Шымкенттің  қоғамдық көліктеріне электронды билет жүйесі енгізіледі. Сонымен бірге мегаполисте муниципалдық автобус паркін құру көзделіп отыр.

Жалпы, Шымкенттің автобустарында электронды билет енгізу бұған дейін де қолға алынған болатын. Қалалық әкімдік осы бағытта оңтүстіккореялық компаниямен келісімге отырған. Бірақ оның реті келе қоймады. Енді осы іске «Shymkent» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы кірісіп отыр. Аталған корпорацияның басқарма төрағасы Рашид Аюпов қаланың Қоғамдық кеңесінде «Шымкент қаласының жолаушылар тасымалының жағдайын жақсарту бойынша ұсыныстар» тақырыбында баяндама жасады.

Қазіргі таңда Шымкент қаласында 27 көлік компаниясы жолаушылар тасымалымен айналысады, олардың тек 14-і ғана өз автобустарын пайдаланады, қалғандары жалдамалы автобустардың көмегін сүйенеді. Төрағаның айтуынша, қазіргі уақытта Шымкенттің қоғамдық көліктерінде жолаушыларға қызмет көрсету сапасының төмендігі, төмен мәдениет және жүргізушілердің көлікті дұрыс басқармауы, автобустардың жолаушыларды нормадан артық толтыруы, маршруттар кестесін сақтамау, маршрутқа тек «час-пик» уақтысында шығу, тиімді емес маршруттарға қызмет көрсетпеу сияқты проблемалар бар.

—  Электронды билеттеу жүйесін енгізу және муниципалдық автобус паркін пайдалануға беру бірқатар маңызды  мәселелерді шешуге мүмкіндік береді.  Мәселен, көлеңкелі айналымдағы табысты жою, ескірген қалалық автобустар паркін жаңарту, қалалық жолаушылар тасымалы қауіпсіздігі мен сервис деңгейін арттыру, қазіргі заманғы автобус паркінің өндірістік инфрақұрылымын құру, — деді Рашид Аюпов.

«Shymkent» ӘКК алдағы уақытта муниципалдық автобус паркін құру, субсидиялау қағидаларын әзірлеу және басқа шараларды қолға алып отыр.  Қоғамдық кеңес Рашид Аюповтың ұсыныстарын қолдады.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.