«Мен мұндай лас қаланы бұрын-соңды көрген жоқпын!»

Бұл Қарағанды облысы әкімі Ерлан ҚОШАНОВТЫҢ өзі басқарып келе жатқан облыс орталығына қатысты айтқан сөзі. Облысты екі жылдан бері басқарып келе жатқан әкім Қарағандыны бүгін көргендей таңғалып, қаланың көктемгі көрінісіне қатты наразы болды.

Қарағандының орталық  көшелерінің өзінде шашылған қоқыс пен құрылыс қалдықтары жетерлік. Ал қаланың шетіндегі Пришахтинск, Октябрь, ЖБИ аудандары әсіресе көктемгі уақыттарда қоқыстың ортасында қалады.

Қошанов қоқыспен күресіп жүр

«Бұрынғы ауламызға жете алмай қалдық» деген тұрғындар тілшілерді шақыртып, жұрт шулаған соң облыс әкімі Майқұдық пен Пришахтинск аудандарындағы аулаларды аралауға шықты. 3-сәуірде Пришахтинскідегі «100 аула» бағдарламасымен жасалған аумақтың жаңа сыйқын көрген аймақ басшысы қала әкімі Нұрлан ӘУБӘКІРОВАКЕ бірден сөгіс жариялады.

«Бүкіл қалада өткен жылдан бері қалған қоқыс әлі шашылып жатыр. Кез келген аулаға барсаңыз санитарлық жағдайдан жаныңыз түршігеді. Мен мұндай лас қаланы бұрын-соңды көрген жоқпын, мүлдем босаңсып кеттіңіздер», — деп қала әкімі мен оның қарамағындағы шенеуніктерді сынға алған әкім қаланы қоқыстан арылтуға бел шешіп кірісті.

Қошанов қоқыспен күресіп жүр

Қошановтың қоқыс үшін белсенуіне тікелей түрткі болған Пришахтинск елдімекеніндегі 21-ықшам ауданының тұрғындары. Олар былтыр аулаларын көркейту үшін жасалған жұмыстардың пайдасынан зияны көп болғанын айтады. Сөздеріне қарағанда, жөндеу жұмысынан кейін біраз қолайсыздықтар туындаған.

Бұл аудандағы 6-11 үй аулаларына былтырғы жылы «100 аула» бағдарламасы бойынша жөндеу жұмыстары жүргізілген. Жұрттың айтуынша мемлекеттің  қаражатына жасалған жұмыстар сапасыз жасалуымен қоса мұндағы тұрғындарға қолайсыздық туғызған. Үй ауласындағы жол шетіне төселген  бедерлі тастармен жол жиектері жылға жетпей қирай бастаған. Сондай-ақ асфальт барлық жерге төселмеген, үй аулаларына жарық шамдар аз орнатылыпты. Аулаларды абаттандыру жұмыстарының кесірінен Пришахтинск тұрғындары мектепке баратын жолдарынан айрылған, бұрынғы жолды алып тастаған, ал жаңасы сол беті төселмеген.

Қошанов қоқыспен күресіп жүр

Осы жағдайларды көзден өткеріп, «жаны түршіккен» облыс әкімі ә дегеннен қаланың тазалығы жайлы тиісті адамдарға тапсырма беріп тастады. Әкімнен тапсырма алған Қарағанды билігіндегі ақ жағалылар мен полиция қызметі бірлесе жұмыс істеуді дұрыс көрген болу керек, «қоқыс іздеу» шараларына күш салып-ақ жатыр. Қарағандының бір ғана ауданындағы жағдайдан соң, қол астындағыларға сенбеді ме, Қарағандының шеткі аудандарын да аралап шықты. Ол аудандардың жағдайы да көңілінен шықпаған болу керек, қала әкіміне сөгіс жариялауды місе тұтпай, аппараттық жиналыста қоқыс шашқыш бизнес өкілдері мен пәтер иелері кооперативтеріне айыппұл салу керектігін де айтып қалды.

Әкімнің өзінен мұндай тапсырма алған соң жан қала ма, қазір Қазыбек би ауданындағы 14 ПИК ірі көлемде айыппұл салынды. Әкім айтқан соң солай деп жүр ме, әлде өздері бұрыннан ойлап жүрді ме екен, билік өкілдері айыппұл салмаса қарағандылықтар қоршаған ортаға немқұрайлы қарап, оны ластағанын қоймайды деп отыр.

Қазір қаланы қоқыстан тазарту науқаны басталып кетті. Бұл арнайы шара екі айға созылмақ.

Арайлым САТЫБАЛДЫҚЫЗЫ

Фотоларды автор ұсынды

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.