22 наурызда Қазақстан астанасының атын «Нұр-Сұлтан» деп өзгеруіне «қарсылық білдірген соң оқуынан шығарылғаны» хабарланған 16 жастағы студент туралы білім министрі Күләш Шәмшидинова пікір білдірді. Бұл туралы «Қазақпарат» агенттігі хабарлады. 

Министрдің сөзінше, «баланы оқудан шығару туралы арызды ата-анасының өзі түсірген». 

«Біз ол жайында екі күн бұрын естідік. Дамир деген жігіт. Оның мәселесін зерделеуді бастадық. Бізге түскен ақпаратқа сәйкес, студенттің ата-аналары баласын алып кету туралы өтінішті өздері берген. Дегенмен, қазір біз өзіміз тексеріп жатырмыз. Егер оны заңсыз оқудан шығарса, заң бойынша тиісті шаралар қолданылады» дейді Шәмшидинова. 

Бірақ Азаттықпен сөйлескен оқудан шыққан баланың анасы Мира Джанұзақова министр сөзін «өтірік» деді. 

— Жоқ. Олар сөйтіп алдап жатыр. Мектептің өзі екі ай оқытуға зорға алды. [Колледж әкімшілігі бізбен] сөйлескен жоқ, бірден шығарып жіберді. Қол қойдық. «Шығыңдар» деді. Өз баламды оқудан шығарып қайтем? — деді анасы.         

Қазақстан президенті қызметіне 20 наурызда кіріскен Қасым-Жомарт Тоқаев астанаға Нұрсұлтан Назарбаевтың атын беруді ұсынған. Бірнеше күннен соң, 23 наурызда, жарлыққа қол қойды. 

Ұсынысқа қазақстандықтар әртүрлі реакция танытты: жергілікті билік Қазақстан қалаларында астана атауының өзгеруін қолдаған концерттер өткізді, ал әлеуметтік желіде түрлі белсенділер бұған қарсылық білдірген. Полиция 22 наурызда «Нұр-Сұлтан» атауына қарсы бірнеше тұрғынды ұстаған.

Видео: «Назарбаев, кет!» деп айғайлаған адамды полиция ұстады. 22 наурыз 2019 жыл. 

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.