Үш облыстағы ауылдардың жартысына жуық халқына ауыз су жетпей отыр. Мәселе шешіле ме?

Шөл далада тұрмасақ та, Қазақстанда толық шешілмей келе жатқан мәселе – ауыз су. Жуырда ғана Сенат төрағасы Дариға Назарбаева Қазақстан халқын ауыз сумен қамтуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаны сынға алған болатын.

Дариға Назарбаеваның айтуынша, тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның өңірлерін таза ауыз сумен қамтуға бас-аяғы 540 млрд теңге бөлінген екен. Бірақ, сенат спикері бұл ақша бөлінбегендей, көптеген аймақтар әлі де таза ауыз суға қол жеткізе алмай отыр деген болатын.

«540 млрд теңге бөлінген. Она неге көптеген елді мекендер әлі күнге дейін таза ауыз су іше алмай отыр. Бағдарлама «Бермурд үшбұрышы» (Атлант мұхитындағы кемелер мен ұшақтар құпия құбылыстардың кесірінен із-түзссіз жоғалып кететін аумақ-мыс) сияқты, бөлінген қаржы із-түссіз жоғалып жатқан сияқты», — деген еді Назарбаева.

Ал, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне қарасты Құрылыс және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетовтің айтуынша, ауыз су мәселесі өзекті, дегенмен, рет-ретімен шешімін тауып жатыр.

— Қазақстанда 16,5 млн адам немесе халықтың 90,2% орталықтандырылған суға қосылды. Халықты ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында Nur Otan партиясының съезінде Елбасы міндеттеген тапсырма бойынша биылдан бастап халыққа ауыз су жеткізу үшін қосымша жыл сайын 20 млрд теңгеден, жалпы 140 млрд теңге бөлінеді. Бұл қаражаттың 15 млрд теңгесі республикалық бюджеттен, 5 млрд теңгесі жергілікті бюджеттен бөлінеді, — деді Мархабат Жайымбетов ауыз су мәселесіне арналған баспасөз мәслихатында.

Комитет төрағасының айтуынша,  2019 жылы республикалық бюджеттен 411 жобаны іске асыру үшін 126,5 млрд.теңге бөлу қарастырылған. Бұл ақшаның басым бөлігі, дәлірек айтсақ, 71,5 млрд теңге ауылдарға, 55 млрд теңге қалаларға бағытталады.

Ауыз су арман болған ауылдар

Дегенмен, Мархабат Жайымбетов халықты сапалы ауыз сумен қамтуға бағытталған мемлекеттік бағдарлама үзіліссіз жүзеге асып жатса да, ауыз су арман болған аймақтар әлі де бар дайды. Ол ауылдарға таза су жетпей отырған негізгі облыстарды атады.

— Жобалардың тиімді әсеріне, жалпы, республика бойынша таза ауыз су деңгейінің көрсеткіші артып келе жатқанына қарамастан, кейбір жекелеген аймақтарда халықты ауыз сумен қамтуда теңсіздік орнап отыр. Ауылдық жерлерге таза ауыз су тарту көрсеткіші ең төмен облыстар, ол — ауылдардың 29,7 %-ында таза ауыз су жоқ Павлодар, 31,4%-бен Қостанай және ең ауыл халқының жартысына жуығы (46%)) таза ауыз суға қол жеткізбеген Батыс Қазақстан облыстары, — дейді Мархабат Жайымбетов.

Ал, қалалардағы халықтың орталықтандырылған таза ауыз сумен қамтылу деңгейі ең төмен облыстар, ол — Жамбыл облысы мен Ақмола облысы. Екі облыста да қала халқының орталық каналға қосылмау деңгейі — 86%.

Естеріңізге сала кетейік, «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жолдауын орындау үшін ауылды жерлерді сумен жабдықтауға 100 млрд теңгеден астам қаражат бөлініп, оның ішінде республикалық бюджеттен министрлік арқылы ауыл ішіндегі жүйелерге –69,6 млрд теңге қарастырылған болатын.

Бұл қаражат 122 ауылды орталықтандырылған сумен жабдықтау желілерін салуға, қосымша 300 мыңнан астам адамды ауыз сумен қамтамасыз етуге, 5,5 мың шақырымнан астам желілерді салуға және қайта жаңартуға мүмкіндік берген.

2018 жылы ауылды жерлерді сумен жабдықтау бойынша 6 499 ауылдың ішінде 3892 ауыл немесе еліміздегі ауылдардың 59,9%- ауыз сумен қамтылған. Қазіргі мәлімет бойынша, Қазақстанда ауыл халқының 84,4% немесе 6,5 млн. адам орталықтандырылған суға қол жеткізді.

Фото: zhaikpress.kz

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.