Ораза –мұсылманның қасиетті бес парызының бірі. Тіпті, исламның өзге парыздарын орындамайтын адам да Рамазан айында ораза ұстап жатады. Демек, ораза ұстау – мұсылмандықтың ең көп жетілген, ең көп таралған бір парызы.

Қазақстан діни басқармасы сайты сұрақ-жауап формасында арнайы әзірлеген материалда: «Рамазан айында ораза тұту әр бір ер және әйел мұсылманға парыз. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Уа иман келтіргендер! Сендерге бұрынғыларға парыз етілгендей ораза парыз болды, бәлкім сақтанарсыңдар. Санаулы күндерде», – деген (Бақара, 183)», дейді. Яғни, Бақара сүресінің 183-аятында оразаның парыз екені жазылған.

Халифа Алтай аударған нұсқа да осы мағынаға жақын. «Әй мүміндер! Сендерге бұрынғыларға парыз қылғандай ораза парыз қылынды. Әрине сақсынарсыңдар. (183)». Көріп отырғаныңыздай, арасындағы сөздер мен кейбір мағыналары өзгеріп тұрғанмен («бәлкім», «әрине») оразаның парыз екені өзгеріссіз жазылған.

Бұл екі нұсқаны келтіріп отыруымыздың себебі жоқ емес. Редакциямызға келіп түскен бір мақалада дәл осы «парыз» сөзі – парыз емес, «ұсыныс» ретінде тәпсірленіпті. Автор оразаның шығу тарихына тоқтала келіп, жоғарыдағы аятты: «Әй мүміндер! Бұрынғыларға ұсыныс етілгендей сендерге де ораза ұсынылды. Сақтықпен қарағайсыңдар!» деп аударады.

Бұл жағдайды құранды әркім өзінше (білімі жеткен жерге дейін) түсінеді деп қоя салуға да болады. Діни тақырыптағы талас-тартыс қызып тұрған уақытта мұндай пікірлердің айтылуы заңды да. Дегенмен, дінтанушылар мен ҚМДБ тарапынан айтылар қарсы уәж бен ғылыми нақты дәлелдердің болатынын ескеріп, аталмыш мақаланы жариялағанды жөн көрдік.

Автордың көзқарасы редакцияның ұстанымын білдірмейді. Және баламалы баспасөз есепті сайтымыздың мінбері —  ашық пікір алаңы екенін естеріңізге салып, материалға қарсы мақала, ой-пікір болса жариялайтынымызды айтқымыз келеді.

Оразаны қанша күн тұту керек?

Ораза тұту мәселесі Ибрагим пайғамбар арқылы тарамдалған бірқұдайлық рационал діннен бастау алады. Бұл рәсім иудаизм мен христиан дәстүрінде де көрініс тапқан. Бірақ христиан дініндегі 40 күндік ораза (Иса пайғамдардың шөлдегі қиындыққа тап болуы) Киелі кітаптарға қатысты мәселе емес, бұл дәстүр ретінде кейін қалыптасқан рәсім. Тура осындай қиясты ислам дініндегі «30 күн оразаға» қатысты айтуға болады. Шындығында, Рамазанда бір ай бойы ораза тұту Құранда жоқ, бұл араб халқының ежелгі салт-дәстүрі ғана. Егер Құдайдың сөзіне — Құранға ғана сүйенсек, бұл Киелі кітаптағы ораза жөніндегі сөздің төркіні Тәураттағы Йом Кипур оразасымен ғана байланысып тұр. Яғни, ислам дініндегі ораза тұту мәселесі иудаизмді негіздейдін Киелі кітаптан бастау алып отырғанын көреміз және Тәураттағы осы принцип Құранда да көрініс тауып, мұсылманшылықтың негізгі ұстанымдарына айналып отыр.

Құранда ораза тұту жөнінде 2-сүренің (Бақараның) 183-аяттан бастап айтылады. Әрі қарай оразаны кімдердің тұту-тұтпауы және ораза тұта алмай қалған жағдайда қандай амал істеу қажеттігі түсіндіріледі. Бірақ 2-сүренің 183-аятында оразаның парыз екені айтылмаған. Аталған аят арабшадан аударсақ, мынандай түсінік береді:

«Әй мүміндер! Бұрынғыларға ұсыныс етілгендей сендерге де ораза ұсынылды. Сақтықпен қарағайсыңдар!». Мұндағы «ұсыныс» сөзі оразаның парыз (міндет) екенін айшықтап тұрған жоқ. Сондай-ақ, «сақтық» жөніндегі ескертпеге де назар салған жөн.

Оразаны қанша күн тұту керек?

Бұл сұрақты Құранның бірнеше аятына анализ жасап табымыз. Мысалы, 184-аятта «санаулы күн» (арабша ма дудати – санаулы, аз, сирек мағынасында) деп айтылады. «Бір ай» («30 күн») деген сөз жоқ. «Санаулы» деп айтылуына қарағанда, ол санауға жеңіл сан, яғни ол адам қолының саусақтарының санына қатысты цифр. Мұның дәл осындай екені басқа аяттарда да дәлелін тапқан. Денсаулығы жақсы, алыс сапарда қиналып жүрген емес, солай бола тұра ораза тұта алмай өзін кінәлі сезінетін  адам «10 кедейді» тамақатандыруы ізгі амал болып есептеледі. Ал ондай амал жасауға шамасы жетпесе, онда «үш күн оразамен» ауыстырылады (5:89). Құранда кедейлерді тамақтандыру амалын соған сәйкес келетін ораза тұтумен де алмастыруға болады (5:95).

Сондай-ақ, 2-сүренің 196-аятында қажылық кезеңде құрбан шалуға мүмкіншілігі болмаған мұсылман «қажылық кезінде 3 күн» және «үйіне оралған соң 7 күн», «толық 10 күн ораза ұстайтыны» айтылған. Көріп отырғанымыздай, толық ораза – 10 күн. Осы және басқа да аяттардағы дәлелге қарап, оразаны тұту мерзімі 10 күн және оразаны бөліп-бөліп өтеуге болады деген тұжырым жасаймыз.

Оразаны міндетті түрде Рамазан айында тұту керек пе?

Құран аяттарына көз жүгіртсек, онда ораза ұстау белгілі бір айға байлап қойылмаған. Егер мұсылман Рамазан айында науқастанып немесе сапар шегу себебінен ораза тұтуға мүмкіншілігі болмаса, онда оны басқа уақыттың «санаулы күндерінде» өтеуіне болады (2:185). Осы аятта Құдайдың адамдарға «жеңілдік қалайтыны, ауыртпалық артпайтыны», мұның бәрі (ораза тұту) «Құдайға шүкіршілік ету» үшін жасалатыны айтылған. Мұндағы Құдайдың адамдарға «ауыртпалық артпайтыны» — басты әрі маңызды тезис. Сондықтан Құдай оразаны «санаулы күн» тұтуды немесе оны басқа да ізгі амал жасаумен алмастыруға мүмкіншілік беріп отыр.

Тұрарбек Құсайынов,

 «Демос’ ҚБ-төрағасы.

Фото: asylsoz.kz

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.