Оңтүстік Кореяның астанасы Сеул қаласында Қазақстанның мәдени аптасы басталды. Бір апта бойы Қазақ елінің мәдениеті мен салт-дәстүрі, тарихы насихатталатын көлемді бағдарламаны Қазақстанның Оңтүстік Кореядағы елшілігі мен Корея-Орталық Азия ынтымақтастық форумының хатшылығы бірлесіп ұйымдастырған.

Бір қызығы апталықтың ашылуы кезінде Корея президенті Мун Чже Ин Қазақстанға сапарлап жүрген. Ұйымдастырушылар Қазақстан апталығын осы сапарға арнайы туралағанын айтады. Олардың сөзіне қарағанда, екі ел басшылары Қазақстан астанасында кездесіп, экономикалық ынтымақтастық бойынша келіссөздер жүргізіп жатқанда, Сеулдік тұрғындар қазақ мәдениетімен танысып жатады…

— Мун Чже Ин президенттің Қазақстанға сапарына орай, біз қазақ дәстүрлері мен мәдениетін көрсетіп, осындай мереке ұйымдастырдық. Шараға қонақтар көп келді. Сондықтан олар Қазақстан туралы көбірек білгісі келеді деп айтуға болады, — дейді Лим Чхоль Ву, Корея-Орталық Азия ынтымақтастық форумы хатшылығының директоры

Сеул тұрғындары алдымен қазақтың өнері – әні мен биін тамашалауға мүмкіндік алды. Апталықтың ашылу салтанатына Сеулдегі қазақ диаспорасы мен студенттер қатысты.

Сеулдегі Қазақстан апталығы қарсаңында кәрістер қазақтың ұлттық киім үлгісі, сән үлгісін тамашалай алады. Бұл сән үлгісінің бәрінде қолдан жасалған киім үлгілері көрсетіледі деп күтілуде.

Жалпы, кәрістер қазақ халқы үшін аса бөтен ел емес. Бір заманда тарихи отанынан ауып, Қазақстанға жер аударылып келген кәрістер бұл күнде Қазақстанды отаным деп санайды. Тіпті, осы жақта тұрақтап қалғандар да аз емес. Қазақ халқына алғыс айтатын, қиын жағдайда келгенде алдындағы малын, дастарқанындағы асын бөліп берген қонақжай халық туралы бұл жаққа келмеген кәрістер де жақсы біледі. Осының нәтижесінде екі ел арасындағы сауда-экономикалық қана емес, рухани-тарихи байланыс біршама дамыған. Осы қарым-қатынасты дамыта түсу үшін кезінде қазақ жеріне ауып келген кәрістер мен қазақтар арасында алғашқы байланыстар туралы түсірілген «Жерұйық» фильмі көпшіліктің көңілінен шыққаны белгілі. Апталық аясында кореялық көрермендердің назарына осы «Жерұйықпен» қоса «Жаңғақ тал» фильмдерін ұсыну да жоспарда бар.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.