Америкада тұратын ауған жазушысы Халед Хоссейниді жазушы ретінде әлемге танытқан «Батпырауық қуған жан» романы 2003 жылы жазылған. Арада біраз уақыт өткен соң ғана Ресей орыс тіліне аударып, тарата бастады. Қазақстан оқырмандары бұл жазушының атын сол кезден бастап қана еміс-еміс ести бастады.

Дебюттік кітабы миллиондаған тиражбен таралып, Америкада 101 апта бойы бестселлерлер (ең көп сатылған кітаптар) тізімінен түспеген кітаптың жалғасы – «Тысячи сияющих солнц» шыққанда алғашқы аптада-ақ 1 миллионнан астам данасы сатылып кетті. Бұдан соң шыққан үшінші кітабы – «И эхо летит по горам» романы шықпай тұрып-ақ бестселлерге айналды.

Халед Хоссейнидің бұл кітаптарының әлемге миллиондап таралуының бір себебі – көп ел үшін беймәлімдеу тақырып – атышулы Ауғанстанда өмір сүретін, өмір сүрген адамдардың тағдыры мен ішкі жан дүниесін ашып беруімен және автобиографиялық сипатының басым болуы (автордың отбасы Ауғанстанның босқыны ретінде АҚШ-тан саяси баспана алған). 

Халед Хоссейни қазір Калифорнияда тұрады, мамандығы дәрігер (алғашқы кітабы шыққанға дейін 10 жылдан аса дәрігер болып істеген), екі баласы бар. Қазір БҰҰ-ның босқындар ісі бойынша ерікті өкілі. Бір қызығы, жазушы өзін әдеби тұлға ретінде көрсетуден бас тартқан. БҰҰ-ның босқындар ісі бойынша елшілік қызметтерде жүреді (босқындардың тағдыры туралы шағын ғана «Морская молитва» кітабын жазды), «Халед Хоссейни» қоры арқылы Ауғанстанға белсенді түрде гуманитарлық көмек көрсетіп тұрады. Содан да көп жағдайда өз шығармашылығына қатысты сұхбат беруден бас тартады.

Біз аударып басып отырған сұхбат ертеректе, 2013 жылы жарияланған. Әзірге ТМД аумағындағы елдер үшін орыс тіліндегі қолжетімді жалғыз сұхбат та осы. 

Халед Хоссейни: Авторға емес, өзіне көңіл аудартқысы келетін сыншы тез жалықтырады

– Сіз «Батпырауық қуған жанды» жазу кезінде дәрігер болып жұмыс істепсіз, екі баланың тәрбиесі және бар. Жазуға қалай уақыт таптыңыз сонда?

– Мен ұйқының есебінен жұмыс істедім. Таңғы сағат 5-те тұрамын, шамамен жұмысқа кететін уақыт – 8-ге дейін жазамын. Менің алғашқы романымның негізгі бөлігі сол бір таң қараңғысы кездерінде жазылды, бұл ерлікті енді қайталай алмайтын шығармын, сірә.

– Жазушылар семинарларына қатысу сіздің бірінші романыңызды жазуға қаншалықты көмектесті?

– Мен ғажап жазушы және қымбатты дос Тамим Анзари жүргізген Сан-Францискодағы жазушылар семинарында «Батпырауық қуған жаннан» үзінді оқыдым. Жазушылар арасында айтылатын кеңестер кейде өте дәл болып жатады, маған іс жүзінде көмектесті де. Ал кейбір пікірлер соншалықты пайдалы болды дей алмаймын, сондықтан алған әсерім ала-құла деуге болады. Мен жазу мәселесіне өте қатал қараймын. Қысымға көне салатын жазушылардың сапынан емеспін, әсіресе шығарманың алғашқы нобайына тигізуге болмайды, бірақ болашақ кітабымды үш-төрт рет көшіріп жазған соң ғана редактордың үлесін жоғары бағалаймын. Қателікті өзім жіберуім керек және оны түзеудің жолын да өзім табуым керек.

– Өзіңіздің дұрыс жолда келе жатқаныңызды қалай түсінесіз? Сізге идея келген сәтте-ақ сіз кітабыңыз шығатынын білдіңіз бе?

– Білем ғой, енді… Мені оқиға мен кейіпкерлер қызықтырып тұр – болды, керегі осы ғана. Күнде таңертең ояна салып өзің ойлап тапқан қиял әлеміне тағы кіретінің туралы қорқынышпен ойлау жақсы белгі емес. Ертеректе романдарымды зор құлшыныспен бастайтынмын, бірақ жүз, әлде екі жүз беттен кейін жай ғана міндетімді орындап жатқандай, жазып жатқан дүнием шынайы емес сияқты, қызықсыз көріне бастайды. Мұндайда тез арада басқа бір нәрсемен айналысып кетемін. Керісінше, дүкенде кезекте тұрғанда да кейіпкерлерімді ойлап тұрсам, тіпті әлдебір фильм көріп отырғанда да ішімдегі кейіпкердің даусын тоқтата алмайтын жағдайға жетсем, қажетті идеяның жалынан ұстағанымды, әлдененің жұмыс істей бастағанын түсінемін. Менің үш романымда да солай болды.

– Қолжазбаңызды редакторға бергенге дейін біреу-міреу оқи ма?

– Иә, тек менің әйелім Ройя оқиды. Ол жазушы емес, бірақ өте білікті, байқампаз оқырман. Маған не істеу керегін айтпайды, дегенмен менің жазғаным бола ма, болмай ма, соны айта алады. Әдетте жартылай жазып болып қалғанда қарадай оқып шығуын өтінем. Оның пікірі қашанда шынайы, тура және жарамсақтықтан ада. Ол өз пікірін айтудан қаймықпайды, менің қалауым да осы ғой. Оның болады, болмайды деген бір ауыз пікіріне сол үшін сенемін. Ол менің қолжазбамның барлық нұсқасын оқып шығады, сосын, біз ортақ тоқтамға келген соң ғана қолжазба баспаға жіберіледі.

– Сіздің жұмысыңызға агенттер мен баспагерлер қаншалықты әсер етеді? Қашан тыңдау керек, қашан өз дегеніңізде тұру керек екенін қалай білесіз?

Халед Хоссейни: Авторға емес, өзіне көңіл аудартқысы келетін сыншы тез жалықтырады

– Мен агенттеріммен ешқашан ештеңені редакциялаған емеспін. Дегенмен редакторлар Синди Шпигель («Батпырауық қуған жан») мен Сара Макгратпен (соңғы екі кітабым) қарым-қатынасым өте нәтижелі болды. Мен жұмыс істеген редакторлар сияқты өте талантты, пікірі маңызды, сөзі сенімді редактор табудың пайдасы зор. Негізі, мен редакциялауды жақсы көрем, күтіп жүрем. Мен редактордың шаруасын авторға өз жұмысының бүкіл мүмкіндігін көруге көмектесу тұрғысынан бағалаймын. Синди мен Сара менің кітабымдағы өзім көрмеген дүниелерді көруге және текстегі барлық мүмкіндіктерді пайдалануға көмектесті. Оларға осы үшін алғысым зор. Барлық жазушылар сияқты мен де редактордың ұсынысын мұқият және анықтап қарап шыққаннан кейін, оның ойы мен ішкі түйсігімді таразылай келе, өз пікірімде қалған кездер де болды. Бір қуанарлығы, мұндай жағдайдан кейін қабылдаған шешіміме ешқашан өкінген емеспін.

– Сынға қалай қарайсыз?

– Қалай болу керек, солай қараймын. Сынға ұшырағанды ешкім сүймейді, бірақ мен терең ойлы сынды құрметтеймін. Десе де, цинизм мен сарказмды жек көрем және авторға емес, өзіне көңіл аудартқысы келіп тұратын сыншылардан тез жалығамын.

– Турларда сізге көбіне қандай сұрақ қойылады?

– «Кітаптарыңыз қаншалықты автобиографиялық?» деген.

– Жазушы екеніңізді баяғыдан білдіңіз бе?

– Мен жазуды жақсы көретінімді білетінмін. Сонау бала кезімнен жазып жүрдім. Бұл мен есімді білгелі еркімнен тыс пайда болды. Кейіпкерлер ойлап табу мен оларға қатысты оқиға құрастыруға құмартпаған кезім есімде жоқ. Бірақ жазушы екенімді білдім деу мен бұл жағдай мүлде бөлек нәрсе. Ешқашан дәл солай ойламаған болуым керек, өйткені нағыз жазушы өз тарихын жазады, ал көп жарияланатын жазушылар мен сияқтылармен салыстырғанда мүлде басқа. Жазушылықты өзімнің әлсіздігім деп те ойладым. Тіпті «Батпырауық қуған жан» жарияланған соң да өзімді жазушы деп атауға қатты қиналатынмын, себебі ол кезде нағыз жазушылар бірнеше кітап шығарады дегенге өзімді сендіріп қойғам. Ал қазір (үш кітабы шыққан соң – ауд.) менде ешқандай аргумент қалған жоқ, қазір жол жүргенде «қызметі» деген жолға «жазушы» дегенді жаза саламын.  Жалпы, мен өзімді өз сүйген ісімен айналысу арқылы ақша табатын және онысына ешкім бөгет болмайтын жолы болғыш адамдардың тобына жатқызамын.  

Аударған Алмас НҮСІП

Суреттер ашық интернет көздерінен алынды

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.