«Аманат» Қазақстан кәсіподақтар ынтымақтастығы» кәсіподақтар республикалық қауымдастығының төрағасы Андрей Пригорь ұйым мүшелеріне биліктің «қысым жасап жатқанын» айтты. 18 сәуірде Қарағандыда Қазақстан вице-премьері Гүлшара Әбдіхалықова мен еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен өткен жиында Пригорь мемлекеттік органдар «әкімшілік ресурсты тәуелсіз кәсіподақтарға қарсы қолданады» деді.   

«Аманаттың» құрамына кіретін салалық кәсіподаққа көбіне бюджет саласында істейтін, әкімдіктерге тәуелді адамдар мүше болғандықтан олар кәсіподақтан шығып кетуі үшін [билік] бізді оппозиционерлер деп те атайтынын естідік. Мен прокуратура мен әкімдікке шағымдандым. Олар «саған бұл іске араласуға болмайды» дейді. Менің де оларға айтарым сол – мемлекеттік органдар кәсіподақтар жұмысына араласа алмайды. Бірақ араласып жатыр», — дейді Андрей Пригорь.               

«Өңірдегі әлеуметтік шиеленіс өршіп бара жатқанын» айта бастағанда модератор жиын регламентіне сілтеп Пригорьдің сөзін бөлді. Сөзін аяқтамаған кәсіподақ жетекшісі өңірдегі соңғы кездердегі жағдай сипатталған хатты Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошановқа, министр Сапарбаев пен вице-премьер Әбдіхалықоваға тапсырды. Әбдіхалықова «Барлық мәселе заңмен қаралуы керек» деп жауап берді. Кәсіподақтарға «қысым» мәселесі мұнан соң талқыланған жоқ.    

Нұр-Сұлтаннан келген шенеуніктер қатысқан жиын ұзаққа созылмады. Кездесу кезінде әлеуметтік шиеленіске, жұмысшылардың жаппай қысқартуға және еңбек дауларына жол бермеу қажеттігі жайлы айтылды. Қарағанды облысының әкімі Қошанов «дау тууы мүмкін жағдайларды шұғыл шешуге дағдылану керек» деді.

Кәсіподақ өкілдері «жұмысшыларын басқа ұйымдарға қызмет етуге жіберуге әуес жұмыс берушілер мен жұмысшылар арасында дау болмас үшін аутстаффинг институтын реттеу керегін» айтты.      

«Біздің міндетіміз – әлеуметтік шиеленіс пен еңбек дауларын, жаппай қысқарту жағдайларын болдырмау, шетелдік жұмыс күшін тартудың көбеюіне жол бермеу. Кейбір облыстарда квота сақталмайды», — деді Бердібек Сапарбаев.

Вице-премьер мен еңбек министрі жиын аяқтала сала кездесу өткен жерден кетіп қалды. Азаттық тілшісі астаналық шенеуніктерге сұрақ қоя алған жоқ.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.