Өткен айдағы билік ауысымынан соң жаппай қолға алынған облыс орталықтарындағы көше атаулары жаңартылғанда Өскемендегі Тәуелсіздік көшесіне Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ есімі берілгені белгілі. Арада ай өтпей жатып, бұл жаңа атауға ие болған көше Өскемендегі қауіпті көшелердің қатарына еніп шыға келді. Бұл туралы «Жас Алаш» тілшісі «Алтай-ньюс» сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Көшедегі үлкен жолдың бойында аузы үңірейіп кәріз құдығының ашық жатқаны расында да өтіп жүрген көлік иесінің ғана емес, көрген адамның да үрейін алып, жүйкесіне салмақ түсіреді. Басқа басқа оқу орны, әуежай, ел ордасынан бастап Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін «рухани жаңғыртып» жатқанда, Шығыс өңірдің орталығындағы оның атындағы көшедегі қорқынышты шұңқырды жұрт бірден байқапты. Әлеуметтік желілерге тарап, «Назарбаев көшесімен жүру қауіпті» болып шыға келген көріністен қазір қала билігі хабардар тәрізді.

— Иә, бәрін біліп, көріп отырмыз, жаңа ғана «Өскемен-Тәртіп» мекемесіне қоңырау шалдық, қазір ол жерге жұмысшылар бара жатыр. Жол үстіндегі құдықтың аузы жедел түрде жабылады, — дейді Өскемен қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Әлібек Тұрсымбетов.

Айта кету керек, Назарбаевтың аты берілмей тұрғанға дейін қаланың орталық көшесі «Тәуелсіздік даңғылы — проспект Независимости» болып екі тілде жазылып тқрған. Бұл жағдайдың ономастикалық заңдылықты бұзып тұрғанын «Жас Алаш» тілшісі бұған дейін де хабарлаған.

Фото: Мерей ҚАЙНАРҰЛЫ

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.