14 сәуірде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік сапармен Өзбекстанға барды. Бұл ақпаратты Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы Facebook-тағы парақшасында хабарлады.

Президент мінген ұшақ Ислам Каримов атындағы әуежайға Ташкент уақытымен 17:45-те қонған. Тоқаевты Өзбекстан премьер-министрі Абдулла Арипов, сыртқы істер министрі Абдулазиз Камилов және Ташкент мэрі Жохангир Артыкқожаев қарсы алған. 

Бұған дейін екі ел екінші президенттерінің алғашқы кездесуінде «маңызды» құжаттарға қол қойылатыны хабарланған. Сапарда әдеттегідей сауда, әлеуметтік-гуманитарлық мәселелерге қоса көлік-транзит мәселесі де талқыланбақ. Тоқаев сонымен бірге Өзбекстандағы Қазақстан жылының салтанатты ашылу рәсіміне қатыспақ. Президенттің БАҚ өкілдеріне арналған брифингі де жоспарланған.

Жергілікті басылымдар президент сапары қарсаңында Ташкенттегі басты көшелерде екі ел туы мен достығы жайлы билбордтар ілініп тұрғанын хабарлады. 

Қазақстанда биылғы наурызда елді 30 жыл басқарған Нұрсұлтан Назарбаев президент ретіндегі өкілетін тоқтатып, Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет басшысы қызметіне кіріскен. Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің алғашқы шетел сапарын Ресейден бастаған. Бірақ сол сапар «мемлекеттік» деген мәртебеге ие болған жоқ. Ресми билік бұл сапарды Тоқаевтың «алғашқы мемлекеттік сапары» ретінде атады. 

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.