Әлеуметтік желіде «Шүкір» хештегімен (#Шүкір) пайда болған арт-экспромт ә дегеннен-ақ біраз жұрттың назарын өзіне аударды. Әрине, жұрт жаппай түсініп, қолдай жөнелді деу артық шығар, дегенмен, «Шүкір», «Қазақтың тойы бітпесін», «Тұрақтылыққа рахмет» сынды «шүкіршіл» жазбаларды ұстап суретке түсіп, оны әлеуметтік желіге жүктеушілердің әрекеті кім-кімді де бей-жай қалдырмағаны анық. Сол #Шүкір авторларының бірі Бэлла ОРЫНБЕТОВА «Жас Алаш» тілшісінің сұрақтарына жауап берді.

Бэлла Орынбетова: Митинг – революция емес

— Бэлла, сіздер жасап жүрген арт-экспромтты қарсылық деп атауға болады ғой?

— Иә, бұл ішкі қарсылықты білдірудің бір түрі. Бейбіт қару деп жатады, жүйеге қарсылықтың зорлық-зомбылықсыз, ешқандай топ құрусыз өтетін, ең бейбіт, ең қауіпсіз жолы.

— Қарсылықты тек митингілер, түрлі лозунгтар ұстап шығатын шерулер деп ұғатын біздің қоғам бейбіт қарсылық дегенді қаншалықты қабылдайды? Азаматтық қоғам қалыптасқан жоқ деп жүрміз, жалпы, қоғам дайын ба осыған?

— Қаншалықты дайын екенін білмедім, бірақ, бір жағынан, біз шеруге де шығатын едік. Рұқсат етсе. Шеруге шығып, айтарыңды айтып, іштегі сөзіңді, ойыңды білдіру де дұрыс. Бірақ, бізде ондай бейбіт шерулерге рұқсат берілмейді. Алаңда сөйлесең бірден ұстап әкетуі мүмкін. Осындай нәрселерді ескере келіп, өзіміздің ішкі қарсылығымызды, наразылығымызды осылай білдірсек дедік. Жалпы, Джин Шарптың «Зорлықсыз наразылық білдірудің 198 әдісі» кітабында айтылған түрлі амалдар бар. Оны желіде де бөліскен едім. Соның ішінде айтылған идеялар да ойландырды, портреттер салу, үнсіздік,…

— Аштық жариялау…

— Иә, бірақ, аштық жариялауды кез келген адам істеуі мүмкін. Ал, біз журналист болғандықтан аздап шығармашылық жағына мән беруге тырыстық. Бір байқағанымыз, адамдар бұған әр түрлі қарайды. Біздің суреттерімізге әлеуметтік желілерде әртүрлі пікір жазып жатыр, — оның ішінде танымал журналистер де бар, қарапайым адамдар да бар, — ол да біз үшін қызық. Мәселен, біреу: «Қоқыс болса өздерің жинай салмайсыңдар ма!» дейді. Бұл суреттерден экологиялық проблеманы ғана көріп тр. Өнердің өзі сол ғой, әркім әрқалай қабылдайды. Сол себепті, бұл заңдылық деуге болады. Қоғамның дайын, дайын емес екенін нақты айта алмаймын, бірақ, осы жағдайдың өзі біраз нәрсені көрсетеді.

Бэлла Орынбетова: Митинг – революция емес

— Бұл қандай да бір бейресми акция ма, әлде жеке шығармашылық жұмыс ретінде түсінген дұрыс па?

— Жоқ, акция емес. Акция адамдарды бір нәрсеге шақырады ғой, жиналайық, бүйтейік, сүйтейік дегендей. Біздің іс-әрекетімізде ешқандай ондай сөздер болған жоқ, шақырулар жоқ. Қазіргі қоғам мен адамдардың тұрмысы мен күйін білдіретін жазбаларды, суреттерді алдық, бірақ, ешқандай ұран тастаған жоқпыз. Іштегі қарсылығымызды шығарудың амалсыз бір жолы бұл.

— Болашақта тағы біреулер қосылып, бұл бастамаларыңыз «челленжге» ұласып, соңы акцияға… айналуы да мүмкін ғой?

— Білмедім енді. Біз ешбір оппозициялық топқа, өзге қозғалысқа қатысымыз жоқ. Акция жасап, жұртты дүрліктіру де, бір жаққа ерту де ойымызда болған жоқ. Біздің мұрат бар проблемаға назар аударту, ойландыру. Білесіз бе, біз жастармен көп сөйлесеміз, орталарында көп боламыз, солардың көбі үкімет мүшелерін білмейді, президентті біледі, болды. Жастардың өзі сайлау деген мәжбүрлі түрде сүйреп апарып, қол қойғызып, қайтадан жібере салатын бір науқан, алаулатып-жалаулатып өткізе салатын акция деп ойлайды. Ал, ол олардың ертеңі, елінің тағдыры шешілетін сәт болуға тиіс қой. Ал, оларға бәрі бір, үкіметке кім келіп жатыр, кім кетіп жатыр…

Ары қарай акцияға жалғасып кетеді, кетпейді дегенді білмеймін, бірақ, осы әрекетімізді ары қарай жалғастырмақпыз. Жастарға олардың құқығы бар екенін, таңдай алатынын ұғындыруымыз керек. Оларды бір саясиландырып, саясатқа араластыру емес, бірақ, саясаттың олардың өміріне әсері бар екенін түсіндіргіміз келеді.

— Қазір осы бастаманы іліп әкетіп, өздігінен жалғастырып жатқандар бар ма?

— Түрлі қалаларда жалғастырып жатқандар бар. Хабарласып жатады, «біз де жасайық, жалғастырайық, кездесссек, қалай жасауға болады?» деп. Өздері тұратын жерлерді суретке түсіріп, өздерінің өмірлеріндегі сұрқай көріністерді шығарып жатқандар да бар.

— Ондай адамдарға сіздердің тараптарыңыздан авторлық құқық мәселесі жағынан қарсылық жоқ па?

— Жоқ, ондай қарсылық жоқ. Өйткені, біз мұны ойлап тапқан жоқпыз, бұл идея Ресейде, Украинада болған…

— Жалпы, арт-экспромттың тарихы, нақты бір үлгісі бар ма?

— Білмедім, біз тарихын зерттеп көрген жоқпыз. Бұл ешқандай да арнайы жасалған, ойластырылған, үлкен жоспарға сәйкес жасалған астарлы нәрсе емес. Бұл біздің өз өміріміздің ішкі иірімдерінен алынған дүниелер. Мысалы, өткенде Астананың аты ауысады деген сөз шықты. Басында ойладық, бұл да бір кезекті ойын, өзгертпейтін шығар, дұрысталатын шығар деп. Одан кейін сол айтқан өзгерістер жылдам орын алып кетті де, шынын айтқанда есеңгіреп қалдық. Содан кейін, ішіміздегі жиналып қалған қыжылды шығаруды жөн көрдік, әйтпесе, осы арқылы мына мәселені көтерейік, ананы шығарайық деген нақты жоспар болған жоқ.

Бэлла Орынбетова: Митинг – революция емес

— Әлеуметтік желідегі пікірлерді қарасам, билік үшін мұндай нәрселер және өздерің қорқынышты емессіңдер, жалғастыра беріңдер деген сияқты бір пікірлер жүр. Бір жағынан жанды да пікір. Осы арт-экспромтты бастағанда билік санассын деген ой басым болды ма, әлде, халықтың рухани деңгейін көтеру мақсаты ма?

— Мемлекеттің құндылығы адам болса, адамның құндылығы – олар қалыпты өмір сүру үшін тұрақтылықты білдіретін – заң болу керек. Конституция! Өзгермеуге тиіс, адамдар сенім артуға тиіс конституцияның өзі тұрақты болмай тұр. Белгілі бір адамдар қаласа өзгере салатын нәрсе болып қалды. Біздің де құқығымыз көп, бірақ, біз соның тапталып жатқанын елемейміз. Мысалы, кино көрдік дейік, мен Қазақстанда тұрып жатырмын, қазақ тілді адаммын, қазақша көруім керек қой? Ал, мен соны орысша көрем де, титрдан қате-қате аудармасын оқып отырам. Менің құқығым тапталды ма, жоқ па? Тағы бір мысал, БАҚ туралы заңды қараңызшы, журналистің зерттеу жасауына көмектесудің орнына қаптаған кедергілер қойып тастаған.

Астананың атауын өзгерту үлкен мәселе ғой, халықтан сұрау керек еді, қалай ма, қаламай ма? Немесе Сенат төрағасын ауыстыру… Осының бәрінен кейін, біз үкіметке «сендер біздің аузымызды қанша жапсаңдар да, біз айтар ойымызды астарлап болсын, тұспалдап болсын, өнер арқылы болсын айта аламыз» дегенді білдіргіміз келеді. Қазір баспасөзге мақала жазсаң алмауы мүмкін, басуға қорқуы мүмкін, бірақ, әлеуметтік желі бар ғой, демек, сөзіңді айтудың жолы бар. Үкіметке айтқым келгені сол, «қаласаңдар да, қаламасаңдар да халық өз сөзін айтудың жолын табады». Бұл үшін халықты митингке шақырудың керегі жоқ, ол өзі де пісіп, жетіліп тұрған нәрсе. Адамның қарсылығын білдіруіне мүмкіндік бермесе, онда басқа жағдайларға ушығып кетуі мүмкін.

— Менің түсінігімде, сіздердің әрекеттеріңіз бәріне шүкір ете беру дегенге қарсылық қой. Өтіріктерді әшкерелеу, жасанды идеологияны, халық санасында қатып қалған стереотиптерді сынау деп түсінуге болады ғой?

— Шүкірлік деген қажет қой, қанағат деген де жақсы. Бірақ, жарымай отырсаң қайдағы қанағат?! 565 миллиардқа көрме өткізіп, халықты сапалы білім мен медициналық қызметпен қамтамасыз ете алмай отырып тойға шашылуға шүкіршілік етуге бола ма енді? Астананың атын ауыстыруға шашылуға қандай қанағат керек? Адамдардың аузы асқа жарымай отырып, үлкен шаралар өткізуге келісе беруге болмайды ғой.

— Менің есіме бір сурет түсіп тұр, қоқыста намаз оқып жатқан қара нәсілді баланың суреті. Сондай нәрселерді біздің ел қатты жақсы көреді ғой, пікір айтады, талқылайды, сүйсінеді, бөлісіп әкетеді. Неге сондай нәрсе жасамадыңыз деп сұрау артық шығар, бірақ, осы сурет пен сіздердің суреттің қайсысы біздің қоғамға керегірек?

— Мынау қажет, мынау қажет емес деген нәрсе болмайды ғой, қоғамға барлық нәрсе керек шығар, ой әртүрлі болу керек деген сияқты. Сосын, жаңағыдай демотиваторды кім жасады, қандай мақсатпен жасады дегенді адамдар білу керек. Бұл демотиватор манипуляция құралы да болуы мүмкін, сіздің назарыңызды кім қайда бұрғысы келеді, осы жөнінде ойланған жөн.

Билік халықты тек фон ретінде ғана бағалауды, олар ештеңені көрмейді деп ойлағанды доғаруы керек. Біздің ішкі қарсылығымыз осыған негізделеді. Халықтың өзі де қарсылық білдірсе бәрін қиратып, бунт жасау емес, үкіметке өз талабын қойып, мәдени диалогқа дайын болуы керек. Олар өздерін тұншықтырған сайын, баса берген сайын митингті революция ретінде түсінеді. Билік те солай. Митинг деген олай емес қой, бұл адамдардың еркімен жиналып, өз позициясын білдіруі.

Бэлла Орынбетова: Митинг – революция емес

— Сіздің шығармашылық топта қанша адам бар?

— Төртеу болғанбыз. Бұл қарапайым журналист, блогерлер. Қайталап айтайын біздің арт-экспормтқа еш қозғалыс, оппозициялық топтардың қатысы жоқ. Біздің мақсат-мұратымыз мүлдем сәйкеспейді. Бірақ көзқарасымыз бір жерден шығатын, біздің мақсатты қолдайтындар, қосылам дегендер көбейіп жатыр. Журналистерден, белсенділерден бөлек, қарапайым халық та қолдау білдіруге дайын екенін айтып жатыр. Идея қосып жатыр.

— Қаржылық демеушілеріңіз бар ма?

— Жоқ. Демеуші дейтіндей, соған көп те ақша кеткен жоқ. Бұл еркін шығармашылық дүние. Ешқандай ақша, саясат, астыртын мақсат жоқ.

— Рахмет, істеріңіздің жалғасын табуын тілейміз. 

Сұхбаттасқан Алмас НҮСІП.

Фотолар Facebook-тан алынды.

МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯНЫҢ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ!

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.