Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай ауданында сібір жарасы ауруына шалдықты деген күдікпен бір адам ауруханада жатыр. Қолына жара шыққан тағы да бір адам емханаға жеткізілген. Абырой болғанда, ол науқас сау болып шықты.

— Ал қауіпті дертке шалдығуы мүмкін деген 61 жастағы ер адамның қазіргі жағдайы жақсы екен. Десе де, дәрігерлер зертханалық сараптау жұмыстарын жасап жатыр. Бәрі бақылауымызда. Алаңдауға негіз жоқ  – деді, Шығыс Қазақстан облысы қоғамдық денсаулық сақтау департаменті аса қауіпті карантиндік жұқпалы ауруларды бақылау бөлімінің басшысы Хамит ЖАМАЛИҰЛЫ.

Бірақ, өзін дәл осы Катонқарағай ауданының тұрғынымын. Есімін ГҮЛЖАН деп таныстырған әйел: – аудан халқы алаңдап отыр. Аты жаман ауру жылда неге қайталанатын болды. Ауруханада үш адам жатыр. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен еліміздің денсаулық сақтау министрлігіндегілер не қарап отыр? – деп ашынды.

Ондағы жұрттың бұлай алаңдауы да орынды. Өйткені былтырғы жылдың күзінде ғана дәл осы дерттен бір жігіт дүние салған болатын. Ал дәрігерлер сол уақытта науқастың өзін кінәлап, уақытылы емделмей, ауруын асқындырып жібергенін айтып ақталған еді.

Қайғылы оқиғаның жайын еске түсірсек, марқұм екі ауылдасымен бірге бұзау сойған. Оның етінің жартысын сатып, жарты бөлігін көршілері мен туыстарына таратып берген. Тіпті сыбағадан ауыл мектебіне де үлестірген болатын. Осыдан кейін, бір апта өткенде өзі ауырып, дәрігерге жүгінген. Біраз күннен соң облыс орталығына жедел түрде жеткізіледі. Қыркүйектің  21-і күні таңертең денсаулығы күрт нашарлап, сол күні түсте сағат 13.55-те қайтыс болды.

Ал мамандар ауру Катонқарағай ауданының Салонов ауылдық округіндегі 1972 жылы көмілген қорымнан шыққан. Көктемдегі тасқын мен жаздағы жаңбырдың көптігі, жер асты суының көтерілуіне себеп болған. Соның салдарынан дерт жұқты деген қортынды жасады. Ауру ошағы қайта көміліп, залалсыздандырылған еді. Мал егіліп, ауыл іші бақылауға алынған болатын.

Жалпы Шығыс Қазақстан облысында оған дейін Сібір жарасы ауруы  Жарма ауданында 2016 жылы шығып, індетті 2 адам жұқтырған болатын. Олар дін аман. Ал дәл осы жылы Қарағанды облысында сырқаттанған тағы да екі адам қайтыс болған еді.

Фото ғаламтордан алынды.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.