Роскомназдор (Ресейдің байланыс, ақпараттық технологиялар және бұқаралық коммуникацияны бақылау жөніндегі федералдық қызметі – ред.), Ресей президентінің әкімшілігі мен Бас прокуратура ресейлік БАҚ-тың бас редакторларымен жабық кездесу өткізді. Жиын кезінде шенеуніктер журналистерге жуырда қабылданған билікті қорғау туралы заң қалай іске асатынын түсіндірген. Бұл туралы құпия дереккөздеріне сілтеп, BBC ақпарат агенттігінің Орыс қызметі хабарлады.   

Биліктің сөзінше, заң «саналы түрде, нақты жағдайларда» ғана қолданылады. Роскомнадзор «сайтты бірден бұғаттамайтынын, алдымен ескерту беретінін» айтқан. 

Журналистер «Оппозиция наразылық акцияларында, әсіресе Алексей Навальный жиі қолданатын «Путин — ұры», «Единая Россия — алаяқтар мен ұрылар» деген тіркестерді БАҚ-та қолдануға бола ма?» деп сұраған. Роскомнадзор өкілі «Меніңше, бұл билікті қорлау саналады. Бірақ бағасын прокуратура беруі керек» деген. Шенеуніктер бұл сұраққа нақты жауап бермеген. Жиналыс өткізген тараптың бірі кездесу кезінде «Мемлекеттік думаны қорлауға болмайды, бірақ депутаттарды болады» деген.   

Роскомнадзор мен Бас прокуратура жиынға қатысты ешбір комментарий бермеді. 

Биыл наурызда Ресей президенті Владимир Путин «жалған ақпарат» таратқандар мен «билікті қорлағандарды» жазалайтын заңға қол қойған.

Билікке немесе мемлекеттік рәміздерге тіл тигізіп, қорлаған адамға 100 мың рубль айыппұл салынады немесе 15 тәулікке дейін әкімшілік қамау жазасы тағайындалады. Қайтадан заң бұзған жағдайда айыппұл мөлшері 200 мың рубльге дейін көбейеді.

Бұл заң жобаларын Ресей мемлекеттік думасы 7 наурызда қабылдап, кейін Федерация кеңесі мақұлдаған. Ал президент жанындағы адам құқығы жөніндегі кеңес пен бірқатар құқық қорғау ұйымдары құжатқа қарсылық білдірген.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.