12 сәуірде ондаған көп балалы ана Шымкент әкімдігіне келіп, қала басшысы Ғабидолла Әбдіраxымовпен кездесуді талап етті. Бұл туралы Азаттық тілшісі хабарлады.

Көп балалы аналардың айуынша, қала әкімі Ғабидолла Әбдіраxымов 11 сәуірде қалалық xалыққа қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысуға келген премьер-министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіxалықоваға арызданбақ болған көп балалы аналарға «жеке қабылдаймын» деп уәде еткен.

Аналар әкімге «баспана және әлеуметтік мәселелерді» айтқысы келеді.  Көп балалы аналарды қала әкімі Ғабидолла Әбдіраxымов пен оның орынбасары Гүлжан Құрманбекова қабылдап жатыр. Қабылдауға Азаттық тілшісін кіргізбеді. 

Шымкент әкімі Ғабидолла Әбдірахымов 15 ақпанда халық алдында берген жылдық есебінде 16 ақпанда көп балалы аналармен жеке кездесетінін айтқан. Бірақ 300-ден аса ана жиналған кездесуге әкім келмей қалған.

4 ақпанға қараған түні Нұр-Сұлтан қаласында (ол кезде Астана деп аталған) уақытша баспанадағы өрттен бір отбасының бес баласы (ата-аналары түнгі жұмыста болған деп хабарланды) мерт болғаннан кейін, Қазақстанның бірнеше қаласында аналар жаппай наразылық танытты.

Олар биліктен көп балалы отбасыларға әлеуметтік қолдауды күшейтіп, балаға төленетін жәрдемақыны көбейтуді, баспана мәселесін шешуді және жеңілдіктер беруді талап етті. Ақпанның соңы мен наурыздың басында жергілікті билік орындары ұйымдастырған кездесулерде наразы тұрғындар облыс және қала әкімдіктері шенеуніктеріне әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың ауыр жағдайын айтып, олардың проблемасына биліктің назар аударуын талап етті.

Наразылық күшейіп тұрған тұста — 27 ақпанда Нұр-Сұлтанда «Нұр Отан» партиясының 18-съезінде Қазақстанның сол уақыттағы президенті Нұрсұлтан Назарбаев көп балалы отбасындағы әр балаға 21 мың теңгеден төлеуді тапсырған.

Атаулы әлеуметтік көмек алуға құжат қабылдау 1 сәуірде басталған. Бұған дейін де Нұр-Сұлтан қаласында ондаған ана құжат өткізудің машақаты көп екенін айтып, шағымданған. 

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.