Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова вице-премьер Гүлшара Әбдіхалықова бастаған Үкімет делегациясымен Семейге келгенде «жағдайым нашар» деп шағымданған мұғалім көрмегенін айтты. Бұл туралы Zhasalash.kz-тің өңірдегі тілшісі хабарлайды.

Өңірлердегі білім ошақтарының проблемасын шешудің жайы қарастырылып жатқанын айтқан министр қазір әсіресе, бала санының көптігінен үш ауысымда білім беретін мектептердің мәселесін шешу жайын, ағылшын тілін кезең-кезеңімен оқытуға басымдық берілетінін айтып өтті.

Министрдің сөзіне сүйенсек, алдымен қазақ тілінің оқытылуын қадағалау қажет. Ал ағылшын тілін жоғары сыныптардан бастап қана оқытқан дұрыс. «Ол үшін алдымен мұғалімдердің өзінің ағылышын тілін толықтай меңгергендігі назарда болуы керек» дейді министр.

Шәмшидинова жалпы Семей мектептерін аралау барысында тек білім беру саласына қатысты ғана әңгімелер өрбігеніне риза болғанын тілге тиек етті.

Мұғалімдермен әңгімелестім. Бәрі де білім саласындағы өзгерістерге, педагогикалық мамандықтарына сай туындайтын сұрақтар төңірегінде білгісі келгендерін сұрады. Ең қуантарлығы «жағдайым нашар» деген мұғалім көргем жоқ» деді министр қуанышын жасыра алмай.

Министр осылай қуанып жүруінің бір себебі – Семейге қарасты ауылдардағы бала саны азайып кеткен мектептердің ары қарайғы тағдыры, Бесқарағай ауданының жерінде отырған, әкімшілік бағынысы Семейге қарайтын Шаған кентінің не спорт залы, не асханасы жоқ мектебі сияқты білім ошақтарын облыстық және қалалық білім бөлімі министрден бүгіп қалған сияқты.

Айта кету керек, делегация құрамында Күләш Шәмшидиновадан бөлек Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов болды. Олар Семейдің бірқатар нысандарында болып, қаланың жалпы жағдайымен танысып, Өскеменге аттанып кетті.

Фото: martebe.kz

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.