Ташкентте Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтің алдымен санаулы саясаткермен, кейін кеңейтілген құраммен кездесуі өтті. Бұл туралы Ақорда хабарлады.  

Кеңейтілген отырыс басында Тоқаев Мирзияевке Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сәлемін жеткізіп, Назарбаевтың Қазақстан мен Өзбекстан қарым-қатынастарының «дамуына сіңірген өлшеусіз еңбегін» атап өткен.

Қазақстан президенті екі ел серіктестігінің сапасы мен мазмұнын «жоғары бағалаған».    

Тоқаев «Менің міндетім байланыстарымыздың сабақтастығы мен жоғары қарқынын сақтау деп ойлаймын. Мен де өз тарапымнан қазақ-өзбек ынтымақтастығының еш кедергісіз өркендеп, дамуына барлық мүмкіндікті жасаймын» деген. 

– Біз Өзбекстанның дамуын зор қызығушылықпен бақылап отырамыз. Сіздер бірқатар бағыт бойынша реформалар жүргізіп, соның ішінде мемлекеттік басқаруды, экономиканы либерализациялауды жетілдіріп, халықтың әл-ауқатын арттыру ісінде таңқаларлық жетістіктерге қол жеткіздіңіздер, – деді ол. 

«Екі халықтың тарихында ортақ нәрсе көп» деген Қазақстан президенті Тоқаев Мирзияевке Қазақстанның Өзбекстандағы жылын өткізуге мүмкіндік бергені үшін алғыс айтты. 

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан президенті қызметіне кірісуімен құттықтап, оның «халықаралық ауқымдағы саясаткер және мемлекеттік қайраткер ретіндегі мол тәжірибесін» айтқан. 

Ақорданың жазуынша, екі президенті Қазақстанды отыз жылдай басқарған Назарбаевтың «екі ел арасындағы бауырластық байланыс пен серіктестікті, Орталық Азиядағы бейбітшілікті, тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі ынтымақтастықты дамытуға қосқан көрнекті рөлін» атап көрсеткен. 

– Қазақстанмен достық қарым-қатынасты, тату көршілікті нығайту – Өзбекстанның сыртқы саясатының басым бағыты. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев екеуміз екі ел арасындағы  қарым-қатынастардың берік іргетасын қалап, өзара байланысты жаңа деңгейге көтере алдық, – деді Шавкат Мирзияев.

Мұнан соң екі президент біріккен мәлімдеме жасады.

Мәлімдемеде «Тараптар өңірде және жалпы әлемде қалыптасып отырған ахуалды бағалаудағы ортақ ұстанымдарды атап көрсетіп, өңірдегі қазіргі заманғы сын-тегеуріндер мен қатерлерге қарсы тұру мен олардың алдын алуға бағытталған, ең алдымен екіжақты форматта және көпжақты құрылымдар шеңберінде халықаралық терроризмге, діни экстремизмге, есірткі трафигіне, трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа, заңсыз көші-қонға және басқа да проблемаларға қарсы күресте  бірлескен шаралар қабылдауды жақтап сөйледі» деп жазылған.

Екі ел президенттері Қазақстанның Өзбекстандағы жылының ашылу салтанатына қатысады деген ақпарат бар. 

Оқи отырыңыз: Екінші президенттердің Ташкенттегі алғашқы кездесуі

Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің алғашқы шетел сапарын Ресейден бастаған. Бірақ сол сапар «мемлекеттік» деген мәртебеге ие болған жоқ. Ресми билік бұл сапарды Тоқаевтың «алғашқы мемлекеттік сапары» ретінде атады.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.