Шымкенттегі Абай аудандық соты 38-мектептің мұғалімі, «міндетінен тыс жұмысқа тартылып, директордан қысым көргенін» айтқан Гүлжан Сәлімбаеваның үстінен мектеп директоры Айман Жүсіпова мен оның орынбасарлары Дана Асылбекова және Айжамал Қозыбекова түсірген шағымды қарау үшін алдын ала тыңдау өткізді. Бұл шағымды бұған дейін Еңбекші аудандық соты қарамай кері қайтарған болатын.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, 7 желтоқсан күні сағат 17:00-де басталған сот отырысына директордың сенімді өкілі Нұрдәулет Мұсақұлов пен директордың екі орынбасары, айыпталушы Гүлжан Сәлімбаева мен оның сенімді өкілдері Маржан Аспандиярова және Жаңабек Әбішев және жақтастары қатысты.

Сотқа судъя Бақытжан Усманов төраға болды.

Судъя сот ісі жаңартылғанын, екі тарап келіскен жағдайда заңға сәйкес бітімге келуге болатынын айтып, екі тарапты бітімге шақырды.

Жәбірленушілер бұған дейін бітімге келу туралы әңгіме болмағанын, ал айыпталушы Гүлжан Сәлімбаева егер мектеп директоры мен оның орынбасарлары кешірім сұраса бітімге келуге дайын екенін айтты.

Осыдан кейін айыпталушы мен оның сенімді өкілдері сот отырысына журналистердің аудио жазуға, видео және фото түсіруіне рұқсат сұрады. Жәбірленушілер видео, фото түсіруге қарсылық білдірді. Судъя бұл талап-тілекті ішінара қанағаттандырып, сот отырысында жәбірленушілерден басқа қатысушыларды ғана видео және фотоға түсіруге рұқсат берді. 

Маржан Аспандиярова соттан даудың тууына себеп болған Гүлжан Сәлімбаеваны міндетінен тыс жұмысты істемегені үшін дауыстап сөккен мектеп директорының дауысы жазылған аудиотаспаға фонографиялық сараптама тағайындауды сұрады. Нұрдәулет Мұсақұлов сараптама тағайындауға қарсылық білдіріп, соттан талап-тілекті қанағаттандырусыз қалдыруды сұрады. Судъя бұл талап-тілекті ашық қалдырды.

Маржан Аспандиярова судьядан мектеп директоры мен оның орынбасарларын сот процесі кезінде жұмыстан уақытша шеттетуді және айыпталушының тұрғылықты жері Абай ауданы емес, әл-Фараби ауданына қарайтындықтан істі қараусыз қалдыруды сұрады. Судъя бұл талап-тілек бойынша шешім шығаруды бүгінге қалдырды.

Дереккөз Aзаттық Радиосы

قالب وردپرس