Қарағанды әкімі Нұрлан ӘУБӘКІРОВКЕ шаһардың келбетіне нұқсан келтірген қоқысқа қатысты қордаланған мәселе аз болғандай, енді  кентті кезген қаңғыбас иттің көбейуі проблема болды. Жергілікті бюджеттен қаңғыбас иттердің көзін жою үшін бір пәтердің қаражаты бөлініпті.

2019 жылдың  үш айы ішінде Қарағанды қаласында қаңғыбас иттерге қатысты тұрғындардан үш жүздей шағым түскен. Шенеуніктердің айтуынша былтырғы жылы осындай мерзімде 160 шағым түскен екен. Әсіресе Қарағанды қаласының Октябрь ауданы мен Оңтүстік Шығыс, Пришахтинск аудандарынан «қауіпті иттер көп» деп шағымданғандардың қатары артқан.

Қарағандыда қаңғыбас иттерді жою үшін бір пәтердің қаржысы бөлінген

«Октябрь ауданында тұрамын. Бірінші сыныпта оқитын баламды мектептен қайтып келе жатқанда, бірнеше ит қоршап қауып ала жаздаған. Абырой болғанда сол маңнан өтіп бара жатқан тұрғындар араша түсіпті. Содан бері балам қатты шошып қалған, қаңғыған иттер Майқұдықта көп, көздерін құрту керек», — дейді Октябрь ауданының тұрғыны Манат СӘУЛЕБЕК.

Ит қауып жарақат алғандар саны Қарағандыда «жаға ұстатар» жағдайға жеткен. 2018 жылы 1300 адамды ит қауып жараланса, 2017 жылы зардап шеккендер саны мың жарымнан асқан.

Қарағандыда мемлекеттік органның итті аулау шарасын қадағалаймыз деген қоғам өкілдері мен еріктілер Октябрь ауданындағы ит пен мысықтарды жоятын мал қорымына барды. Ветеринарлық станция мамандары тұрғындардың шағымы бойынша қаңғыған иттерді аулап осында әкеледі. Ит қожайындарын бірер күн тосқан соң, олар табылмаса осы жердегі арнайы пеште өлекселерін өртейді. Қарағанды қаласына бір жылда қаңғыған иттерді аулауға 6 млн 151 мың теңге қаражат бөлінеді екен. Бұл дегеніңіз қаладағы бір бөлмелі пәтердің құны. Мамандар осы ақшаға 1400 ит пен 200 мысықты аулауы тиіс. Қаңғыған бір иттің көзін жою үшін қазынадан төрт мың теңгеге жуық қаражат беріледі.

«Ветеринарлық станцияның міндеті қаңғыған итті аулап оның көзін құрту. Ал еріктілер 60 күн бойы ережеге сай итті өлтірмей ұстап тұру қажет деп пікір білдіреді. Ол үшін қаражат қарастырылмаған. Бір айта кететін жайт — осы иттерді аулаудың арқасында ит қауып жарақаттанғандар қатары азайған», — деп мәлімдейді Қарағанды қаласының ветеринария бөлімінің бастығы Ержан БЕКЕТАЕВ.

Ал қаңғыған «иттерді құрту қатігездік» деп санайтын волонтерлер төрт аяқтыларды қыра бергенше оларға арнап «питомник» салу қажет, әрі мемлекеттік органдар стерилизация жасауға көңіл бөлуі тиіс деп есептейді.

Қарағандыда қаңғыбас иттерді жою үшін бір пәтердің қаржысы бөлінген

«Иттерді босқа жіберіп қойғаны үшін әрі оларға стерилизация жасамағаны үшін жеке тұлғаларға айыппұл салу керек. Біз еріктілер өз қаражатымызға осындай шара жасағанбыз. Қазір біздің қарамағымыздағы иттердің күшіктеуі біршама азайды. Ал мемлекеттік органдар тарапынан осындай жұмыстарды атқаруға көңіл бөлінуі тиіс», — деп есептейді волонтер Наталья ИВАНОВА.

Шенеуніктер иттерге арнап питомник салуға және оларға стерилизация жасауға қаражат жоқтығын айтады.  

Фотолар автордікі.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.