Елорда әкімдігі биылғы президент сайлауына мектеп мұғалімдерінің араласпайтыны жайлы мәлімдеме жасады.

Еуразия арнасының хабарлауынша ұстаздар мәжбүрлі түрде жұмысқа жегілмейді, оған қосымша дауыс беру, бермеуді де өздері шешеді. Ал, әкімдік тек үгіт-насихат ретінде дауыс беруге шақырады.

Бұған дейін өткен сайлаулардағыдай көше-көшені аралап, үй-үйдің есігін қағып, сайлау науқанын «қыздыратын» мұғалімдердің орнын кім басады? Қала билігі бұл мәселені жұмыссыз азаматтар мен студенттерді тарту арқылы шешпек.

Айта кетерлігі, бұл артықшылық әзірге тек астаналық мұғалімдерге ғана қатысты. Қалған өңірлер мен облыс орталықтары әзірге мұндай мәлімдеме жасаған жоқ.

— Біз сайлау комиссиясының құрамына кіруге ешкімді мәжбүрлеген жоқпыз. Сайлау комиссиясы тиісті тәртіп бойынша әр бес жыл сайын жаңартылып отырады. Қазіргі комиссияның ішінде әр түрлі санаттағы адам бар. Мұғалімдер де, басқа да мекеме ұйымдардың қызметкерлері кірген», — дейді қала әкімі аппараты басшысының орынбасары Азамат АХМЕДЖАНОВ.

Ахмеджанов айтқан тізімнің ішіндегі мұғалімдер мәжбүрлі түрде емес, өз еріктерімен кіріп алғандар. Өйткені, сайлау десе шаба жөнелетін мұғалімдер бұл науқанға да араласуға ниет танытыпты.

Мұғалімдер негізінен тегін жұмыс күші ретінде пайдаланылып келгені жасырын емес. Үй-үйді аралап, түн баласы көше кезіп жүретін мұғалімдерге де көз үйренген. Бір қызығы соның барлығы ешқандай қосымша ақшаға емес, істеп отырған жұмысынан айрылып қалмау үшін ғана «жалданатын». Ал биылдғы сайлауда ондай мәселелер болмайды. Өйткені, сайлау науқанына араласқан барлық азаматтарға арнайы ақша төленуге тиіс, өйткені, биылғы сайлауға мемлекеттік бюджеттен 9 млрд 348 млн теңге бөлінді, оның 70 пайызы азаматтардың еңбекақысы үшін қарастырылғанын айтылуда.

Биылғы сайлаудың әділ әрі таза өтуіне уақытша президент Тоқаевтың өзі кепіл болатынын мәлімдегені есте. Егер, мұғалімдерді сайлауға қатысуға, жұмысқа мәжбүрлеуге куә болсаңыз немесе директор дауыс көтеріп, қыр көрсетіп жатса 109 нөміріне қоңырау шалып, шағымдана алады. Және бұл тек мұғалімдерге ғана емес, барлық бюджеттік мекемеге қатысты.

Ал, науқанға араласатын жұмыссыздар мен студенттер көше-көшені аралауға шыққанда қастарында полиция қызметкерлері бірге жүретін болады.

Қазақстан Республикасы президентінің кезектен тыс сайлауы 9-маусымда өтеді.

Фото: matritca.kz

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.