2019 жылы Кентау қаласында екі жыл ішінде 900 отбасы баспаналы болады. Биылғы жылдың аяғына дейін 300-ге жуық отбасына пәтер берілсе, келер жылдың еншісінде 600-ден астам, жиыны 900 пәтер пайдалануға берілмек.

Түркістан облыстық әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазір әрқайсысы 60 пәтерлі 5 тұрғын үйдің құрылысы аяқталып келеді. Анығында, құрылыс жұмыстары түгелге жуық біткен, ендігі шаруа – абаттандыру төңірегінде. Бұл жайында облыстық баспасөз қызметі:

«Бүгінгі таңда қалада 5 қабатты әрқайсысы 60 пәтерлі 5 тұрғын үй аяқталуға жақын. Кентаудағы тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстары толығымен аяқталып, бүгінгі таңда ауланы абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, Сейфуллин көшесіндегі  №116 тұрғын үйінің бүгінгі таңда ішкі әрлеу, сылақ жұмыстары жұмыстары жүргізілуде. Ал Қонаев көшесіндегі  №44А тұрғын үйдің құрылысы бойынша бүгінгі таңда 4-қабаттың қабарғаларын көтеру жұмыстары жүруде. Аталған тұрғын үйлерде 1 бөлмелі – 15 пәтер, 2 бөлмелі – 15 пәтер,  3 бөлмелі – 30 пәтер бар», — деген ақпарат берді.

Демек, қазірдің өзінде нақты 300 пәтер пайдалануға берілуге дайын деген сөз. Бұл үйлердің құрылысы 2018 жылы басталған. Бес қабатты, алпыс пәтерлі 7 үйдің құрылыс жұмыстары басталып, былтыр соның екеуі пайдалануға берілген. Ал, қазір құрылысы аяқталып тұрған 5 үйге кіретін 300 отбасы былтыр үй алған 120 отбасының жалғасы деуге болады. Былтыр қала әкімі Әбдібақыт Мақұлбаев жалпы көлемі 7294 шаршы метр үйдің ашылу салтанатында 2021 жылдың аяғына дейін 42 көпқабатты тұрғын үй салынатынын айтқан.

— Бес тұрғын үйдің құрылысы келер жылға өтпелі. 2019 жылы 300 отбасына пәтер беріледі. Одан бөлек, 15 тұрғын үйдің жобалық- сметалық құжаттамаларын әзірледік. Бюджеттің қаржыландыруына байланысты, көпқабатты тұрғын үй салу жұмыстарын алдағы уақытта да жалғастыратын боламыз. 2021 жылдың соңына дейін 42 көпқабатты тұрғын үй саламыз деген жоспарымыз бар. Нәтижесінде пәтер кезегінде тұрған көптеген қала тұрғындарының баспана мәселесі шешіледі, – деген қала әкімі.

Әзірге, әкім айтқан сөз жоспар бойынша келе жатқанын айта кету керек. Былтыр 2 тұрғын үй, биыл 5 тұрғын үй болса, қазір дәл осы көрсеткіш бойынша (5 қабатты, 60 пәтерлі) 10 тұрғын үйдің құрылысы басталды. Бұл құрылыс жұмыстары жүріп жатқан 10 тұрғын үйдің (жалпы көлемі 33 470 шаршы метр) құрылысы келер жылы аяқталып, пайдалануға берілуге тиіс.

Былтыр бұл үйлерден бөлек қалада жас мамандарға арналған қызметтік үш үйдің құрылысы жүріп жатқаны айтылған. Үш үйдің біреуі қалада, екеуі Байылдыр мен Хантағы ауылдарында бой көтермек.

Жалпы, Кентау қаласында тұрғын үй салу жұмысы енді ғана екпінді жүріп жатыр деуге болады. 2015 жылы 60 пәтерлі жалғыз тұрғын үй беріліпті. Содан араға екі жыл салып, үшінші жылы ғана екі тұрғын үй берілген. Биылғы, келер жылғы көрсеткіштерді негізге алсақ, кезекте тұрған қала тұрғындарының үймен қамтылуы алдағы уақытта талапқа сай шешіледі деп күтуге болады. Бұл пәтерлердің басым көпшілігі «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынып жатқанын да айта кету керек. Оның ішінде «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі», «7-20-25» бағдарламасы арқылы пәтер беру де қарастырылған.

Күні кеше Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев «Тұрғын үй құрылысы бойынша әкімшілік-іскерлік орталығында жалпы 2351 пәтер, 135,6 мың шаршы метр, 52 тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 660 пәтер маусым айында пайдалануға беріледі. 7-20-25 бағдарламасы аясында тамыз айында 336 пәтер пайдалануға беріледі. 540 пәтер желтоқсан айында, ал жеке инвесторлар арқылы 815 пәтер құрылысы жүргізіліп жатқанын» айтқан болатын.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.