Қазақстан футболында былықтың көп екені жасырын емес. Өз ойын ашық айтатындар, тығылып әр жерде бір күңкілдеп жүргендер және іштен тынып сабыр сақтаушылар да жетерлік. Бірақ шыдамның да шегі бар.

Талдықорғанның «Жетісу» командасының бас бапкері Дмитрий ОГАЙ бұл жолы үнсіз қала алмады. Қазақстан премьер-лигасының 6-турында Қостанайда жергілікті «Тобыл» мен Огай жаттықтыратын «Жетісу» өзара кездескен болатын. Бұл матч 0:0 есебімен тең аяқталды.

«Жетісу» осы матчта қорғаныста сауатты ойнады. Өздері қарымта шабуылдан бір гол соқты. Онысын матчтың бас төреші Бақыт Қызылбаев есептемей тастады. Дмитрий Огай осыған күйіп кетті.

Ақтөбелік төрешінің шешімі бойынша, «қонақтар алаң иелерінің қақпашысына қасақана бөгет жасаған». Негізі, Мантас Куклис допты ойынға бұрыштан қосып, оны асқан шеберлікпен қақпаға тікелей түсіріп еді…

«Осындай деңгейі жоғары командамен кездескенде, жүйелі ойын қажет екенін түсінесің. Мен сіздерге мынаны айтайын: осымен екінші ойын қатарынан түсініксіз төрешіге тап болып отырмыз. Бұлай жалғаса берсе, футбол ойнаудың қандай мәнісі қалады? Онда 4 команда өзара чемпиондықты сарапқа салып, таласа бересің. Қалғанымыз қарап отырайық. Бәлкім, біреулерге осылай қызық болатын шығар. Алаңдағы төрешінің жұмысы ешқандай сын көтермейді. Егер команда жақсы ойнап тұрса, онда адал ойынымен жеңсің. Оған таласымыз жоқ. Басқа сұрақ та туындамайды. Ал қазір төрешілер бізді айыппұлмен қорқытады. Осыдан кейін бізде футбол қайдан болады? «Тобыл» онсыз да жақсы команда. Матч бойы басымдық көрсетті және төреші оларға жақтасумен болды. Қазақстан чемпионатында мұндай бассыздықты тоқтату керек. Мұның арты жақсылыққа апармайды. Мұндай эмоцияға толы ашу тек мені ғана емес, барлық бапкерлерді кернеп жүргені жасырын емес. Осыны шешу қажет. Өйткені, ел футболында не болып жатқанын бәрі жақсы біледі. Бір команданы құлағынан сүйреп тартудың не қажеті бар? «Астана», «Қайрат», «Тобыл», «Ордабасы» өзара чемпиондыққа таласа берсін. Қалғанымыз сырттан бақылағанымыз дұрыс шығар. Бірақ мұндай чемпионаттың не қажеті бар? Премьер-лиганың ойындар кестесін қарап шығыңыздар. Бір команда бірінші лигадан келген командамен бастайды, сосын аутсайдерлермен ойнайды. Осы да соқыр жеребе ме? Бұл әрине күлкілі! Бізді ақымақ көргісі келетіндер бар. Менің футболда жүргеніме көп жыл болды. Әлі де үндемей жүре берсек, бұл бассыздық жалғаса беретіне сенімдімін. Сондықтан шындықты айтуға тура келді», – дейді Дмитрий Огай.

Бұған дейін «Ордабасы» мен «Жетісу» арасындағы ойында да Талдықорған командасының таза голын төреші санамай қойған. Ал өткен турда «Оқжетпес» клубы «Тобыл» футболшысы екінші голды офсайдтан соқты деп зар илегені бар.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.