайлау туралы» заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, келесі президент сайлауына тек саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер ғана үміткер ұсына алады. Бұл – алдыңғы сайлаулардағыдай президенттікке түсемін деп өзін-өзі жапатармағай ұсынғандар енді сайлау комиссиясының есігінен де сығалай алмайды деген сөз. Біз үміткерін сайлауға үкілеп қосуға құқылы саяси партия жетекшілеріне хабарласып, «Келесі президент сайлауы қашан өтеді? Партияңыз оған үміткер қатыстыра ма?» деген екі сұрақ қойып көрдік.

«Ауыл» партиясы

      Біз хабарласқан партия жетекшілері  сайлауға күнібұрын қамдану түгіл, үміткер шығару мәселесін партия ішінде талқылап, шешпеген болып шықты.

Cәуір болмай, президенттік сайлау да басталмас

«Ауыл» партиясының төрағасы, сенат депутаты Әли Бектаев бізге берген сұхбатында «президент сайлауы өзінің заңды уақытында өтеді» деді. «Мұның заңды негіздері бар. Сондықтан оған асығудың да болмаса кейінге қалдырудың да керегі жоқ», – деп кесті.

    «Ал президент сайлауының заңды уақыты қашан?» деген нақтылаушы сұрағымызға Әли Әбдікәрімұлы «2020 жылдың желтоқсаны» деп жауап берді. «Тоқаевтың президенттік өкілеттігі 2020 жылдың сәуірінде бітеді, онан кейінгі өкілеттігі заңсыз болмақ қой» деген уәжімізге «Ауыл» партиясының төрағасы: «Сұрағың көбейіп кетті. Екі сұрақ қоямын дедің, екеуіне де жауап бердім. Меніңше, келесі жылдың желтоқсан айында өтуі керек. Өкілеттігі де, басқасы да соған сәйкес келуі қажет. Бұл үшін сайлау комиссиясы бар, Конституциялық Кеңес бар, сұрақ соларға қойылуы шарт», – деп шорт кесті.

Ә.Бектаевтың жауабынан ұққанымыз, «Ауыл» партиясы үшін президент сайлауына қатысу алдыңғы кезектегі мәселе емес. «Ауыл» партиясы мүмкіндігі мен күш-жігерін президент сайлауынан гөрі парламент сайлауына бағыттауды құп көретінге ұқсайды. «Біздің партия парламенттік партия емес. Сондықтан бірінші мақсат – парламенттік партияға айналу. Осы себепті ең алдымен парламент сайлауына дайындалып жатырмыз. Күш-жігер, мүмкіндік пен қаржылай ресурсты соған бағыттаймыз. Өз мерзімінде өтсе, оған да екі жыл уақыт қалды. Ал президент сайлауына қатысу-қатыспау мәселесі партиямызда әлі талқыланбады. Әрбір сайлауға қатысу шығын, үлкен дайындықты талап етеді. Президент сайлауына үміткер ұсыну жоспарда жоқ», – деді.

«Ақ жол» партиясы

Cәуір болмай, президенттік сайлау да басталмас

Азат Перуашев

      Н.Назарбаев өз еркімен қызметінен кеткенде оны қимай көзіне жас алған «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев ә дегеннен-ақ президенттік сайлау қашан өтеді деген сұрақты өзіне емес, сайлау комиссиясына қою керектігін кесіп айтты. «Менде бұл жайлы ақпарат жоқ. Бәлкім, сайлау өтетін күнді қазіргі мемлекет басшысы жариялауы керек шығар», – деді ол.

    Ал «Ақ жол» партиясы президент сайлауына үміткер қатыстыра ма?» деген сұраққа толыққанды жауап алу үшін бұл сауалды Азат Тұрлыбекұлына тәпсірлеп бірнеше мәрте қоюға тура келді. Әуелгіде партия төрағасы: «Ақ жолдың» президент сайлауына қатысуы сайлаудың қашан жарияланатынына байланысты болмақ. Қазір алдын ала айта алмаймыз. Жарияланған соң, партиямыздың жетекші органдарын жинап ақылдасамыз», – деп түсіндірді.

«Сонда бұл мәселе осы күнге дейін партия ішінде талқыланбады ма?» деген нақтылаушы сұрағымызға А.Перуашев: «Түрлі пікір айтылуда. Бірақ қазіргі кезде оның бәрі бос сөз. Сайлау мерзімі жарияланбады, сондықтан бұл туралы айту ерте», – деп түйіндеді. «Президент сайлауы биыл немесе келесі жылы өтетіні анық қой, енді» деген уәжімізден кейін барып А.Перуашев партиясының сайлауға қатысу-қатыспауы көп факторға байланысты екенін мойындады. «Қаражат жинау керек, құрылтай өткізіп, делегаттарды сайлап, конференция өткізу керек. Ұйымдастыру мәселелерін жасаған жоқпыз. Ол үшін (президент сайлауына қатысу үшін – ред.) «реалды» көзбен қарау керек. Тиісті қаражат, құрылым болуы керек, басқадай да талай мәселе бар. Әрине, лайықты үміткер болып жатса да, бәрібір ең алдымен бізге кім бәсекелес болуы ықтимал, оның мүмкіндіктері қандай – соны салыстыру керек. Салыстырмайтын болсақ, нәтиже болмаса, босқа ақша шашу үшін қатысудың қажеті жоқ. Нәтиже болса ғана қатысу керек. Мұның бәрі өзімнің жеке көзқарасым. Нақты жағдай болғанда нақты шешім қабылдаймыз», – деп түсіндірді.

      «Бәсеке туралы айтып қалдыңыз. Бұл сонда «Нұр Отаннан» мықты үміткер шықса, сайлауға түспейміз деген сөз бе?» деп тықақтаған сұрағымызға А.Тұрлыбекұлы былай деді: «Мәселе мықты адамда емес, мүмкіндіктерде. Сіз қайта-қайта гадалка сияқты сұрақ қойып отырсыз. Бұл қазіргі кезде тек бос сөз. Қаржы мәселесі, басқа да мәселелер бар. Соның бәріне қарау керек. Мәселен, ақпарат құралдары, газет, телеарналардың барлығы кімнің қолында? Өз ұсынысымызды сайлаушыға жеткізе аламыз ба, жоқ па? Сіз қойған сұраққа қатысты көп мәселе туады. Бұл сұраққа қазіргі кезде жауап бере алмаймыз. Жағдай нақты болған кезде жан-жақты талдап, зерттеп қана айтатын боламыз», – деп кесті.

ЖСДП

       Жік-жікке бөлініп, тарап кеткен оппозициялық күштердің арасында ресми тіркеуі бар жалғыз Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының өкілдері де алдағы сайлауға үміткер қатыстыруды түбегейлі шешпеген көрінеді. Соңғы жылдары саяси белсенділігімен көзге көп түсе бермейтін ЖСДП Н.Назарбаев отставкаға кеткен соң, «Барша нұсқадағы авторитаризмге жол бермеу» жөнінде ресми мәлімдеме жариялаған болатын. Ол мәлімдемеде ЖСДП Н.Назарбаевты «саяси азғырулардан сақ болып, өзінің қуыршақ ізбасарын ұсынбай, дұрыс шешім қабылдауға» үндеген.

ЖСДП төрағасы Жармахан Тұяқбай «жол жүріп бара жатырмын, пікір білдіруге мүмкіндік жоқ» деген соң, ЖСДП президиумы саяси кеңесінің мүшесі, партияның баспасөз хатшысы Максим Андрюшинге хабарластық.

М.Андрюшиннің ойынша, президент сайлауы биылғы желтоқсанда өтеді. «Өйткені сайлауды Конституцияға сәйкестендіру керек, осыған дейін тек кезектен тыс сайлаулар өтті», – дейді ол.

    Ал «ЖСДП келесі президент сайлауына үміткер ұсына ма?» деген сұраққа М.Андрюшин «бұл мәселе әзірге партияда талқыланбады» деп жауап берді. «Президент отставкасынан кейін мәлімдеме жарияладық. Әзірге соған сәйкес әрекет етеміз. Жақында Алматыда президиум жинаймыз, сонда мәлімдеме жасаймыз», – деді ол.   «Өзге демократиялық күштер, мәселен, «Жаңа Қазақстан» форумы мен демократияшыл көзқарастағы азаматтар ЖСДП платформасын пайдаланып, ортақ үміткер шығару туралы ұсыныс түсірсе талқылайсыздар ма?» деген сауалымызға ЖСДП өкілі: «Партиямыздың ұстанымы мен бағдарламасына қайшы келмейтін кез келген ұсынысты жеке-жеке талқылап, шешім қабылдаймыз», – деп жауап берді.

Өзге демократиялық күштер ше?

Cәуір болмай, президенттік сайлау да басталмас

Әміржан Қосанов

     Саясаткер, «Жаңа Қазақстан» форумының өкілі Әміржан Қосанов «қазіргі саяси цейтнот жағдайында билік кез келген уақытта президент сайлауын жариялап жібере алады» деп есептейді. «Келесі сайлаудың мерзімін заң талаптары емес, ағымдағы саяси конъюнктура шешеді. Қазір елде іс жүзінде биліктің үштағаны – Назарбаев, Тоқаев, Назарбаева – орнады. Көп нәрсе осы құрылымның өзара уағдаластықтары мен ішкі қарым-қатынасына байланысты. Оған мына бір нәрсе де әсер етуі мүмкін: Тоқаев осы қызметінде неғұрлым ұзақ отырғысы келеді, ал елбасының қызы тараптар өз уәделерінен тайқымай тұрғанда тезірек сайланып алғысы келеді. Міне, дәл осы фактор сайлаудың тағайындалу мерзіміне өз әсерін тигізеді деп ойлаймын», – дейді.

     «Президент сайлауына үміткерлер арасынан кімдерді көргіңіз келеді?» деген сұрағымызға Ә.Қосанов: «Билік өз кандидатын ұсынары хақ. Барлық күшін – саяси, әкімшілік, қаржылық – соның жеңіп шығуына жұмылдыруға ұмтылады. Бірақ, осы орайда, баршамыз ескеретін бір жағдай бар: билік маңындағы кландар мен ықпалды топтар өзара мәмілеге келе алмай, Назарбаев ұсынатын үміткерге іштей болса да қарсы болуы мүмкін. Мәселен, саяси және бизнес элита билік ауысуының отбасылық (династиялық) сценарийін қабылдамауы ықтимал. Мәселен, Назарбаев отбасының басқа мүшелері, «ескі  гвардия», аяққа тұрған отандық орта бизнес, қоғамдық күштер. Жасыратын несі бар, ел ішінде Назарбаев отбасының басқа да мүшелері туралы ашық айтылып келеді. Мәселен, Тимур Құлыбаев, Самат Әбіш туралы. Олар өздері түспесе де, өз адамдарын ұсынып, қолдау көрсетуі әбден мүмкін ғой. Отбасынан тыс, басқа да ықпалды күштер мен тұлғалар саяси аренаға шығуы ғажап емес», – деді.

    «Демократиялық күштер, оның ішінде «Жаңа Қазақстан» форумы ЖСДП платформасын пайдаланып ортақ үміткер ұсына ала ма?» деген сұрағымызға Ә.Қосанов: «Соңғы кезде белсенділігі төмендеп, беделінен айырылыңқырап келген бұл партия бір адамның не биліктің жобасы емес екенін дәлелдеп, оппозиция атынан шығатын ортақ үміткердің ресми платформасына айналуы керек. Бұл, жалпы, оппозиция үшін де, партияның өзі үшін де тарихи мүмкіндік деп санаймын», – деді.

    Ә.Қосановтың айтуынша, демократиялық күштер қатарында президенттікке үміткер болуға лайық тұлғалар баршылық. Қолдау тауып жатса, Ә.Қосановтың өзі де сайлауға түсуге ниетті көрінеді. «Бір нәрсе анық – бірегей кандидат ұсына алмасақ, онсыз да бізден көңілі қалып бара жатқан халықтың сенімінен мүлдем айырыламыз. Екінші жағынан, айтарым мынау: Қазақстан секілді авторитарлық елде ағымдағы билікке ашықтан-ашық қарсы шығып, билік ұсынған кандидатқа балама болу оңай шаруа емес. Оның сан қырлы қауіп-қатері бар. Өз сценарийіне қарсы шыққан кез келген адамды билік аямайды. Күйе жағады, арандатады, іс қозғайды, қоқан-лоқы көрсетеді, небір арамдыққа барып, қастандық та жасайды. Отбасына да қауіп-қатер төнеді. Өзін ұсынғысы келетін адам ол жағын да ойлануы қажет. Сондықтан да арамызда жүрген барлық адам өре түрегеліп, кандидат болып, өз басын осындай орасан зор қатерге тігеді деп те ойламаймын. Бірақ халық қолдап жатса неге түспеске? Мен дайынмын. Бірақ, тағы да қайталап айтайын, бұл шешім барша оппозицияға ортақ шешім болғаны дұрыс болар. Бұл мәселе  талқыланып, праймериз жасалынуы керек. Сол жолмен ұсынылған кандидаттың беделі де басқаша болады».

Мақаланы редакция рұқсатынсыз көшіріп басуға болмайды 
Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.