Катар астанасы Доха қаласында жеңіл атлетикадан Азия чемпионаты аяқталды. Қазақстан жалпы саны 8 медаль жеңіп алды.

Биылғы құрлық біріншілігіне 44 елден 700-ге жуық спортшы қатысты.Олар 186 медаль жиынтығын сарапқа салды.

Азия чемпионатының алдында құраманың бас бапкері Григорий Егоров 8 медаль алуды жоспарлап отырғанын, оның ішінде үшеуі алтын болуы тиіс деген болатын. Шынымен де, Қазақстан артық-кемсіз 8 медальға иелік етті. Алайда, алтыны біреу ғана…

Егоров сенім артқан үштік: Ольга Рыпакова (үш қарғып секіру), Иван Иванов (ядро серпу) және Маргарита Мұқашева (800 метрге жүгіру). Бірақ үшеуі де Дохада чемпион атанған жоқ. Рыпакова тіптен жарақатына байланысты жарыс жолына шықпады.

«Азия чемпионатынан бас тартуға мәжбүр болдық. Әрине, өкінішті. Чемпионат қарсаңында Түркияда өткен оқу-жаттығу жиындарында аздаған жарақат алдым. Дохаға келген соң дәрігерлер мұны растады. Айтарлықтай қорқынышты емес. Тіпті, жарысқа қатысуға да болар еді. Бірақ жарақатты одан әрі ушықтырып алмау үшін осындай шешім қабылдадық. Өйткені, маусым енді ғана басталды, сол себепті, алдағы әлем чемпионатына дайындалу қажет», — дейді Рыпакова.

Ал Иван Иванов ядро серпуден 19.09 метрмен қола медальмен шектелді. Сөйтіп, Бхубанешвардағы осыдан екі жыл бұрынғы нәтижесін қайталады. Бірақ тағы да 20 метрлік қашықтықты бағындыра алмады.

Екі дүркін жазғы Азия ойындарының чемпионы Маргарита Мұқашева 800 метрге жүгіруден бұл жолы мәреге үшінші келді.  Оның уақыт көрсеткіші – 2:03.83.

Осы Азия чемпионатындағы жалғыз алтынды спринтер Ольга Сафронова еншіледі. Виктория Зябкинаның үзіліс алуын тиімді пайдаланған Сафронова 100 метрге жүгіруден  алдына жан салған жоқ. Ол аталған қашықтықты 11:17 секундта кесіп өтіп, құрлық додасының жаңа рекордын орнатты. Ольга бұл көрсеткіші арқылы 2019 жылы өтетін әлем чемпионатына жолдама алды. 

«Техникалық тұрғыда барлығын сауатты істеп, стартты сәтті бастау міндеті тұрды. Дегенмен, көрсеткішім осындай болады деп күтпедім. Маусымның басында-ақ мұндай нәтиже көрсетемін деп ойламадым – 11.17. Бірақ медаль үшін бәрін жасадым. Жеткен жетістігіме қуаныштымын. Тағы бір нәрсені айта кетейін, соңғы ота жасалғаннан кейін араға 1,5 жыл салып өз-өзіме келе бастадым. Бұрынғы бабыма жайлап оралудамын. Қазіргі кезде жаттығуда жүктелген тапсырманы орындай алатын шамадамын, – дейді Ольга Сафронова. 

Ал 200 метрге жүгіруден Сафронова мәреге екінші келді. Оның уақыт көрсеткіші – 22.87.

Жалпы, осы Азия чемпионатынан 27 жастағы спортшы үш медаль жеңіп алды. Үшіншісін командалас әріптестерімен бірге 4х100 метрлік эстафетадан еншіледі. Команда құрамында Ольга Сафроновадан бөлек, Светлана Голендова, Рима Кашафутдинова, Элина Михина жүгірді.

Осы Азия чемпионатында 400 метрге жүгіруден Михаил Литвин Қазақстан рекордын жаңартты. Ол өзі былтыр Алматыда Ғ.Қосанов Мемориалында 34 жыл бойы сақталған рекорд өзгеріс енгізген болатын.

2018 жылға дейін 400 метрге жүгіруден Қазақстан рекорды Александр Курочкинге тиесілі еді. Бұл спортшы 1984 жылы аталған қашықтықты 45.52 секундта жүгіріп өткен. Литвин соны былтырғы жылы 2 секундқа жақсартты. Ал Азия чемпионатында Солтүстік Қазақстан облысының былтырғы рекордын тағы екі рет өзгертті.

Алдымен, жартылай финалда мәреге 45.38 секундтта жетті. Ал финалда тағы 0,13 секундқа жылдам жүгіріп, Қазақстан рекордын бір турнирде екі рет жаңартып үлгерді (45.25). Алайда, Литвин үшін Қазақстан рекордын жаңарту да алтын алуға жеткіліксіз болды. Ол қола жүлдемен шектелді.

Дегенмен, ол 2019 жылғы әлем чемпионатына қатысуға мүмкіндік беретін нормативті орындады. Қыздардан осы қашықтықта жүгірген Элина Михина екінші орынға қол жеткізді. Риддер қаласының тумасы аталған қашықтықты 53.18 секундта жүгіріп өткен. 

Әзірге, Михина және өзге де сары құрлық жеңіл атлеттеріне бұл қашықтабахрейндік Сальва Насерге (51.34) жақындау мүмкін емес болып тұр. Ал тағы бір қазақстандық атлет Светлана Голендова бесінші орынды қанағат тұтты.

Жеңіл атлеттерден бізді қуантқан спортшылардың бірі – биіктікке секіруші Надежда Дубовицкая болды. Шынымен де, 20 жастағы спортшы қыздың соңғы жылдары көрсеткіші жақсарып келеді. Былтыр, 1.85 метрмен Азия ойындарында қола жүлдеге ие болғаны бар еді. Осы жолы Азия чемпионатында екі өзбек қызының ортасына түсіп, күміс медаль жеңіп алды. Дубовицкая Дохада жеке рекордын екі рет жаңартты. Алдымен, ол 1.86 метрді сосын 1.88 метрге секірді.

Бас жүлдеге 1.90 метрге секірген Надия Дусановға иелік етсе, үштікті тағы бір өзбекстандық Светлана Радзивил түйіндеді.

Айта кетейік, биылғы жылы әлем чемпионаты да осы Доха қаласында 28 қыркүйек пен 6 қазан аралығында өткізіледі.

Азия чемпионаты – 2019 (Доха).

Қыздар

100 метрге жүгіру:

1. Ольга Сафронова (Қазақстан) – 11.17

2. Сяоджин Лианг (Қытай) – 11.28

3. Йонгли Вей (Қытай) – 11.37

200 метрге жүгіру:

1. Сальва Насер (Бруней) – 22.74

2. Ольга Сафронова (Қазақстан) – 22.87

3. Дути Чанд (Үндістан) – 23.24

400 метрге жүгіру:

1. Сальва Насер (Бруней) – 51.34

2. Элина Михина (Қазақстан) – 53.19

3. Поовамма Мачеттира (Үндістан) – 53.21

5. Светлана Голендова (Қазақстан) – 53.83

800 метрге жүгіру:

1. Гомати Маримуту (Үндістан) – 2:02.70

2. Чинью Ванг (Қытай) – 2:03.83

3. Маргарита Мұқашева (Қазақстан) – 2:03.83

1500 метрге жүгіру (финал):

7.Татьяна Нерознак (Қазақстан) 4:21.48

100 метрге кедергілер арқылы жүгіру  (финал):

8. Әйгерім Шыназбекова (Қазақстан) – 13.50

400 метрге кедергілер арқылы жүгіру

1. Ти лан Квач (Вьетнам) – 56,10

2. Аминат Юсуф Джамал (Бруней) – 56,39

3. Саритабен Гаяквад (Үндістан) – 57,22

5. Аделина Ахметова (Қазақстан) – 57,92 – жеке рекорды

Биіктікке секіру:

1. Надежда Дусанова (Өзбекстан) – 1,90

2. Надежда Дубовицкая (Қазақстан) – 1,88

3. Светлана Радзивил (Өзбекстан) – 1,88

Үш қарғып секіру:

4. Ирина Эктова (Қазақстан) – 13.40

3000 метрге жүгіру (финал):

11.Татьяна Нерознак (Қазақстан) 10:25.56

4х100 метрлік эстафета

1. Қытай – 42,87

2. Қазақстан (Кашафутдинова, Михина, Голендова, Сафронова) – 43,36

3. Бахрейн – 43,61

Ерлер

100 метрге жүгіру:

24. Дамил Сутжанов (Қазақстан) – 10.68

28. Александр Каспер (Қазақстан) – 10.80

400 метрге жүгіру:

1.Юсеф Карам (Кувейт) – 44.84

2. Аббас Абубакер (Бруней) – 45.14

3. Михаил Литвин (Қазақстан) – 45.25 – Қазақстан рекорды

110 метрге кедергілер арқылы жүгіру (финал):

6. Давид Ефремов (Қазақстан) – 13.83

110 метрге кедергілер арқылы жүгіру (іріктеу):

13. Дмитрий Коблов (Қазақстан) – 51.69

Ядро серпу

1. Пал Тоор (Үндістан) – 20.22

2. Джисян Ву (Қытай) – 20.03

3. Иван Иванов (Қазақстан) – 19.09

Биіктікке секіру (іріктеу)

16. Антон БОДНАР (Қазақстан) – 2,00

Сырықпен секіру

8. Сергей Григорьев (Қазақстан) – 5.51

9. Данил Полянский (Қазақстан) – 5.31

4х100 метрлік эстафета

Қазақстан (Виталий Земс, Дамил Сутжанов, Сергей Руссак, Александр Каспер) – мәреге жетпеді.

4х400 метрлік аралас эстафета

1. Бахрейн – 3:15.75

2.Үндістан – 3:16.47

3. Жапония – 3:20:29

4. Қазақстан (Михина, Голендова, Соколев, Литвин) – 3:20.73

Фотоларды автор ұсынды.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.