Украина астанасы Киевтегі «Олимпийский» стадионында президенттікке кандидаттар — Петр Порошенко мен Владимир Зеленскийдің дебаты өтті. Дебат жергілікті уақытпен кешкі жетіде (Нұр-Сұлтан уақытымен — 22:00) басталды. 

Дебат ережесі бойынша әр кандидат 5 минут кіріспе сөз сөйледі және 36 минут сұрақ-жауап кезеңін өткізді. Одан кейін қорытынды сөзге 5 минут берілді. 

Сөзді кім бірінші бастайтыны тиын лақтыру арқылы анықталды. Алғашқы сөзді Владимир Зеленский алды. 

«Олимпийский» стадионында екі сахна құрылған және кандидаттардың қолдаушылары да сол екі сахнаның маңына топтасқан. Дебат басталарға бірер минут қалғанда Петр Порошенко Владимир Зеленскийдің сахнасына барды. Екі үміткер бір-біріне жылы шырай танытып, қол алысты. 

Дебатты бастаған Зеленский «2014 жылғы сайлауда Петр Порошенкоға дауыс бергенін, бірақ онысы қате болғанын» айтты. Ол «қазіргі Порошенко мен бұрынғы Порошенконың айырмасы көп, екі Порошенко бар және мен сіздің қателіктеріңіздің нәтижесімін» деді. 

Ал екінші болып сөз алған Петр Порошенко «бұл дебатқа әзер жеттік, өйткені Зеленский мырза бізден, халықтан жасырынып келді» деді.  

Ол Зеленскийдің ел басқара алатынына күмәні көп екенін айтты. Порошенко «бұл кандидат әлсіз, Путиннің соққыларын көтере алмайды» деді. 

Сайлаудың екінші кезеңіне өткен соң Зеленский Порошенконы дебатқа шақырған. Порошенко бірден келісім берген. Дебат 14 сәуірге белгіленген. Киевтегі «Олимпийский» стадионы дебат өтетін жер ретінде таңдалған.

14 сәуірде Порошенко дебатқа келген. Бірақ Зеленский «дебатты өз мақсатына пайдаланғысы келетін күштер бар» деп стадионға келмеді. Порошенко стадионға келген жақтастарының алдында сөз сөйлеп, журналистерге сұхбат берген. Кейін екі кандидаттың командасы дебатты 19 сәуірде өткізуге уағдаласқан.

31 наурызда Украинадағы сайлауда Зеленский 30 пайыз, Поршенко 15 пайыз дауыс жинап, екінші турға өткен. Киев халықаралық институтының сауалнамасының нәтижесі бойынша, екінші кезеңде сайлаушылардың 72 пайызы Зеленскийге дауыс беруге дайын.
Сайлаудың екінші кезеңі 21 сәуірде өтеді.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.