Қазақстанда волейболдан кезекті маусым аяқталды. Ұлттық лигада Павлодардың «Ертіс-Қазхром» командасы қола жүлде жеңіп алды. Осы команданың көшбасшы ойыншыларының бірі – Кристина Карапетян Қазақстанға Ресейден келген. Забайкальенің тумасы 2017 жылы еліміздің азаматтығын алып, былтыр ұлттық құрама сапында жазғы Азия ойындарына қатысты. Ойынымен ғана емес, сұлулығымен де танымал болып жүрген 26 жастағы спортшымен сұхбаттасудың сәтті түсті.

– Кристина, «Ертіс-Қазхром» үшін биылғы маусым қалай өтті?

 – Жалпы, жаман емес. Төрттіктің қатарына еніп, финалдық кезеңде ойнадық. Шешуші кезеңде қола медаль жеңіп алдық. Бір қуантатыны, команда мүшелері түгелдей маусымды ешқандай жарақатсыз аман-сау аяқтады. Кәсіби спортшылар үшін жарақаттан айналып өту аса маңызды.

– Кереку командасы қола медаль жеңіп алды. Қазіргі таңда сіздердің шамаларыңыз осыған ғана жетеді ме?

–  Жоқ, олай емес. Меніңше, екінші орынға таласуға шамамыз жетер еді.  «Жетісумен» плей-оффта тең дәрежеде ойнадық, бұл жерде шешуші сәтте Талдықорған командасы салқынқандылық танытып, жеңісті жұлып алды. Оның үстіне сәттілік те жолдас болмады.

– Сіздің ойыңызша, команданың ойынын жақсарту үшін қандай элементтерге баса назар аударған дұрыс?

–  Майда-шүйде элементтердің барлығын ескеріп, кемшіліктермен жұмыс істеу қажет. Волейболда допты ойынға қосу, қарсыластың шабуылы кезінде тосқауыл қоюу аса маңызды. Комбинация жасап үйрену керек. Маған біздің комананың қорғанысы ұнайды. Бұл біздің басты артықшылығымыз деп білемін.

– Қазақстандағы волейболдың деңгейін қалай бағалайсыз?

– Қазақстанда ойнап жүргеніме биыл үшінші жыл. Осы жылдар ішінде аздап болса да деңгей көтеріліп келеді. Қазір бірде-бір жеңіл ойын жоқ. Кез келген команда фавориттерге лайықты қарсылық көрсетеді. Қыздардың бәрі алғашқы минуттан соңғы ысқырыққа дейін жандарын салып ойнайды. Осылай болғаны қызықты. Қиындықпен келген жеңістің дәмі тәтті. Арасында үзілісі болса да, бір күнде 7 матч өткізу оңай емес. Бұл жерде тек физикалық тұрғыда ғана емес, моральдық жағынан да шаршаймыз. Турдың ойындары аяқталғаннан кейін тіпті сөйлесуге шама келмей қалады. Эмоциалдық тұрғыда қалжырағанынды байқайсың.

Қазақстанда чемпион болғым келеді

– Жалпы, сіздің волейболдағы негізгі мақсатыңыз қандай?, Спорттық карьераңызды аяқтау үшін нені күтесіз?

– Мен ойнайтын команданың Қазақстанда чемпион болғанын қалаймын. Сондай-ақ маусымның соңында жеке марапатқа да ие болғым келеді. Әрине, ұлттық құрамада өнер көрсету. Спорттық карьераны аяқтау әртүрлі болуы мүмкін. Бірақ әзірге ондай ой жоқ.

– Қазіргі заманда отандастарымыздың балаларын дәл волейбол спортына беруге не түрткі болуы мүмкін? Волейболдың қандай артықшылықтары бар?

– Бірінші кезекте бала ұжымда жұмыс істеп үйренгені дұрыс. Сөйтіп, ортаға бейімделеді. Оның үстіне, волейбол тез шешім қабылдауды қалпыстырады. Бұл жерде әрбір секундтың маңызы зор. Оның бәрі баланың реакциясының жылдам болуына әсер етеді. Егер нақты қыздар туралы айтатын болсақ, волейбол – арулар үшін нағыз өздеріне сай келетін командалық ойын деп санаймын.

– Биылғы жылы Токиода өтетін Олимиада ойындарының негізгі іріктеу кезеңдері өтеді. Қазақстанның жолдама алуға қауқары жетеді ме?

– Біздің іріктеу кезеңіндегі тобымыз – өте мықты. Қарсыластарымыз – Аргентина, Болгария және АҚШ құрамалары. Меніңше, барлығы команданың дайындығына байланысты. Мүмкін емес ештеңе жоқ.

– Сіз клуб пен ұлттық құрамада әртүрлі жаттықтырушылардың қарамағында ойнадыңыз. Солардың арасында қайсысымен жұмыс істеген қызықты болды?

Қазақстанда чемпион болғым келеді

– Әр жаттықтырушы өзіңдік ерекшілігі болады. Әрқайсысы, ойыншының дамуына шамалары келгенше өзіңше үлес қосады.Олардың арасында Виктор Бичевойды ерекше айтар едім. Бұл маманның қарамағында «Енисей» сапында ойнағанмын.

– Ер мен әйел бапкердің қандай айырмашылығы бар? Сізге кіммен жұмыс істеген қолайлы?

– Айырмашылық бар. Қайсысымен жұмыс істеу ыңғайлы екенін айта алмаймын. Жалпы, қыздарды жаттықтыру қиын. Әйтеуір, өзім солай ойлаймын. Аруларға ерлерге қарағанда басқаша әдіс қажет. Егер менің карьерамда бір әйел, бір ер жаттықтырушы болғанда қайсысы дұрыс екенін айтуға болар еді. Бірақ спорттық ғұмырымда 4 әйел, 6 ер бапкермен жұмыс істеп үлгердім. Оларды бір-бірімен мүлдем салыстыра алмайсың. Кейде, ер маманның ойы ұшқыр зерек әрі әйелдердің психологиясын жақсы түсінетіндері кездеседі. Ал кейбіреуі мүлдем басқаша болуы мүмкін. Бірде команданың тізгінін ұстаған жаңа бапкер жаттығу процесін, ойынның тактикасын, тіпті қарым-қатынастың өзін жігіттердікіндей етіп өзгертті. Алайда, одан жақсы ештеңе шыққан жоқ. Ол қызметінен жылдам босады.

Қазақстанда чемпион болғым келеді

– Осы жылдар ішінде қай бапкер ең қатал болды?

– Спорттық қарьерамда жұмыс істеген мамандардың арасында жаттығу процесіне ең қатаң қарағаны Виктор Гончаров болатын. Оның қарамағында Красноярскінің «Енисей» клубында ойнағанмын.

– Қай спортшыны өзіңізге үлгі тұтып, кумир санайсыз?

– Екі дүркін әлем чемпион Любовь Соколованың ойынынан ерекше ләззат алғанмын. Өте салқынқанды ойыншы. Артық алаңда қимылы жоқ, барлығын сауатты істейді. Сондай-ақ өте жылдам. Онымен бірге ойнау бақыты бұйырса қуанар едім.

– Қай матч ерекше есіңізде қалды?

– Былтырғы маусымдағы Павлодар мен «Жетісу» арасындағы матчты айтар едім. Бұл 2-3 орынға талас болатын. Мен ол тұста керсінше, Талдықорған командасында өнер көрсететінмін. Алаңға тек үшінші партияда шықтым. Мен ойнағанша, «Ертіс-Қазхром» 2:0 есебімен ұтып жатқан. Сосын 3:2 есебімен жеңісті жұлып алдық. Мұндай, камбэктен кейін қыздардың көбісі өз-өздеріне келе алмай біраз жүрді. Эмоциямызды сөзбен айтып жеткізу қиын болар. Бұл матч менің есімде ұзақ сақталары сөзсіз.

– Өзге елдің чемпионаттарында ойнау жоспарыңызда жоқ па?

– Шынын айту керек, осы уақытқа дейін бұл туралы ойламаппым. Ал қазір маған қызық көрініп тұр. Сондай мүмкіндік болса, өзге елде өзімнің шгеберлігімді көрсете алар ма едім деген сұрақ туындайды. Ресейдің суперлигасында толық ойнауға мүмкіндік бермеді. Әйтпесе, жаттығуда сол негізгі құрамдағы қыздардың ешқайсысынан кем болған емеспін. Бұл жерде тәжірибенің рөлі өте маңызды.

Қазақстанда чемпион болғым келеді

– Әзіл көтере аласыз ба?

– Мен өзім әзілді жақсы көремін. Қалжыңды түсінемін, күле аламын. Өмірде кез келген қиындықты күліп қабылдай алсаң, өзіне жеңіл болады.

– Қазір әлеуметтік желі қатты дамып кетті. Instagram арқылы жарнамамен ақша табатын спортшылар көп. Сізге мұндай ұсыныстар түсіп тұра ма?

– Ешкім ақша ұсынған емес. Көбінесе, айырбас күйінде. Ұсыныстардың барлығы қоғамның заңдылықтарына сай.

– Қазақстандағы волейболшы қыздардың арасында ТОП-3 сұлу спортшыны атап бере аласыз ба?

– Егер рұқсат етсеңіз, орындарға бөлмей-ақ қойяын. Тек ұлттық лигада ойнап жүрген қазақ қыздарының сұлулығын дәлелдеп жүрген үш қызды атап өтейін. Олар: Әлия Батқұлдина, Жәмилә Дәулетхан және Ботагөз Сәрсенбаева.

 – Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Бек Төлеуов.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.