Теміртаудағы су қоймасы зиянды қалдықтармен ластануда.

Еліміздегі ірі өндіріс ошағы орналасқан Теміртаудың экологиялық жағдайы жыл сайын ушығып бара жатыр. Теміртау  қаласындағы су қоймасының жағасына цементке ұқсас қоймалжың қалқып шықты. Бұл жағдай қала тұрғыны белсенді қоғам өкілі Станислав Войцеховскийдің әлеуметтік желіге салған бейнежазбада анық көрінеді.

Судың түсі сұр қара түске боялған. Айта кететін бір жайт, бұл өзен Теміртаулықтардың жазда шомылып демалатын жалғыз орны көрінеді. Қыс бойы қала тұрғындары қара қардан көз ашқан жоқ. Енді қала іргесіндегі өзеннің қара май құйып жібергендей жағдайға түсуі жұрттың жағасын ұстатуда.

«Бұл жерде «Арселор Миттал Теміртаудың» қатысы болуы мүмкін, олар бізді таң қалдыруын қояр емес, өзенге біреулер бірнеше қап цемент немесе басқа құрылыс қалдықтарын әкеліп төгіп тастаған тәрізді. Менің тіпті айтарға сөзім жоқ. Жедел түрде арнайы органдар мұны тексеруі қажет», — деп түсіндіреді Станислав Войцеховский өзі түсірген бейне жазбада.

Қоғам белсендісі ластанған су қоймасын 10-сәуірде түсіріп алған.

Қарағанды облысы Экология департаментінің «Жас Алаш» сайтына берген сұхбатында шенеуніктер 11-сәуірде аталмыш су тоғанынан зерттеуге сынама алынғанын мәлімдеді.

«Экология департаментінің мамандары оқиға орнына барып «Арселор Миттал Теміртау» компаниясына тиесілі жасанды су тоғанынан судан және топырақтан сынама алды. Департамент мәселені анықтау мақсатында  «Арселор Миттал Теміртау» компаниясына жоспардан тыс тексеру өткізуді тіркеу шараларын қолға алуда», — деп мәлімдеді Экология департаментінің  мемлекеттік  экологиялық қадағалау бөлімінің жетекшісі Айман Құлатаева.

Шенеуніктердің мәліметінше ластанған су тоғанына жасалатын сынаманың қорытындысы он күннен кейін шығатын көрінеді.

Видео әлеуметтік желіден алынды

Арайлым САТЫБАЛДЫҚЫЗЫ

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.