Жетісай қаласында 28 жастағы ананың асырауындағы үш өгей қызын адам айтқысыз әдіс-тәсілдермен азаптап келгені әлеуметтік желіге жарияланып, ел арасында дүрбелең туғызып жатыр.

Өгей шешелерінің қолынан ұзақ уақыт бойы зардап шеккен қыздардың үлкені  2003 жылы, одан кейінгілері 2005 және 2007 жылы дүниеге келген. Өгей ана — Жұлдыз есімді әйел 2016 жылы жергілікті азаматқа тұрмысқа шыққан. Әлгі азаматтың алғашқы әйелінен үш қыз болған.

Әлеуметтік желіде жарияланған мәліметтерге қарағанда, өгей ана кәмелет жасына толмаған қыздардың «тырнақтарының астына қайта-қайта ине тығып, жылайын десе, ұрып-соғып «күліп тұр» деп, жандарына батып тұрса да, езулерін тартқызып, тоңазытқышқа бірталай уақыт отырғызып қинап, қайшымен денелеріне жарақат салып, шайларына гель қосып ішкізіп, тіпті жыныстық мүшелерін кемпірауызбен қысып, жарақат салған» көрінеді. Әрине, аталған сұмдық фактілердің қаншалықты рас-өтірігін анықтаумен қазір тергеушілер айналысып жатыр. 

Осы жайт бойынша бүгін Түркістан облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат ҚАРАКӨЗОВА баспасөз мәслихатын өткізді. Оның айтуынша, өгей ананың қатыгездікпен балаларын ұрып-соғып, дене жарақаттарын салу арқылы зорлық көрсеткені анықталған. Бұл жайт Жетісай аудандық полиция бөлімінде тіркелген. Қылмыстық кодекстің 140-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктіге шектеу шарасы қолданылған. Комиссия шешімімен балалар әжесіне тапсырылған. Бұл жайт Ішкі істер министрінің және облыс прокурорының бақылауына алынған.

Айта кетері, анықтау жұмыстарын жергілікті әкімдік те жүргізіп жатыр. Аудан әкімінің кеңесшісі Айдар СЕЙДӘЗІМНІҢ айтуынша, отбасының әлеуметтік жағдайы жаман емес. Отағасы көлік жөндеумен айналысады. Өгей ананың балаларды ұрып-соғуы әкелері үйде жоқ кезде болған көрінеді. 2017 жылы олардың арасында бір ұл дүниеге келген. Туыстарының айтуынша, осы кезден бастап келіннің мінез-құлқында өзгерістер байқалған. Ол қыздарды ұрып-соғып және оны ешкімге айтпауды ескертіп отырған. Қыздар бұл туралы ешкімге тіс жармаған. Алайда зардап шегушілердің денелерінде жарақат іздерін көрген мұғалімдер балалардың тағдырына алаңдаушылық білдіріп, тиісті орындарға хабар бергенге ұқсайды. Ал қыздардың әкесі мұны қалайша осы уақытқа дейін білмей келгені таңқаларлық.

Қазіргі уақытта үш қыз ауруханада ем қабылдап жатыр.

Фото автордікі.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.