Биыл қазақтың 3 бәйтерегі атанған Сәкен СЕЙФУЛЛИН, Ілияс ЖАНСҮГІРОВ пен Бейімбет МАЙЛИННІҢ 125 жылдығы. Алаштың ардақты ақын-жазушыларын қазақ халқы еске алып, мерейтойларын атап өтіп жатыр. Жетісу төрінде қазақ поэзиясының құлагері – Ілияс Жансүгіровтің 125 жылдығына орай ғылыми конференция ұйымдастырылды.

Поэзия Құлагері

Небәрі 44 жыл өмір сүріп, артында өшпес мұра қалдырған Ілияс Жансүгіровті әлем «Құлагер» поэмасы арқылы таныды. Бірақ, азғантай өмірінде 500-ге жуық әдеби туынды жазғанын көпшілік біле бермейді. Ғылыми конференцияға жиналған ғалымдар бірауыздан ақынның шығармалары жеткілікті дәрежеде зерттелмей жатқанын айтты. Қазір Талдықорғандағы Жетісу мемлекеттік университетінде Ілиястану орталығы жұмыс істеп тұр. Орталықтың алға қойған негізгі мақсаты — ақын шығармасы мен оған қатысты зерттеу еңбектерінің 40 томдығын басып шығару.

Поэзия Құлагері

Сайлау ҚОЖАҒҰЛОВ, І. Жансүгіров атындағы ЖМУ профессоры: «Ілиясты зерттеудің методологиясы қалыптасқан. Дегенмен, оның шығармашылығын тілдік тұрғыда, яғни, семантикалық ерекшеліктерін зерттеу жағы сәл ақсап тұр. Бір ғана “Жетісу суреттерінде” бүкіл өңірдің фауна-флорасын айтқан. Бұл шығармадағы өзен-су, өсімдіктердің, емдік шөптердің аттарын зерттеп, қолданысқа енгізуге болады. Қазір Семейде Шәкәрімтану орталығы бар. Алматыдағы ҚазҰПУ-де Абайтану орталығы бар. Сондықтан біз Ілиясты осындағы барлық студенттерге толық танытуымыз керек деген мақсат қойдық. Сондықтан Ілиястану орталығының қызметкерлері барлық мамандықтарға 1 семестр 2 кредитпен Ілиястану пәнін оқытады

Жиналғандар қазақ поэзиясында өзіндік із қалдырған ақынның сатира, публицистика және өзге де жанрдағы шығармалары оқырманға әлі де толық жетпей жатқанын айтты. Мәселен, “Бақытты Жамал” мен “Қуат” поэмалары сирек кездесетін қолжазбалар қорынан  былтыр ғана алынған екен. Яғни, 86 жыл өткен соң табылған. Ал, ақын шығармашылығының тілдік ерекшеліктері зерттеуге жеткілікті мән беріліп жатқан жоқ.

Поэзия Құлагері

«30-жылдары ең өнімді жазған екі қаламгер болса, соның бірі – Бейімбет, екіншісі – Ілияс. Оларға жаратушының берген дарыны шығар. Аз уақыт ішінде сондай жылдамдықпен 19 поэма, жүздеген шығарма жазып үлгерді. Жазба поэзияда Ілиястан асқан эпик ақын болған жоқ. Оның “Құлагер”, “Күйші” сияқты бір леппен құыйла салған поэма бізде әлі жоқ. Ұлыларды осындай айтулы мерейтойда ғана айтып, еске аламыз да содан кейін айтпай, жазбай кетеміз. Бұл — біздің кемшілігіміз. Ілястың шығармашылығы көп зерттелмеген. Оның сатирасы, лирикасы, публицистикасы мен 30-жылдары газет-журналдардағы фелетондары біршама. Осыларды жинақтап, зерттеу қажет. Өкінішке орай, қазір ұлы ақынның шығармалары оқырмандарға көбіне мектеп оқулықтары арқылы жетіп отыр. Егер Ілияс еңбектерін зерттеген ғалымдардың, оның өз еңбектерін жинақтап, басып шықса үлкен еңбек болар еді»,-дейді ақын Бауыржан ЖАҚЫП.

Ақынның мерейтойына туған-туыстары да жиналды.

Поэзия Құлагері

Фатима ЖАНДОСОВА, І. Жансүгіровтің немересі: «Ілияс Жансүгіров — қазаққа жарық пен үміт сыйлаған адам. Өмірі енді ғана басталған сәтте атылып кетті. Бірақ, аз уақытта жасаған еңбегіне мән беріп қарасаңыз мәңгілік бізбен жасап келе жатқанын көруге болады. “Құлагер” поэмасы неміс тіліне аударылды. Демек, оны әлем таныды деген сөз.»

Талдықорғанда 1984 жылы Қазақстан коммунистік партиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед ҚОНАЕВ пен Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ ашқан Ілияс Жансүгіров музейі бар. Мұнда ақынның өмірі мен шығармашылығына тікелей қатысты 6 мыңға жуық жәдігер сақталған. Жеке төлқұжаты мен немістің “Мерседес” жазу машинкасы да мұражайға тапсырылған. Ілияс Жансүгіров 1938 жылдың ақпан айында халық жауы деп танылып, атылған болатын. Араға 20 жыл салып, 1958 жылы ақталды.

Фотолар автордікі.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.