24-ші сәуір күні Жамбыл облысы Талас ауданындағы Д.Қонаев атындағы мектептің Аруай есімді 2-ші сынып оқушысының жоғалып кеткені жайлы ақпарат тараған еді. Анасының айтуынша, би үйірмесіне кеткен қызы үйіне қайтып оралмаған. Қызының кешіккеніне қобалжыған анасы шарқ ұрып іздеп таппаған соң, полицияға арызданған. Құрамында тәртіп сақшылары, төтеншеліктер, мектеп мұғалімдері және еріктілер бар жетпіске жуық адам шағын шаһарды түгел тінтіп, ақыры аудан орталығы Қаратау қаласының маңынан өртенген мәйітті тапқан.

Қазіргі таңда денесінің сау-тамтығы қалмай жанып кеткен мәйітке арнайы сот сараптамасы жүргізіліп жатыр екен. Алайда, жоғалған қыздың анасы күйіктен қалған көйлек қызынікі екенін растапты. Бұл жантүршігерлік оқиғаны істеген азғын алдымен өрімдей қызды зорлап, артынша өлтіріп, өртеп жіберген болуы мүмкін. 

Жамбыл облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Арман ОРАЗАЛИЕВ бұл іс тікелей Ішкі істер министрі мен Жамбыл облысы әкімі Асқар МЫРЗАХМЕТОВТЫҢ қатаң қадағалауында екенін айтты.

 «Анықталғандай 2010-шы жылы туылған Аруайды бимен шұғылдануға үнемі атасы алып барып жүрген. Алайда, сол күні ол үйіне жалғыз қайтқан. Бүгін сағат 11 шамасында кәмелетке толмаған Аруайды іздестіру барысында Қаратау қаласы маңынан белгісіз біреудің мәйіті табылды. Анасы мәйіттің киім қалдықтарынан  қызынікі екенін болжады. Барлық ата-аналарға балаларын қараусыз қалдырмауды сұраймын. Олар жоғалып кетуі немесе қылмыстық қол сұғушылықтың құрбаны болуы мүмкін», —  деді Арман ОРАЗАЛИЕВА, Жамбыл облыстық ішкі істер департаментінің бастығы.

Фото: thelearnedpig.org         

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.