2020 жылы Павлодар облысы ауылдық жерлерінің 60 пайызы орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етіледі.

Ал, жалпы 2016 жылдан бері облыста жаңадан салынғаны бар, күрделі жөндеуден өткені бар, барлы,ы 555 километр су құбырлары тартылған. Су тарту жұмысы қарқынды жүре бастаған үш жыл ішінде әсіресе ауылдық жерлерді сапалы ауызсумен қамтуға күш салынып, 46 мыңнан астам тұрғын сапалы суға қол жеткізген.

Бұл жұмыстардың барлығы «өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында өткенін айта кету керек. Облыстың 2016-2018 жылдар аралығында сумен қамту желілерін дамытуға 25,1 миллиард теңге бөлініп, бас-аяғы 33 жоба жүзеге асырылыпты. Бұл мәліметтер облыс әкімі Болат Бақауовтың басшылығымен өткен аппараттық кеңесте есеп берген өңірлік жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Қадылжан Сәтиевтің дайындаған баяндамасында айтылды. Басқарма басшысы ауылдық елдімекендерді сумен қамтамасыз етуді дамыту жайын айтып, атқарылған шаруалар мен алдағы жоспарлармен таныстырды.

Оның айтуынша, облысты сумен қамтамасыз ету жұмыстарына бөлінетін негізгі қаражат – республикалық бюджетке тиесілі. Дегенмен, облыс бюджетінен де қаржы бөлініп, шаруалар атқарылып жатыр.

— Жұмыс нәтижесінде ауылдық елдімекендердің орталықтандырылған су желілеріне қосылу көрсеткіші 19,4-тен 29,7 пайызға артты. Осы бағыттағы 52 жобаны жүзеге асыру мақсатында 2019 жылы 13 миллиард теңге бөлінді. Оның ішінде 10,4 миллиард теңге — республикалық бюджеттен, қалған 2,6 миллиард теңгесі – облыстық бюджеттен бөлінді, — дейді Қадылжан Сәтиев.

Су құбырларын тартып, жұртты орталықтандырылған су жүйесіне қосу мақсатында 2019 жылы іске асырылмақ 52 жоба аясында 39 нысан пайдалануға беріледі. Бұл нысандар іске қосылса облыстағы 35 мыңнан астам адам орталықтандырылған суға қосылады. Бұл облыстың сумен қамтылудағы жалпы көрсеткішін 10 пайызға арттырып, 39,9 пайызға жеткізеді деп күтілуде.

Өңірлік жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы ұсынған мәліметке сүйенсек, биылғы көрсеткішке сәйкес, облыс көлемінде 105 ауылдық елдімекен орталықтандырылған су құбырынан су ішіп отыр. Бұл адам басына шаққанда 135 мың тұрғынды құрайды. Демек, биыл ауылдық жерлерде тұратын тұрғындардың 65 пайызы сапалы сумен қамтамасыз етілген.

Аудандарға шақсақ, орталықтандырылған желілерге жалғанған ауылдықтардың көрсеткіштері бойынша алдыңғы орында Тереңкөл ауданы тұр. Бұл ауданда тұрғындардың 82,3 пайызы сапалы ауыз суға қол жеткізген. Бұдан кейінгі орында 76,8 пайыз көрсеткішпен Железин ауданы тұрса, 74,7 пайыз көрсеткішпен Ертіс ауданы үздік үштікті қорытындылап тұр.

Облыс әкімі Болат Бақауов өз тарапынан бірқатар ескертпелер де жасап қалды. Оның негізгісі су құбырлары тартылып болғаннан кейінгі жағдайлар ­– құбырлардың кімге тиесілі болатыны, қалай пайдаланылатыны, қандай тарифтер бойынша берілетінін назарда ұстау мәселесіне тірелді.

— Кейбір ауылдарда 2017 жылы іске қосылған су құбырларының небары 70 пайызы үйлерге жеткізілді. Әкімдер құрылыс жұмыстарының толық аяқталғанын күтіп, бір жылдан соң ғана құбырларды үйлерге қосады. Адамдарға су керек болса, құрылыс жұмыстарымен қатар оны үйлерге де жеткізуге болады емес п, — деп келіп, бірнеше мысал келтірді: — Қараоба ауылында бірде-бір нысан су желілеріне қосылмаған. Успен ауданына қарасты Константиновкада 662 миллион теңгеге жұмыс атқарылды. Бүгінде 325 ауланың 201-і ғана құбырға қосылған. Бұл 62 пайыз. Аққулы ауданы Ямышево ауылында бұл көрсеткіш 55 пайыз, — деді әкім.

«Сонда сіздерге судың керегі жоқ па?» деген сұрақпен сөзін аяқтаған облыс әкімі Ақтоғай ауданында су тартылып, құбыр үй маңынан өтіп жатқан 1121 ауланың бар болғаны 232-сі ғана орталықтандырылған су жүйесіне қосылғанын да айтты.

2021 жылға дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауызсу мәселесін түбейгейлі шешу туралы тапсырмасын ауызға алған облыс әкімі Болат Бақауов су құбырларын тарту бойынша жобалық-сметалық құжаттарды тез арада дайындауды қатаң тапсырды. Оның бұл тапсырмасының қалай орындаларын алдағы уақыт көрсете жатар, дегенмен, бұл тапсырмадан кейін осы күнге дейін суды арнайы тазарту құрылғылары арқылы сүзіп ішіп отырған 52 ауыл мен суды тасып ішіп отырған 8 ауылдың мәселесі шешіліп қалар деп сенеміз. Әкім де осыны айтты.

Әкімнің және бір ескерткені шағын ауылдарға үлкен жобаларды қор қылмау мәселесі. Шағын ауылдарға су тартуды сылтауратып қомақты қаржыны құрта бермей, бұрыннан бар су бұрғылары мен бұрыннан қолданып келе жатқан құрылғыларды жаңарту мәселесіне мән беру керек.

Фото: kzppp.kz

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.