15 сәуірде кешкісін Өскемен қалалық мамандандырылған әкімшілік соты тап сол күні таңертең қала прокуратурасы алдында наразылық білдірген зейнеткерлер — 77 жастағы Владимир мен 73 жастағы Валентина Тарасовтарға қатысты қаулы шығарды. Судья Фархат Камалов екі зейнеткерге құқық қорғау органы қызметкерінің заңды өкіміне немесе талабына бағынбау (667) бабы бойынша ескерту берді.

Судья Камалов Тарасовтардың өздерін акция өткізіп отырған жерінен полиция ұстап, күшпен бөлімшеге әкелген видеосын беру туралы өтінішін қанағаттандырды. Судья сот қаулысының мәтіні бес күннен соң дайын болатынын, Тарасовтар қаулы үстінен 10 күн ішінде шағым түсіре алатынын айтқан. 

Тарасовтар 667-бап бойынша қамауға алынулары да мүмкін екенін, бірақ заң бойынша 58 жастан асқан әйелдер мен 63 жастан асқан ерлердің қамауға алынбайтынын айтады.

Зейнеткерлер сот қаулысына «міндетті түрде шағымданамыз» деді. 

Тарасовтардың жауапқа тартылғаны туралы ақпаратты сотқа қатысқан прокурор Алексей Тильков растады. Жарыссөз кезінде прокурор зейнеткерлердің әрқайсысына 40 айлық есептік көрсеткіш (100 мың теңге — шамамен 265 доллар) көлемінде айыппұл салуды сұраған. 

15 сәуір күні 14.30-да Тарасовтар мәжбүрлі түрде қалалық полиция бөлімшесіне жеткізілген. Зейнеткерлер сөзінше, полицейлер Владимир Тарасов өзін прокуратура қоршауына байлап тастаған шынжырды үзіп тастап, артынша хаттама толтырған. Зейнеткерлер оған қол қоюдан бас тартқан. «Мұнан соң полицейлер куә ретінде әлдебір азаматтарды шақырып, оларға зейнеткерлер хаттамаға қол қоюдан бас тартып жатыр деп жаздырып алған» дейді Тарасовтар. 

Зейнеткер Тарасовтар бірнеше жылдан бері 2013 жылы моншада қаза тапқан ұлдары — 39 жастағы Григорий Тарасовтың қазасы бойынша қозғалған қылмыстық істің 2017 жылы жабылуына наразылық білдіріп келеді. Бұған дейінгі акциялардың ешбірінде зейнеткерлер жауапқа тартылған емес. Бұл — Тарасовтардың алғаш рет сотқа тартылып, жазалануы.   

Григорий Тарасовтың өліміне қатысты жүргізілген тәуелсіз сараптама «моншаның жылыту қазандығы өздігінен жарылмаған, оны жаруға айғақтарды жойып жіберу мақсатымен сырттан ықпал еткен» деген қорытынды шығарған.

Тергеу тобы бұған дейін істі тоқтатқан еді, бірақ Тарасовтар қарсылық акцияларын өткізіп және мемлекеттік органдарға жүгініп, тергеуді қайта бастатқан.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.