Жасыратыны жоқ, кезінде Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ та ана тілін жақсы білмейді деп сынға қалғандардың қатарынан болатын.

Бірақ, жазушының баласы бұл кемшілігін түзеп, соңғы жылдары мемлекеттік тілді тәп-тәуір меңгеріп, қазақ тілінде еркін сөйлей алатынын екі сағаттық емтиханда анық дәлелдеді. Иә, ҚР Президенттігіне «Nur Otan» партиясы ұсынған үміткер Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік тілді еркін меңгергенін анықтайтын лингвистикалық комиссия алдында емтихан тапсырды. Комиссия төрағасы Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақшасынан бір қате таппады.

«Өздеріңіз білесіздер, «Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бүгін келіп емтихан тапсырды. Екі сағаттың деңгейінде біздің ортамызда болды. Ережеге сәйкес емтихан тапсырды. Бірінші жазба жұмысының тақырыбы — «Абай Құнанбайұлының поэзиясы мен қара сөздері». Екінші мәтін оқуға Шерхан Мұртазаның «Мыңбұлақ» әңгімелер мен хикаяттар  жинағын таңдап алды. Үшіншісі ол кісінің жанына жақын «Қазіргі Қазақстанның геосаясаты» тақырыбы болды», — деді Мырзатай Жолдасбеков.

Комиссия мүшелері алдында Қасым-Жомарт Тоқаев әп-әдемі шығарма жазып, өзі қалаған әңгімені мәнерлеп оқып берді. Мырзатай Жолдасбеков қатты риза болғаны соншалық «Өткен жолғы президентіміз де осылай жазған еді» деп, Нұрсұлтан Назарбаевтың да емтиханды беске тапсырғанын еске алып өтті.

«Бір де бір қате көргеніміз жоқ. Өткен жолғы президентіміз де осылай жазған еді. Бірінші шығарма жазғанда Абайдың поэзиясы, қара сөздері, оның жалпы халыққа беретін маңызы туралы бүгінгі үміткеріміз терең толғаған. Өте әдемі жұмыс. Шерхан Мұртазаның «Мыңбұлақ» әңгімелер мен хикаяттар  жинағының үш бетін оқыды. Мәнерлеп, ырғағымен өте әдемі оқып берді. Ал «Қазіргі Қазақстанның геосаясаты» жайында кең толғады, терең сөйледі. Жалпы біздің лингвистикалық комиссияның берген қорытындысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мемлекеттік тілді толық, жан-жақты меңгерген»,- деді комиссия төрағасы.  

Осылайша Тоқаевқа Жолдасбеков «бес» қойды.

Коллаж: Жас Алаш

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.