Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Семейге келген сапарында қала активімен жиын өткізіп, бірқатар мәселенің бетін ашты.  Облыс әкімі Даниал Ахметов пен қала әкімі Ермак Сәлімовтің «төбесінен қарайтын төрдегі» келсе, «Қарағайлыға» жетелей жөнелетін әдетінен бұл жолы да жаңылған жоқ. Шындығында қазір көшелерінің көркі қашып, асфальт жолдарының астаң-кестең тұстары көп қаланың әлеуметтік проблемасы да шашетектен. Өңір басшылары жаманын жасырып, жақсысын асырып жеткізуге тырысқанымен, Тоқаев аса жіби қойған жоқ. Тіпті, қаланың беткеұстары санатындағы бірқатар қаймақтары қатысқан жиында сөз алған Арап Еспембетов, Сәуле Жұмашқызы майын тамыза мақтауын келтіргенімен, «Мені ұлықтаудың қажеті жоқ. Тапсырма беріңіздер» деп төтесінен қайырып, төбесінен қойып қалды.

Бір байқалғаны Қасым-Жомарт Тоқаев семейліктермен кездесуге әбден дайындалып шығыпты. Сөзін Абай мұрасын ұлықтап, ұрпақ санасына сіңіруге шақырудан бастаған ол алдағы жылы ақынның 175 жылдығын республикалық көлемде атап өту керектігіне тоқталды. Қазақ үшін ұлы Абайдың қадір-қасиеті қаншалықты екенін президент айтпаса да біліп отырған жұртшылық оның әкесі Құнанбайдың тарихи бағасын таныту туралы ойына іші жылып қалды. Президенттің сөз емеуірінінен байқағанымыз-алдағы жылы Абаймен қатар әкесінің есімін паш етуге де көңіл бөлінеді.

Семейді тілге тиек еткенде, ядролық полигон ошағын ешкім айналып өте алмайтыны анық. Нұрсұлтан Назарбаевтың Семей ядролық полигонын жабудағы еңбегі дүниежү.зіне үлгі болғанынан тоқталып, жаттанды ойын жалғастырғанымен, Қасым-Жомарт Кемелұлының полигон заардабының әсері әлі де бар екендігін мойындағаны да көпшіліктің ойынан шықты. Яғни, жергілікті халық әлдеқашан қол үзіп қалған ядролық полигоннан зардап шекккендердің әлеуметтік кепілдігін жыл соңына дейін анықтап, тиісті көмегін жандандыруға күш салатыны елдің үмітін оятты.

— Семейде және осы өңірге қарасты ауылдарда 1300-ден астам мүмкіндігі шектеулі бала бар. Қажетті жағдай жасалмаған тар ғимаратта орналасқан оңалту орталығы бір уақытта 35 бала ғана қабылдай алады. Бұл – шындық. Мұндай жағдай мүлде сын көтермейді. Облыс әкіміне мәселені дереу қолға алып, тиісті шаралар қабылдауды тапсырамын, – деді президент.

Жағдайды бес саусақтай білетіндігін осылай аңғартқандай болған мемлекет басшысы салынғанына неше жыл өтсе де миллиардтаған қаржыларға шетелден әкелінген медициналық құрал-жабдықтары әлі күнге дейін қосылмаған Семейдегі ядролық медициналық орталық құрылысын да назардан тыс қалдырған жоқ. «Орталықтььың құрылысы әбден созылып кетті. Бұл тиісті мемлекеттік органдардың адам тағдырына соншалықты селқос қарап отырғандығын көрсетеді» деген Қ. Тоқаев бұл тұрғыдағы айтыс-дауды тоқтатып, мәселені қысқа мерзім ішінде де шешуді облыс әкімі Даниал Ахметовке қатаң тапсырды.

Осылайша әп-әйбәт сөздерімен тамаша әсер қалдырып отырған Тоқаевтың кенеттен АЭС салуға қатысты білдірген пікірі тосын көрінді. Мемлекеттің басқару тізгіні қолына тиісімен шетелге сапарын Ресейден бастаған Тоқаевты қабылдаған кезде В. Путиннің Қазақстанда Атом электр стансасын салу керектігін айтып қалғаны белгілі. Оған қарсылық көзқарас бірден қалыптасып, халықтың жүйкесіне тигені мәлім. Дәл осы күйіп тұрған жайды атом сынағын бастан өткерген семейліктердің алдында не үшін қозғағанын кім білсін, уақытша президент жұрт қажет етпесе де айтар ойын айтып қалды.

Бұл – күрделі мәселе. 2030 жылы Қазақстанда электр энергиясының жетіспеушілігі байқалуы мүмкін. Сондықтан, осы мәселені қазір шешуіміз қажет. Дегенмен, көпшіліктің пікірін ескермей, атом электр станциясын салу туралы шешім қабылдауға болмайды. Бүгінде бұл станцияның қауіпсіздігін қамтамасыз ете алатын көптеген технология бар. Сонымен қатар, АЭС жаңа жұмыс орындарын ашып, Қазақстанның энергетикалық дербестігін қамтамасыз ете алатынын ескерген жөн, – деп салды Қасым-Жомарт Тоқаев.

Фотоны автор ұсынды.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.