Қарағанды облысында биыл облыстық және республикалық маңызы бар жолдармен қоса аудан, қалалардағы жолдар ретке келтірілетін болады.

Биылғы жылы Қарағанды облысы аумағында мың шақырымнан астам автокөлік жолдарын жөндеп, ретке келтіруге 47 млрд теңге қаражат бөлінген. Бүгінде «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы мен «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында өңірде бірқатар жолдарды жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Қазіргі уақытта Бұхар жырау ауданына қарасты «Новодолинка-Шахан-Молодецкое» автокөлік жолындағы 17 шақырым жол бөліктеріне реконструкция жасау жүргізіліп жатыр. Бұл жұмысты шенеуніктер жоба бойынша 2020 жылға қарай тәмамдаймыз деп отыр. Абай және Ақтоғай аудандары аумағындағы Қарабас –Жартас-Долинка мен Ақтоғай-Балқаш тас жолдарының 38 шақырым аумағына күрделі жөндеу жұмыстарын жасау аяқталуға таяп қалған.

Сонымен қатар, Қарағанды облысы әкімінің тапсырмасымен серіктес қалаларды облыс орталығына қосып тұратын Қарағанды-Саран-Шахтинск жолдарының  ойылып қалған проблемалы тұстарына барлығы 19 шақырым жол бөлігін жөндеу назарға алыныпты. Қазіргі уақытта мемлекеттік тапсырыс бойынша бұл жұмыстарға кірісу үшін конкурстық жұмыстар атқарылып жатқан көрінеді. Бір айта кетер жайт, өңірде Қарағанды қаласының жолдарын  жөндеуге көңіл бөлінуде. 2016-2018 жылдар аралығында облыстық бюджеттен Қарағанды қаласының жолдарына бөлінген трансферт көлемі 16,6 млрд теңгені құраған. Ал осы уақытта қалған аудан мен қала жолдарына 10,7 млрд теңге бөлініпті.

Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов «аймақта жөнделіп жатқан жолдардың сапасына қатты көңіл бөлінуі қажет», деп жол жөндеуді қолға алған жауапты тұлғаларға тапсырма берді.

«Жолдың жөнделуін ол қалай төселеді ,бұл жұмыстар қалай атқарылады, осының бәрін қадағалау үшін қоғам өкілдерін, депутаттарды кірістіру керек. Қадағалау мықты болмаса жолға кеткен ақша желге ұшқанмен бірдей болады. Жол жөнделген кезде оның сапалы болуын міндетті түрде алдыңғы орынға қойған дұрыс», — деп мәлімдеді облыс әкімі Ерлан Қошанов.

Бір айта кететін жайт, биыл облыс аумағында жөнделетін жолдың сапасын жаңа мекеме, яғни, жол активтерінің ұлттық сапа орталығы қадағалайтын болады. Бұл мекеменің штатында 25 маман жұмыс жасайды. Мұндағы мамандар күн сайын жөндеу жүріп жатқан жол участоктеріне барып, техникалық норма бойынша тексеріп отырады.

Жол жөндеу жобаларына қатысты биылғы жылы облыс орталығындағы Республика даңғылы мен Тәттімбет көшесін қосатын жолдың құрылысы аяқталатын болады. Сондай-ақ, жаңа екі жолдың құрылысы басталады, мұның бірі – қаланың сыртындағы айналма жол болса, екіншісі көтерме тарату логистикалық орталығына апаратын жол болмақ. Шенеуніктердің айтуынша осы жолдарды салу қала ішіндегі көлік ағынының азайуына сәл де болса септігін тигізеді. Бүгінде облыс аумағында өңірлерді дамыту бағдарламасы бойынша жол жөндеу жұмыстары қызу қарқынмен басталып кеткен.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.