Май шам жаққан талдықорғандықтар

Талдықорғанға қарасты екі жарым мың адамы бар 3-бөлімше тұрғындары өркениеттен қол үзгендеріне 7 жылдан асқан. Екі жарым мың адам тұрып жатқан елдімекенде әлі күнге дейін жарық жоқ, суды көрші ауылдан тасуға мәжбүр. Әкімдіктегілердің құрғақ уәдесіне тойғандар БАҚ өкілдерінен көмек сұрап отыр.

Талдықорғаннан небәрі 8 шақырымда орналасқан 3-бөлімше тұрғындары қас қарайса майшамдарын майлап, түн қамына кіріседі. Өркениеттің ортасында отырса да мұндағылар ескі шамды тастауға әлі асықпайды екен. Себебі, 2 жарым мың тұрғыны бар ауылда бір ғана трансформатор бар.  Соған байланысты электр жарығын бір-бірінен тартуға мәжбүр.  Ал, ағаштан тұрғызылған бағаналар құлаудың алдында тұр. Жел тұрса электр сымдары үзіліп, үнемі жарық өшеді.   

Май шам жаққан талдықорғандықтар

«Майшамды лақтырған жоқпыз, әлі ұстап отырмыз. 21-ғасырдың шамы. Жарық үнемі өшеді. Әкімдіктегілерге айтып шаршадық. Нәтиже болмаған соң, амал қанша, осылай күн көріп отырмыз», — дейді 3-бөлімше тұрғыны Төлеу МЫРЗАБЕКОВ.

7 жыл бойы ауылда  ауыз су мәселесі де шешілмеген екен. Әкімдіктен күдер үзгендер үйлеріне өздері су тартып жатыр. Бірақ, “барлығымыздың бірдей су тартуға қаражатымыз жетпейді” дейді тұрғындар.Тіршілік нәрін көбі үш жарым шақырымдағы көрші ауылдан жаяу тасыйды. Көлігі барлар қаладан әкеледі.

«4 үй бірігіп миллион екі жүз мың теңге жинадық. Өз қаражатымызға есік алдына дейін су құбырын тарттық. Рұқсат алуға, құжаттарын дайындауға да біраз ақша кетті. Ал, оған жағдайы жетпейтін адамдар не істеуі керек?» — дейді  Рахат СҮЛЕЙМЕНОВ.

Май шам жаққан талдықорғандықтар

«Былтыр облыс басшысы келіп жағдайымызды өз көзімен көрді. Жанындағыларға ұрысып, тапсырмалар бергендей болды. Барлығы шешіледі деп сендірді. Қала әкімі болған Шалтабаев та келді. Міне, ауысты деп естідік. Олар ауысады, бірақ, біздің проблемалар орнында қала береді», — дейді тағы бір тұрғын Қайрат ЫБРАЙЫМОВ.

Өркениеттен қол үзген тұрғындар үшін тағы бір үлкен сынақ бар. Ол – ауыл сыртынан өтетін Алматы-Талдықорған тас жолы. Жолдың қарсы бетіне өтетін жер үсті өткелі тұрмақ жаяу жүргінші жолағы да жоқ. Жүйткіген көліктердің арасынан тұрғындар басын қауіпке тігіп өтуге мәжбүр.

Май шам жаққан талдықорғандықтар

Айнұр ДӘУЛЕТХАНҚЫЗЫ 3-бөлімше тұрғыны: «Бұл жолдан жүгіріп, секіріп аман қалу үшін тездетіп өтесің. Бұл жерде 2 рет адам өлген болатын. Оны ешкім де ештеңе деп айтқан жоқ, жылы жаба салды. Ауылда жас отбасылар мен қарттар көп. Біршама мүгедек жандар бар. Бірақ олардың тағдырына алаңдап отырған ешкім жоқ.»

Жуырда ғана басшысы ауысқан қала әкімдігі ескі әдетіне салып, мәселеге қатысты түсінік беруді баспасөз хатшысына жүктеген екен. Оның сөзінше, елдімекенге су тарту үшін жобалық-сметалық құжат дайындалған. Жоспарға сәйкес мұнда 8.5 шақырым су құбыры тартылмақ. Алайда, жобаның құрылысына әлі ақша бөлінбеген.

Май шам жаққан талдықорғандықтар

Данияр ЖАНЫС, Талдықорған әкімінің баспасөз хатшысы: «Елдімекенді жарықпен қамту үшін ереже бойынша алдымен жол салынуы керек. 2018 жылы облыстық бюджеттен жолға ақша сұралған. Қазіргі уақытта расталған жоқ. Егер бюджеттен ақша бөлінсе бірден жұмыстар басталады».

Май шам жаққан талдықорғандықтар

Әкімдіктегілердің айтуынша республикалық тас жолдағы қауіпті жол аймағына “Қазавтожол” компаниясы жауапты. Дегенмен, аталған компания өкілдеріне де тиісті өтініш жолданған екен. Шенділердің жауабына қарағанда өркениеттен кенже қалған тұрғындар үшін күтуден басқа амал жоқ.

Май шам жаққан талдықорғандықтар

Фотолар автордікі.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.